ОқиғаларОрталық Азиядағы алғашқы Ғылыми және медициналық журналистика мектебі басталды

Орталық Азиядағы алғашқы Ғылыми және медициналық журналистика мектебі басталды

2021 жылғы 18 қаңтарда Орталық Азиядағы алғашқы Ғылыми және медициналық журналистика мектебі басталды. Онлайн-форматта оқыту 29 қаңтарға дейін жалғасады. “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында аймақта тұңғыш рет ұйымдастырылған мектеп оқуы қазақ, орыс, тәжік және өзбек тілдерінде өтеді.

Ғылым туралы қарапайым әрі жалпыға түсінікті тілде әңгімелеуді үйренгісі келетін журналистер, редакторлар, блогерлер, ғылым дәріптеушілер мен ғалымдар, барлығы 100 шақты адам қатысып жатыр. 

– Орталық Азиядағы алғашқы Ғылыми және медициналық журналистика мектебінің ұлттық тілдерде өтуі – біз үшін өте маңызды. Аудиторияның денсаулық сақтау және ғылыммен байланысты тақырыптарға қызығушылығы артқанын көріп отырмыз. Коронавирусқа қатысты туындаған “инфодемия” жағдайы сенімді, шынайы және сапалы ақпараттың маңызды екенін көрсетті. Бұл мектеп журналистер, блогерлер мен ғылым дәріптеушілерінің сондай ақпаратты таратуына мүмкіндік береді,-дейді Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің директоры Марат Бигалиев. 

Ғылыми және медициналық журналистика мектебінің екі апталық курсында дәрістер, интерактив сабақтар, тестілер мен семинарлар болады. Мұның барлығы қатысушылардың жаңа білім алып, ғылыми және медициналық журналистика саласындағы машықтарын шыңдауға көмектеседі.

Ғылыми және медициналық журналистика мектебі спикерлерінің қатарында:
Қазақстаннан:
белгілі журналист, “Ұлттық аударма бюросы “100 жаңа оқулық” жобасының редакторы Есей Жеңісұлы, Назарбаев Университетінің медицина докторы, ғылымды дәріптеуші, колумнист Ботагөз Каукенова, биотехнолог, Назарбаев Университетінің инновациялық менеджмент саласы маманы Дәмел Мектепбаева, Профилактикалық медицина академиясының президенті, денсаулық сақтау саласының маманы Алмаз Шарман, “Перемена.медиа” порталының бас редакторы Айжан Мадиходжаева;
Тәжікстаннан:
Тәжікстан Республикасы Ғылым академиясының экс-президенті Мамадшо Илолов, журналист Рамзия Мирзобекова, ғалым, «Лочвар» қоғамдық ұйымының жетекшісі Абдулназар Абдулназаров;
Өзбекстаннан:
ғалым-материалтанушы Рустам Ашуров, филолог, журналист, «Асанов-формати» Telegram-арнасының авторы Эльдар Асанов;
Ресейден:
ғылыми журналист, BBC тілшісі Николай Воронин, “Медуза” интернет-басылымының ғылым/медицина бөлімінің редакторы Дарья Саркисян, биология, генетика, антропология мен медицинаны қарапайым тілде түсіндіретін ресейлік ғалым, редактор-журналист Илья Колмановский бар.

Мектептің бірінші күні ресейлік ғалым, биология ғылымдарының кандидаты, ғылыми журналист, редактор Илья Колмановскийдің лекциясынан басталды. Ол биология, генетика, антропология және медицина саласының қиын тақырыптарын қарапайым тілде түсіндіреді. Қатысушыларға «Әлемдік ғылым қалай дамып жатыр» деген тақырыпта шолу лекциясын оқыды. Қазіргі ғылыми журналист нені білуі міндетті екенін айтып берді.

Мәскеу мемлекеттік университетінде зоолог мамандығын оқыған Илья Колмановский өзін ғалым не сарапшы қатарына жатқызбайды. Алайда ғылыми тәжірибесіне сүйеніп,  кәсіби сарапшыны нашар сарапшыдан ажырата біледі. Ғылыми қауымдастықтың сөзін сөйлемейді. Оқырмандарына ғылымның көзі әрі құлағы бола біледі.

Айтуынша, заманауи ғылым «ағылшынша» жасалады екен. Міне, сондықтан да ағылшын тілін үйрену өте маңызды. Бұл үшін сериалдарды түпнұсқа тілінде көруді кеңес етті.

Тағы бір ерекшелік – жылдан жылға ғылым күрделеніп барады.

– Жыл өткен сайын ғылым туралы жазу да қиындады, бірақ жылдан жылға ғылым жаңалықтардың қоғамдағы маңызы да артып жатыр,-дейді ол.

Илия Колмановский «импакт-фактор», «Хирш индексі» дегеніміз не екенін, ақпарат іздеу үшін қандай ғылыми басылымдарға жазылу керек екенін, жаңалықтар мен профайлдар қалай жазылатынын әңгімеледі. Ғылымда ғылыми мақалалар рецензияланатын журналдардан алынып тастайтын да жағдайлар болады екен. Ильяның сөзінше, мұндайда журналист аудиторияға мақаланың алынып тасталғанын хабарлап, фальсификация жасаған ғалым адам тұрғысынан жаңа оқиға жазуы еш ұят емес.

Қатысушыларға интерактив оқытудан бөлек пайдалы материалдар, чек-парақтар, жадынамалар, оқуға арналған жарияланымдар ұсынылады. Үй тапсырмалары мен тест тапсырмалары беріледі.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «MediaCAMP Орталық Азия бағдарламасы» аясында жүзеге асып жатыр.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи