Оқиғалар«Түркістанның 15 ауылын аралаймыз» - грант иегері Әйгерім Бегімбет

«Түркістанның 15 ауылын аралаймыз» — грант иегері Әйгерім Бегімбет

Internews Қазақстан өкілдігі ұйымдастырған контент өндірісіне идеялар байқауының жеңімпаздары жобаларын жүзеге асырып жатыр. Олардың бірі – фотограф-журналист Әйгерім Бегімбет. Ол Түркістан облысының ауыл-ауылдарына барып, сондағы өмірді, тұрғындарының тыныс-тіршілігін баяндайтын фоторепортаждар сериясын дайындауға грант жеңіп алған.

Әйгерім Бегімбеттің жобасы — «Түркістан ауылдарының тыныс-тіршілігі» деп аталады.

— Түркістан облысының 15 ауылына барып, сондағы өмір сүру сапасы, инфрақұрылым, білім беру, тағы басқа әлеуметтік мәселелерге арналған фоторепортаждар сериясын дайындаймыз. Сондай-ақ, ауылдарда өмір сүріп жатқан қызық, ерекше кейіпкерлердің, ауыл әйелдері мен айналасын өзгертуге ұмтылған жастардың шынайы өмірін көрсетеміз. Жоба командасында барлығы 4 адам бар. Соның ішінде контент әзірлейтін шығармашылық командамыз екі адамнан тұрады. Бірі – өзім, екіншісі – фотограф Шыңғыс Әбдіразақ. Барлық фоторепортажымыз Informburo.kz порталында жарияланады,-дейді жоба авторы Әйгерім Бегімбет.

Жоба аясында бүгінге дейін екі фоторепортаж жарияланды. Бірінші фоторепортаж «Чемпионы көп, спорт мектебі жоқ ауыл» деген тақырыппен сайтқа шықты.

— Бұл фоторепортаж Түркістан облысы, Ордабасы ауданы, Ұялыжар ауылына келіп, осында спорт үйірмесін ашқан, аралас жекпе-жектен Азия, Әлем чемпионында топ жарған Бекзат Жәсияға арналды. Ол ауылға оралып, екі жылдан бері Мәдениет үйінің аядай бөлмесінде 100 баланы күрес, аралас жекпе-жек спорт түрлеріне жаттықтырып жүр. Жаттығуға қажетті бозкілем, тағы басқа құрал-жабдықтарды ауыл адамдары сатып әперген. Бекзат пен шәкірттерінің, ауыл адамдарының арманы — Ұялыжардан спорт мектебі ашу. Бұл үшін оларға ғимарат қажет. Ендігі бар тілегі – демеушілер тауып, не мемлекет қолдауымен ауылдан спорт мектебіне ғимарат салу,-дейді Әйгерім Бегімбет.

Осылайша, бірінші фоторепортаж ауыл балаларын спортқа баулып, олардың түрлі жетістікке жетуіне жан-тәнімен берілген, жоқтан бар жасап отырған бапкер жігіт және ауыл адамдарының ұйымдасып, балаларының болашағына бар жағдайды жасауға ұмтылысына арналды.

Ал екінші фоторепортажда Арыстағы жарылыс оқиғасының кейінгі қала өмірін тұрғындарының хикаясымен баяндап, фотомен көрсетеді.

Әйгерім Бегімбет «Арысқа оралған тұрғындардың жаңа өмірі…» тақырыбымен сайтқа шыққан фоторепортажды әзірлеу барысында көп тұрғынмен сөйлескен. Арыс тұрғындары жарылыстан бас сауғалап, жан-жаққа, басым бөлігі Шымкентке жетті. Оларға ерікті, яғни волонтер ретінде көмек еткендердің арасында Әйгерім Бегімбет те бар. Сондықтан да арыстықтардың үрейі мен үмітін ортасында жүріп сезініпті.

Арысқа алғаш сол жарылыс болған күні түс қайта бардым. Бірақ қалаға қауіпті болған соң кіргізбеді. Бір апта Шымкент пен Арыстың ортасында ерікті болып жүрдім. Бірінші, екінші күні адамдардың көзіне тіке қарау қорқынышты еді. Жойқын жарылысты көріп, оқ пен оттың ортасынан аман шыққан олар түсінуге қиын, өте-мөте қажыған, әбден торыққан, үміті әлсіреген, сенімсіз күйде еді. Анасынан ажырап қалған баланы, баласынан ажырап қалған ананың жай күйін, көз жасын көру өте ауыр тиді. Арыстағы жарылыс 24 маусымда болды. Арыста бірлі-жарым адам болмаса, жалпылама айтқанда ешкім қалмады. Арада төрт күн өткенде, 28 маусым күні жан-жақтағы эвакуациялық пункттерде қоныстанған арыстықтарды шұғыл үйлеріне қайтара бастады. Сол кезде де Арысқа бардық. Үйіндіге айналған үйлеріне оралған тұрғындардың әлем-тапырық күйін көрдік. Бар үйінен кетіп, жоқ үйіне оралған олардың шарасыз бейнесін көпке жеткізуді жөн көрдім. Көп тұрғынмен әңгімелесіп, жарылыс күні апаттан бас сауғалап қашу және арада төрт күн өткенде сол апат аймағына оралған кездегі көңіл-күйін, мұң-мұқтажын жазып алдым. Фотограф Шыңғыс Әбдіразақ бар жағдайды фотоға таңбалады,-дейді Әйгерім Бегімбет.

Фоторепортаж әлеуметтік желілерде жұрт назарын аударды. Қолданушылар көп бөлісті. Әйгерім Бегімбет Арыстағы жарылыс және сондағы тұрғындардың өмірі тақырыбына қайта оралады.

— Үкімет «бір айда Арыстағы үйлер толық жөнделіп бітеді» деді. «Бір айдан кейін қаншалықты жөнделді, үй иелері жөндеу жұмыстарына разы ма?» деген сауал төңірегінде тағы фоторепортаж дайындауды жоспарлап отырмыз. Күні кеше жарық көрген «Арысқа оралған тұрғындардың жаңа өмірі…» репортажындағы кейіпкерлермен тағы кездесіп, сөйлесіп, тұрмысын, тыныс-тіршілігінде не өзгерген, не өзгермегенін көріп, білемін,-дейді жоба авторы.

Ол осы күнге дейін барған ауылдарында қандай мәселені жиі байқайтынын да айтып берді.

— Көп ауылда жұмыссыздық жайлаған. Адамдар тек мал, егін шаруашылығымен ғана күн көріп отыр. Мал жайымен еш байланыс жоқ, жағдайы жоқ, шалғай ауылдарды өмір сүріп жатыр,-дейді ол.

Жоба аясында дайындалған үшінші фоторепортаж да әзір. Таяуда жарияланады. «Түркістан ауылдарының тыныс-тіршілігі» жобасының әлеуметтік желілерде парақшалары ашылған. Жоба авторымен осы парақшалар (Facebook, Instagram) не автордың жеке аккаунты (Facebook, Instagram) арқылы байланысуға және жаңа шыққан фоторепортаждары туралы сәтінде білуге болады.

Сондай-ақ, Түркістан ауылдарының тыныс-тіршілігі» жобасының қорытындысы ретінде Шымкентте көрме өтеді.

— Қыркүйек айында Шымкентте фотокөрме өткіземін. Сол көрмеге арнап фотосуреттер түсіріп жатырмыз. Көрменің тақырыбы да Түркістан ауылдарыны тыныс-тіршілігіне арналады. Көрмеде алдын еш жерде жарияланбаған, барлығы 50 фотосурет қойылады,-дейді Әйгерім Бегімбет.

Айта кетсек, Контент өндірісіне идеялар байқауы 2019 жылдың қаңтарында жарияландыInternews ұйымының Қазақстандағы өкілдігіне барлығы 268 медиажобаның идеясы, яғни рекордты көрсеткіште өтінім келіп түсті. Соның арасынан 33 өтінім екінші турға өтті. Питчинг (жобаларды таныстыру) болып, өтінімдерін әділқазылардың рекомендациясына сәйкес жетілдірді. Нәтижесінде, 10 жеңімпаз анықталды. Бұл 10 жоба Internews тарапынан қаржылай және тағы басқалай көмектер алып жатыр.

Продакшн гранттарды бөлу жобасы Халықаралық даму жөніндегі АҚШ агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы шеңберінде өткізіледі.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи