Оқиғалар«Егер әйел әйелге көмектеспесе, онда кім көмектеседі?». Отбасындағы зорлық-зомбылық туралы жоба

«Егер әйел әйелге көмектеспесе, онда кім көмектеседі?». Отбасындағы зорлық-зомбылық туралы жоба

Шымкенттік журналист Алиса Масалева отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбына бұрын да мақалалар жазған. 2020 жылы көктемде «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында Internews ұсынған продакшен-грантқа «Сырт айналмаңыз» жобасын ұсынды. Наурыз-желтоқсан аралығында өңірлік және республикалық БАҚ-та тұрмыстағы отбасындағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес заңнамаларының Оңтүстік Қазақстан аймағында қалай жұмыс істейтінін көрсететін жеті мақала жариялады.

Мақалалардың жалпы қаралымы 100 мыңнан асты. Автор әр мақаласында айтқан негізгі бастамасын 2021 жылдың соңында ҚР президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қолдады. Қазақстан президенті Ішкі істер министрлігіне балалар мен әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғайтын арнайы бөлімше штатын қайта ашуды тапсырды. Алиса Масалевадан ауыр да қиын тақырыпқа мақалалар жазуын неліктен жалғастырып келе жатқанын, мақалаларын өңірлік басылымда жариялау неліктен маңызды болғанын, сенім телефоны идеясы қалай туындағанын сұрадық.

Фото: Виктор Магдеев, USAID

 

фото: Айдар Мырзадәулетов

Отбасындағы зорлық-зомбылықтан зардап шеккен әйелдер көмек сұрап хабарласа бастаған соң, жоба идеясы туындапты. Тақырыпты зерттеу барысында Түркістан облысының тек бес ауданындағы жергілікті полиция басқармасында әйелдердің құқықтарын қорғау жөніндегі инспектор лауазымы бар екенін анықтайды. Қалған аудандық басқармаларда штат қысқартылыпты. Ал 2020 жылдың алғашқы екі айында Шымкент қаласы мен Түркістан облысы аумағында әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық бойынша 8000 оқиға тіркелген екен. Полицейге шағымдануды «ұят» санап, үнсіз қалған әйелдер қаншама?! Отбасындағы зорлық-зомбылық – ең жасырын қылмыс түрі.

— Байқаудың соңғы күні өтініш жібердім. Сосын үш тур болды. Internews командасына мұқият іріктеу жүргізгені үшін алғыс айтамын. Тек идеям бар еді. Әділқазы мүшелері идеямды жетілдіріп, мақсатты аудиториям кім екенін, материалды қалай жазуды, қалай танытып-таратуды түсінуіме көмектесті. Күйеуі ұрып-соғатын, соған шыдайтын әйел туралы тағы бір материал жазып қоймай, оның қайда барып, көмек сұрайтынын түсіндіретін мақалалар жазуыма мүмкіндік берді. Мәселені ішінен зертттеп, бүге-шігесіне дейін анықтағанда ғана жағдайды өзгертуге болады,-дейді Алиса Масалева.

Мақалалар «Южный Казахстан» облыстық газетінде, «ЮК Информ» өңірлік интернет-порталында, Open Asia online және NewTimes.kz республикалық сайттарында жарияланды. Алисаға мақалалардың аймақтық басылымда жарық көруі маңызды болыпты. Айтуынша, аудан және ауыл әкімдері жергілікті газеттерді мұқият оқиды, мәселеге назар аударады. Осылайша мақаладағы кейіпкер әйелдердің хикаясы олардың алдына жетіп, мемлекеттік органдардан көмек көрсетіледі.

Фото: Виктор Магдеев, USAID

 

Фото: Виктор Магдеев, USAID

— Егер әйел әйелге көмектеспесе, онда кім көмектеседі. Ешкімді ажырасуға, күйеуін, ағасын, әкесін, күйеубаласын түрмеге жабуға үгіттемеймін. Мақсатым – зорлық-зомбылықтың өмірге жат әрекет екенін көрсету. «Сырт айналмаңыз» деген жобам қоғамды зорлық-зомбылықты көріп тұрып, сырт айналмауға үндеу. Көбі физикалық және психологиялық зорлық-зомбылықты әр отбасының жеке мәселесі, оған араласпау керек, деп ойлайды. Жоқ! Отбасындағы зорлық-зомбылықтан құтқару арқылы қоғамды құтқарамыз,-дейді Алиса Масалева.

Жеті мақала Оңтүстік өңірінің халық тығыз қоныстанған ШымкентТүркістанКентауЛенгерСарыағаш , ЖетісайСайрам қалалары мен аудандарындағы жағдайды баяндайды.

Барлық мақала нұсқаулық-мақала іспеттес: нақты бір елдімекенде тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алу және зардап шеккендерге көмектесуге қай шенеунік, қай полицей, қай қоғам өкілі жауапты екенін айтып, қайда барып, көмек сұрауға болатынын түсіндіреді. Бақытымызға орай, әрбір аудан не қалада соған жауапты, көмектесетін адамдар бар. Аз, бірақ бар. Олардың әрбірі «Сырт айналмаңыз» жобасының кейіпкерлеріне айналды. Анти-кейіпкер де болды. Мәселен, Жетісай ауданындағы тұрмыстық-психологиялық көмек қызметінің жетекшісі «ауданда барлығы тыныш, отбасындағы зорлық-зомбылық оқиғасы жоқ» деп сендіруге тырысты. Алайда мақала жарияланып, оның айтқанын теріске шығаратын фактілер жарық көргенде, ол қызметінен айырылды.

Қазір Алиса өзі де осы тақырыптың сарапшысына айналды: кез келген әйелге қандай құқықтары бар екенін айтып, мемлекеттен қандай көмек алуына болатынын түсіндіре біледі. Айтпақшы, журналист қазақ тілінде де сөйлейді. Сондықтан кейіпкерлерімен түсінісу барысында еш қиындық туындамайды. Қазір «Не молчи Юг» құқық қорғау жобасымен, екі дағдарыс орталығымен тығыз жұмыс істейді. Отбасындағы-тұрмыстағы зорлық-зомбылыққа қарсы күрес бойынша ұйымдастырылған бірнеше онлайн-конференцияға спикер ретінде шақырылды. Қазақстан Республикасы Президентi жанындағы Отбасы және әйелдер iстерi жөнiндегi ұлттық комиссияның Алғыс хатымен марапатталды. Ол зорлық-зомбылық мәселелері бойынша сенім желісін іске қосқысы келеді.

Фото: Виктор Магдеев, USAID
Фото: Виктор Магдеев, USAID

— Қала тұрғындары құқықтарын жақсырақ біледі. Жоғары білімі, жұмысы, өзіне сенімділігі бар. Қиын жағдай туындаса да, өзін және балаларын асырауға шамасы жетеді. Ал ауыл әйелдерінің тоғыз сыныптық білімі, 5-10 баласы бар. Асүй мен егістіктен басқа көргені аз. Олардың өмірдегі басты жетістігі – күйеуге шығу. Отбасың және күйеуің болса, онда сен жетістікке жеттің, деген түсінік. Олар зорлық-зомбылыққа төзеді, бәрі де солай өмір сүріп жатыр, деп ойлайды. Балалары үшін және жұрттан ұят деген түсініктен шыға алмай, амалсыз шыдайды,-деп түсіндірді Алиса Масалева.

Айтуынша, зорлық-зомбылық – өте ауыр тақырып, эмоцияға әсер етеді, әрбір кейіпкер хикаясы жүрегін ауыртады. Әбден теперіш көрген әйелдің бірі өзін зорлаған адаммен татуласқанда, Алиса шарасыздықтан жылап жіберіпті. Алайда ешкімді де мәжбүрлей алмайды. Тек ақпараттандыра алады. Әйел өзін қалай қорғайтынын, қандай құқықтары бар екенін, қалай қорғануды, зорлық-зомбылықты қалай тануды түсіндіреді. Тақырыпты тастай да алмайды, өйткені бұл – оның азаматтық ұстанымы.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында жүзеге асырылып жатыр.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи