Internews Қазақстан қалаларында жастарды медиасауаттылыққа үйрету тренингтерін өткізетін волонтерлерді дайындады.
«Нарисуйте собачку» (тікелей аудармасы: «иттің суретін салыңыз» — ред.),-деп өтінді тренер. Қатысушылардың кейбірі алдында жатқан қағазына иттің сүйкімді тұмсығын бейнелесе, ендібіреулері әлемге әйгілі @ таңбалы электронды хат символын салып шықты. Бұл біздің ақпаратты әрқалай қабылдайтынымызды көрсететін қарапайым ғана сынақ. Оңай тапсырмадан қиынына өтейік. Ақпаратты жалған ақпараттан (дезинформация) қалай ажыратамыз, фейк жаңалық немесе шын жаңалық екенін қалай анықтаймыз, «өшпенділік тілі» дегеніміз не және әлеуметтік желідегі этикалық нормалар қандай?
Тренингті ғалымдар, мұғалімдер және коммуникация саласында қызмет ететін мамандардың басын қосқан Қазақстан коммуникативтік қауымдастығының директоры Бағила Ахатова мен тәжірибелі журналист-зерттеуші, волонтерлер оқып-үйренген осынау әдістеменің авторы Асель Джанабаева жүргізді. Тренерлер кәсіби қызметі барысында ашық деректерді қолдана отырып ақпараттық ресурс қайда тіркелгенін, медианың иесі кім екенін және тағы басқа сауалдарың жауабын тапқандарын мысалдарымен келтіріп, көрсетті.
Тренерлерге арналған тренинг – медиасауаттылық бойынша үлкен оқыту жобасының бастамасы. Аталған жоба Алматыдағы АҚШ-тың Бас консулдығы, Америка бұрыштары, USAID агенттігі және Internews халықаралық ұйымының Қазақстандағы өкілдігі арасындағы серіктестіктің арқасында өткізіліп жатыр.
«Тренерлерді дайындау тренингі АҚШ үкіметінің осынау әлеуметтік желілердің қарқынды дамып келе жатқанында ақпаратты таңдап-талғап жұта білуі үшін халықтың медиасауаттылығын көтеруге негізделген. Әрқайсымыз заманауи медиаортаны түсініп, заңдылықтарын білуіміз аса маңызды.
Адамдардың белсенді азаматқа айналуына қажет екі дағды бар: Біріншісі, сыни пайым, екіншісі өз болмысын көрсетуі
— Медиасауаттылық осы екі дағдыны да дамытады,-деп атап өтті АҚШ-тың Алматы қаласындағы Бас консулы Эрик Майер.
Тренинг қатысушылары — студенттер және ЖОО магистранттары, бизнесін енді бастаған бизнесмендер, азаматтық белсенділер және журналистерден құралған.
Адель Абенова – болашақ дәрігер. Ол студент кезінде өндірістік іс-тәжірибеден өтіп жүріп, тексерілмеген ақпараттың қандай көп зиян әкелетіне талай мәрте куә болыпты.
«Мамасы пневмонияның асқынған формасымен ауыратын баласын бізге әкелді. Сөйтсек, ол баласын емдеуге қатысты барлық ақпаратты интернеттен қарап, сол арқылы баласын үйінде емдеген болып шықты. Егер де дер кезінде мамандарға әкеліп, қаратқанда, онда мұндай диагноздың алдын алатын еді. Адамдар интернеттегі дәрі-дәрмекке қатысты жазылған оқиғалардың көбіне, соның ішінде әсіресе қай дәрінің жақсы әрі арзан әрі тиімді екеніне шын сенеді. Солай болмаса да сенеді. Мен адамдарға бәріне бірдей сене беруге болмайтынын түсіндіріп, соған үйреткім келеді».
Тренинг қатысушыларының бірі полицей екені тосын көрінеді. Бағлан Айдаров – Шымкент қаласының қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің аға нұсқаушысы. «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияда оқыған. Сол жақта адамдардың түрлі платформалардағы ақпараттарды салыстыра отырып ақпаратты тексере білетінін айтып өтті. «Қазақстанда өзіне ұнайтын сүйікті газетін таңдап, тек соны оқиды, сонда жазылған нәрсеге ғана сенеді. Адамдарға медиасауаттылықты үйретіп, және дағдыларымды жетілдіре отырып, сондай бір аса маңызды еуропалық стандартты Қазақстанға әкеле аламын»,-деді ол.
Петропавлден келген жас кәсіпкер Зарина Канафина балаларға және ересектерге ағылшын тілін үйретеді. «Медиасауаттылық заңдарын білмесек кез келген салада бұрыс шешім қабылдауымыз мүмкін. Мен ақпаратты тексеру әдістемесін өз жұмысыма ендіргім келеді»
Тренинг қатысушыларының әрқайсысы Қазақстан аймақтарындағы Америка бұрыштарында кем дегенде үш шеберлік сабағын өткізеді. Қазақстандағы кітапханалар базасында жұмыс істейтін Америка бұрыштарының кітап қоры бәріне ашық әрі 100% тегін. Медиасауаттылық жөніндегі шеберлік сабақтарын Алматы, Астана, Павлодар, Ақтөбе, Өскемен, Атырау, Шымкент, Қостанай, Орал, Қарағанды және Петропавловск қалаларында өткізу жоспарланған.
Тренер-волонтерлерге арналған тренингті INTERNEWS ұйымының Қазақстандағы өкілдігі Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID), American Spaces Kazakhstan және Алматыдағы АҚШ-тың Бас консулдығының қолдауымен ұйымдастырды.