ҚР медиақауымының талап-тілегі қандай? Зерттеу қорытындысы

0
418

Қазақстан журналистері кәсіби міндеттерін орындау барысында өздерін қорғайтын заңнамаларға мұқтаж.

Қазақстанда медиақауымның сұраныстарын зерттеу нәтижесі жарияланды. Бұл зерттеу Internews Қазақстан жүзеге асырып отырған Орталық Азияның MediaCAMP шеңберінде жүргізілді.

Зерттеу қорытындысына сәйкес, журналистердің негізгі талабы – жала жабу, қорлау, жалған мәліметтер тарату және алауыздықты қоздыру баптарын қылмыс деп танымауда болып отыр. Бұл туралы БҰҰ және ЕЭЫДҰ (Еуропа экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы) сарапшылары да үнемі кеңес береді.

ҚР Қылмыстық кодексінде әрбір журналисттің қызметіне қауіп төндіретін үш түрлі: 130-бап «Жала жабу», 274-бап «Көрінеу жалған ақпарат тарату» және 174-бап «Әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздыру» баптар бар.

Мәселен, 23 қыркүйекте «Сарыағаш-Инфо» аймақтық басылымының редакторы Амангелді Батырбековты ҚР Қылмыстық кодексінің 130-бап «Жала жабу» және 131-бап «Қорлау» баптары бойынша 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім шықты. Мұнда журналистің үстінен шенеуніктер ар-намысы мен абыройын қорғау туралы арыз түсірген.

Журналистер арасында жүргізілген сауалнама нәтижесінде, жауап бергендердің басым бөлігі (58,8%) кәсіби міндеттемелерін орындау барысында өздерін қорғаусыз күйде сезінетіндерін көрсеткен. Заңнамада қазақстандық журналистерге қойылатын шектеулер мен міндеттемелер олардың құқықтары мен бостандықтарынан басым түседі, заңнаманың жетілдірілмеуі себепті де мемлекеттік органдардың кейбіп баптарды өз еркінше түсіндіруінен медиа өкілдерінің жұмысын қиындатады.


Журналистер «БАҚ туралы» Заңға ұдайы енгізілетін өзгерістер журналистердің позициясын әлсірететінін де көрсеткен. «Ақпаратқа қол жеткізу туралы» Заң да сөз бостандығының халықаралық стандарттарына сай келмейді, ал мемлекеттік органдар оның орындалуын көбіне-көп елемейді.

Журналистер қауымының басты қажеттіліктеріне БАҚ-тың қаржылық әлеуетін жақсарту, кадрларды кәсіби даярлау және қайта даярлау мәселесін шешу жатады екен.

Қаржыландырудың аздығы да БАҚ жұмысына кері әсер етеді. Зерттеуге қатысушылардың көбі БАҚ табысының негізгі бөлігі жарнамадан түскен қаржыдан құралуы тиіс екенін айтқан. Алайда, жарнама нарығы тым шағын, мұнымен қатар қазақстандық медианы қиын жағдайда қалдырып отырған бірқатар заңнамалық шектеулер бар. Қазақстан медианарығына тән тағы бір ерекшелік – мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс арқылы мемлекеттің ықпалы күшті болып отыр. 2018 жылы мемлекеттік-ақпараттық тапсырыстың көлемі жарнама кірісінен асып түсіп, 53 млрд теңгеге жетті.

Зерттеуге қатысушылардың пікірінше, мемлекеттік-ақпараттық тапсырыс БАҚ-тың қаржыландырылуына ғана емес, сонымен қатар бәсекенің төмендеуіне де кері әсерін тигізеді. Салдарынан контент сапасы нашарлайды, журналистердің және медиадағы басқа жұмысшылардың еңбекақысы азаяды, ақыр соңында үздік кадрлар кәсібін тастап, басқа салаға ауысады. Мәселен, Қазақстан аймақтарындағы журналистердің орташа айлық жалақысы 100-120 мың теңгені, ал телеарна операторларының орташа айлығы 80-90 мың теңгеден аспайды.

Медиадағы кәсіби кадр тапшылығы білім беру сапасының нашарлауынан туындайды. БАҚ басшылары сұхбат барысында, журналистика факультеттерінің түлектері журналист қызметі туралы білмейтінін, тіпті оларда ең басты қажет нәрсе – сауаттылық жетіспейтінін айтты. Бұрынғы студент бірден жұмыс істеп кете алмайды, ең алдымен оны кәсіптің қыр-сырына үйрету қажет, ал шын мәнінде бар жұмыс оның материалдарын жиі түзетіп, тіпті қайта жазып шығуға тура келеді екен.

Кейбір аймақтық БАҚ-тар кадр мәселесін өз бетінше шешуге тырысады. Телеарна не басылым жанынан журналистика мектебін ашады, сол мектептің үздік түлектерін жұмысқа алып қалады. Алайда жас кадрлар тәжірибе жинақтап алған соң, жақсы шарт-жағдай ұсынатын басылымдарға кетіп, сонда жұмысқа орналасады, не жалақының аздығынан, даму-өсудің жоқтығынан кәсібін ауыстырады.

Зерттеу қатысушылары тәуелсіз кәсіподақ құруды ұсынды. Осылайша журналистер өз мәселелерін (еңбек заңнамасының бұзылуы, шектен тыс жүктемелер, аз жалақы) тек заңнама негізінде ғана емес, кәсіподақ арқылы да шеше алады.

Алайда, журналистер салалық кәсіподақ құруды қаншалықты қолдайтыны белгісіз. Журналистер арасында бөлектену бар, бір-біріне сенім деңгейі өте төмен, бұл да БАҚ-қа қарсы қысым мен қылмыстық істерді үдетеді.