Оқиғалар«Ғарыш кемесін басқаруды үйренген адамдай сезінемін». Газет журналисінің видеомейкерге айналуы

«Ғарыш кемесін басқаруды үйренген адамдай сезінемін». Газет журналисінің видеомейкерге айналуы

Алёна Панкова — қарағандылық газет журналисі. Ол 2021 жылы экология тақырыбында «Чем дышишь?» YouTube-арнасын жүргізе бастады. Бұрын-соңды телеарнада жұмыс істемеген адам қалайша видео түсіруді үйренді? Алёна Internews ұйымдастырған «Шағын грант. Қысқы маусым 2021» байқауын қатысып, стипендия жеңіп алды. Оған тәлімгер ретінде телевизия маманын бекітті. Қазылар алқасының айтуынша, «Тәжірибесі болмаса да идеясын іске асыруға деген құлшынысы көрініп тұрды». Алёнамен әңгімелесіп, жаңа форматты меңгеру тәжірибесін білдік. Журналистің айтқанындай, «Ғарыш кемесін басқаруды үйренгендей болдым. Ештеңеге соқтығыспадым, ештеңені бұзып алмадым!»

Алена өзіңіз, жұмысыңыз, газет журналисінен видео түсіретін журналистке айналу тәжірибеңізді айтып беріңізші…

— Қарағандыдағы Майқұдық ауданында дүниеге келдім. Жан-жануарлар қорғаушысы болғым келді. Алайда біздің кезімізде эколог мамандығы жоқ еді. Тігінші, кітапханашы, журналист әрі эколог (Қарағанды ЭкоМузейі және Жаңа экологиялық қауіпсіз технологияларды ендіру бойынша орталық) боп жұмыс істедім. Журналистикадағы тәжірибем — 20 жыл. Соңғы үш жыл «Газеты для пенсионеров» газетінің бас редакторымын.

Өмірді қаз-қалпында көрсетуді жаным сүйеді. Алексей Пиманов пен оның «Адам және заң» бағдарламасы ұнайды. Телеарнада жұмыс істегім келді. Деректі фильм түсіру бойынша диплом қорғадым. Алайда газеттен орын табылды. Қазір Қазақстанда баспа БАҚ азайып барады. Локдауннан кейін газет тиражы 11 500-ден 8500-ге азайды. Бұрынғы көрсеткішке жете алмаймыз. Сондықтан интернетке ауысып, YouTube-қа видео түсіре бастадым.

Байқау туралы қайдан естіп-білдіңіз? Стипендия алу оңай болды ма? Күмәндандыңыз ба?

— 2012 жылдан бері Internews тренингтеріне, экология семинарларына қатысамын. «Шағын грант. Қысқы маусым» байқауы басталғанын естіп, мүмкіндікке баладым. Химия тақырыбына әлеуметтік желіден аудитория табыла ма, жоқ па, деп ойладым. Екі түрлі жоба ұсындым: біріншісі азық-түлік химиясы болса, екіншісі Қазақстан қалаларына химиялық қауіп. Тым болмағанда қазылар алқасының кәсіби бағасын естігім келді. Үлкен байқау өтті. 173 өтініштің 27-і жеңіске жетіп, 14 команда шағын грант алды. 13 авторға стипендия берілді. Оның бірі – мен. Азық-түлік химиясы туралы жобам бірінші кезеңнен өтпей қалды. Екінші идеям жеңіске жетті. Қазылар алқасының ұсынысымен, әлеуметтік желілерге пост жариялау форматымды видеоконтентке ауыстырдым. Кәсіби техникам да, машығым да болмады, бірақ істей алатынымды білдім.

Арнаңыз «Чем дышишь?» деп аталады. Жоба атауын кім ойлап тапты?

— Түрлі атау нұсқаларын жазып, жолдадым. Internews-тегі әріптестер ақылдаса келе, «Чем дышишь?» атауын ұсынды. Көпқырлы, лас ауамен тыныс алып жатқанымызды меңзейтін, жалпы адам өміріне маңызды нәрсенің барлығын қамтыған атау. Дереу келістім.

Тәлімгермен қалай жұмыс істедіңіз?

— Маған тәлімгер ретінде телевизия маманын бекітіп берді. Қатты қуандым. Тәлімгерім болатынын білмедім. Жобамды бекіткен сәтте тәжірибелі тележурналист Ирина Грибовская хабарласты. Мек тақырып ұсынамын, сценарийін жазамын, монтаждалған роликтің шимай нұсқасын көрсетемін. Ирина осы кезеңнің барлығында түзетулер енгізеді, мен орындаймын.

Бірінші роликтің барлық стендапын қайта түсірдім. Қалай түсіру керек екенін білгенде салым суға кетіп, «бәрі бітті» деп ойладым. Әуел баста камерадан қорыққаным соншалық, сөздерімді ұмытып қалатынмын. Ал монтаж бағдарламасын қорқа-қорқа ашатынмын. Ирина маған бәрін түсіндірді. Істей алатынымды білдім. Қараңғы бөлмедегі кішкентай қызбын, ал Ирина – жол көрсетушім.

Каналыңыздың контент жоспары қандай?

— Қазақстанның 10 қаласындағы химиялық қауіп туралы айтуды жоспарлап отырмын. Әртүрлі, бірақ көбіне ортақ проблемаларды аламын. Видеоны өзің түсіріп, өзің монтаждау дегеніміз мен ойлағаннан да қиын екен. Қазір түсірілім, дизайн, монтаждан шексіз ләззат аламын. Стендап жасауды кәдуілгі жұмысым ретінде істей беремін. Көмекші алуды кейінірек ойлармын. Қазір барлығын өзім істеп, стилімді тауып, осы жобаны аяқтауды ойлаймын. Каналыма қатысты идеям көп. Әлі үйренерім де жетеді. Күн сайын жаңа нәрсені үйреніп, меңгеріп жатырмын.

Бәсекелестеріңіз, мақсатты аудиторияңыз кім?

— 20 жыл бұрын журналистер экология тақырыбына сирек қалам тербейтін. Бұл тақырып қызықсыз саналатын. Мен химиялық қауіпсіздік тақырыбын қатты жақсы көрдім. Жазғандарымды дереу жариялайтын. Қазір жағдай өзгерді: журналистер лас ауа, қоқыс полигондарының қаупі, радиоактивті ластану туралы жиі жазады. Экологиялық басылымдар аз, бірақ бар. Ливень онлайн-журналы, GreenWomen экология агенттігі, ЭкоФорумның қоғамдық платформасы мен ЭкоМузей сайтын үнемі оқып, қарап отырамын.

Мақсатты аудиториям – өз өмірін және балаларының өмірі мен денсаулығын ойлайтын, жауапкершілігін сезінетін ата-аналар. Silamedia мультимедиа лабораториясының «Кәсіби маманнан бес кеңес» айдарында экология тақырыбына қалай жазу керек деген кеңесім бар.

Экология тақырыбына қашан қызықтыңыз?

— Алтыншы сыныпта химия сабағында мұғалім кабинетті желдетті. Аса өткір жағымсыз иіс – фенолформальдегид екенін, мұны пластмасса өндірісіне пайдаланатын айтты. Өте улы, соны өндіретін жерде шөптер жойылып, құстар өледі екен. Біз тұратын жаққа «Стройпластмасс» комбинаты жақтан желмен келетін иістен фенолформальдегид иісін бірден білдім. Үй мен комбинат арасын спорт алаңы ғана бөліп тұратын. Сол жақтан жел соқса, анам бәрімізді үйге кіргізіп, терезелерді нығыздап жабатын. Мемлекет билігі өндірісті дамыту мен адам денсаулығының бірін таңдағанда, өндірісті таңдағанын түсіндім. Бұған көңілім толмады. Содан бері химия мен экология өміріме айналды.

Ұлым туғанда дәрі-дәрмекке және кейбір химиялық заттарға аллергиясы бар екені анықталды. Дәрігер біздің ауданда химия өндірісінің салдарынан аллергик-балалар көп деп, түсіндірді.

Экология тақырыбына жазатын журналист жағдайды жақсартуға қалай ықпал ете алады?

—2006 жылы «Новый вестник» қалалық басылымында мақалам шықты. Мақалада Қарағандыдағы Еңбек гигиенасы және кәсіби аурулар ұлттық орталығының медициналық экология лабораториясының меңгерушісі Зұлқия Намазбаева автожолдағы шаңның химиялық қаупі мен мұның адамды қандай ауруларға шалдықтыратынын айтады. Кейін қала әкімдігі жолдағы шаңды сыпырмай, керісінше сорып алатын көліктер сатып алды. Бұл екі оқиға бір-бірімен байланысты ма, жоқ па, мұны білмеймін. Қазір жолдағы шаңды айналатын щеткамен тазалау қайта басталыпты. Алдын ала су шашса да солай тазартады Мұны құптамаймын. Біз алға емес, артқа кеттік.

Жобаңыз арқылы не айтқыңыз келеді?

— Қазір журналистер осындай байқауларға қатысып, гранттар алып, заманауи форматта контент жасауды үйренуі керек. Бұл қазақстандықтардың сапалы ақпарат алу мүмкіндігін ұлғайтады.

Қазақстандықтар проблеманы жасырмай, проблемадан жасырынбай, оны шешуді басқа біреудің иығына артпай, өзі атсалысуы керек екенін түсінсе екен. Жанға жайлы қоршаған орта дегеніміз – ұжымдық жауапкершілік. Еліміздің заңнамаларында көптеген экологиялық мәселені бейбіт жолмен шешуіне мүмкіндік беретін тетіктер бар. Егер балаларымыздың дені сау болуын қаласақ, мұны пайдаланып, жағдайды өзгертуге атсалысуымыз керек. Сондай амал-тәсілдерді видеода көрсетемін.

«Сұмдық! Масқара! Әкімдер қайда қарап отыр?» деп айқай салудың пайдасы жоқ. Қазіргі шенеуніктер сыни пікірді елеп-ескере бермейді. Демек, оларды диалогқа шақыру керек. Видеоларыма «Бұдан не пайда?» деп комментарийлер жазып, бәріне шенеуніктерді кінәлап жатады. Ал мен: қанеки, неліктен өзіміз жасап көрмеске, деген ойды жеткіземін. Улы түтін шығаратын кәсіпорын жұмысына шағым жазып, тексеру жүргізуді, жаңа тазарту құрылғыларын орнатуды талап ету нәтиже береді. Жанға жайлы қоршаған орта қалыптастыруды заңды құқығы деп білетін адам ғана талап ете алады. Мен сол білімді таратамын.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи