«Карикатура сөйлесін». Карикатурашы Ғалым Смағұлұлының бірегей жобасы

0
164
Ғалым Смағұлұлы, карикатурашы

Таяуда қазақстандық карикатурашы Ғалым Смағұл коронавирус түнегін вакцинаның жарығы ғана жеңетінін бейнелеген сурет жариялады. Мән-мағынасы терең суретті әлеуметтік желі қолданушылары бөлісіп, таратып жатыр.
Бір беттік мақаланың айтарын бір суретке сыйғыза білетін Ғалым Смағұлұлы Қазақстан журналистикасында 90-жылдардың орта тұсынан бері өнімді еңбек етіп, елдегі карикатура жанрының жасаушысына айналып келеді.
Ол былтыр қарашада Қазақстандағы Internews өкілдігі жариялаған «Шағын грант. Қысқы маусым 2021» продакшен-гранттар байқауына идея ұсынды. «Карикатура сөйлесін» жобасы жеңіске жетіп, қолдауға ие болды. Енді Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында және malim.kz сайтына осы жоба аясында сызған суреттерін жариялап жатыр.
«Карикатура — аударманы қажет етпейтін жанр» деген Ғалым Смағұлұлымен аз-кем сұхбаттасып, Қазақстанда карикатурашы кәсібін қалай және қайда үйренуге болатынын, қандай тақырыптарға карикатура салмайтынын, карикатурашы еңбегіне БАҚ сұранысын білдік.

Сізді «Жас Алаш» газетінің байырғы оқырмандары жақсы таниды. Суретіңіз осы газеттің қаншама нөміріне жарияланып, талай тақырыпқа негіз болды. Әйтсе де жастар аудиториясы хабардар болуы үшін өзіңіз туралы аз-кем айтып өтсеңіз екен…
Мен — Ғалым Смағұлұлы. Халықаралық жарыстар мен көрмелерде Galym Boranbayev деген есіммен қатысамын. 50-ден астам халықаралық карикатурашылар байқауының жүлдегерімін. «Карикатура 1» атты альбом-кітап авторымын.
1995 жылы Абай атындағы Қазақ мемлекеттік педагогикалық университетінің (қазіргі «Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті (ҚазҰПУ)» — ред.) Көркемсурет факультетінде оқып жүргенімде «Ана тілі» газетіне алғашқы суретім шықты. Оқу бітіргеннен кейін «Жас Алаш» газетінде 19 жыл жұмыс істедім. Азаттық радиосында 5 жылдай фрилансер болдым. Қазір «свободный» суретшімін.

Карикатура өмірлік әрі шығармашылық кәсібіңізге айналатынын қашан түсіндіңіз?
Әр адамның бір салаға икемі болады ғой. Мектеп қабырғасында оқып жүргенімде қабырға газеті шығатын. Соны безендіретін едім. Айналамдағы сыныптастарымның күлкілі суреттерін салып, сыныпта бәріміз күлкіге қарық болатынбыз. Университетте бұл жанрды оқытпайды. Менің университетім — газет, журналға шыққан карикатураларым болды.

Ғалым Смағұлұлының «Экстремизм арбауы» (The lure of extremism) деген бұл суреті The Cartoon Movement (Нидерланд) дүниежүзілік карикатурашылар қозғалысының сайтында «Бүгінгі үздік сурет» атанды.

Қазақстандағы Internews өкілдігінің продакшен-грантын жеңіп алған жобаңыз қалай орындалып жатыр?

Интернюс грантының аясында «Карикатура сөйлесін» деген жоба жасап жатырмын. Жоба алты айға жоспарланған, аптасына бір карикатура жариялаймын. Мақсатым — елімізде, әлемде болып жатқан саяси оқиғаларды, қоғамдағы әлеуметтік проблемаларды, пандемия жағдайындағы өмірді карикатура арқылы оқырманға жеткізу.

Шығармашылығыңызда айтылмайтын, қамтылмайтын жабық тақырыптар бар ма? Қандай тақырыптарға карикатура сызбайсыз?
2015 жылы Францияда «Шарли Эбдо» журналының редакциясындағы терактіден кейін мына көршілес Ресей елінде заңға өзгеріс еніп, дінге байланысты карикатура жариялауға тыйым салынды. Ертеде Иранда жергілікті азербайжан ұлтының намысына тиетіндей карикатура жарияланып, соңы халық толқуларына ұласты. Діни сенім, ұлт мүддесі, жеке адам ар-ожданының белгілі бір шекарасынан аспау керек.

 Карикатура жанрының мықтылығы неде?
Ертеде журналист әріптестерім: «Газеттің бір беттік мақаласын кішкене бір суретке сыйғызып жібердің» деп айтатын. Карикатураның түп тамыры — бейнелеу өнері болғанымен журналистиканың ауылында өмір сүріп жатқан жанр. Журналистиканың жарты жүгін арқалай алады. Карикатура — аударманы қажет етпейтін жанр. Саяси карикатура да қарудың бір түрі. Мұны қалай пайдаланады? Бұл суретшінің сауатты саяси көзқарасына, ішкі мәдениеті мен позициясына байланысты. Карикатура сыннан ғана тұрмайды. Әдемі әзіл, саяси көзқарас, адам ойын жан-жаққа жетелейтін философиялық мән-мағына, айнала қоршаған ортасына, әлемге деген жанашырлық бағыттағы суреттер де болады.

Бір сурет салуға қанша уақыт кетеді?
Бір карикатураны бір-екі сызықпен жарты күнде салуға болады не әрлеп, екі-үш күнде бітіресіз. Карикатурада ең бастысы — ұтымды жақсы идея. Жақсы идея, айтар ойыңыз болмаса, бір апта салсаңыз да түкке жарамайды.

Қазақстандық баспагерлер, редакторлар карикатураға ақы төлеуге дайын ба?
Оқу бітіріп, 1996 жылы баспасөзге келгенімде әр газетте штаттық режимде бір-бір карикатурашы жұмыс істейтін. Ал қазір газет те, сайттар да көп, бірақ карикатурашы жоқ. Бұл бас редакторға қатысты мәселе. Газетке карикатураны қажет ете ме, етпей ме? Мәселе сонда. Карикатураңды бәрі басуға дайын, бірақ ақы төлеуге дайын емес. Оларға әлеуметтік желідегі шетелдік авторлардың суреттерін тегін пайдаланғаны тиімді. Кәсіби карикатурашылардың өзі бұл саладан табыс, ұсыныс болмаған соң басқа кәсіпке кетіп жатады.

Карикатурашы нені білуі керек?
Біздің елде «карикатурашы боламын» десең тақырыпсыз қалмайсың. Әр күннің, әр аптаның карикатураға сұранып тұрған саяси-әлеуметтік оқиғалары боп жатады. Оқиғаны дер кезінде дұрыс-бұрысын сараптап, ұтымды идеямен ұштастырып, оқырманға жеткізе білу керек.

Жас карикатурашыларға қандай кеңес бересіз?
Халықаралық байқауларда, көрмелерде басты дау — қайталау. Дүниеде бізге дейін қаншама карикатурашы болды. Қазір де көп. Бәрі бұрқыратып салып жатыр. Олардың салып кеткен идеясын қайталасаңыз, суреттің еш құны қалмайды. Қайталаудан аулақ болған жөн. Біздің елде, біздің баспасөзде бұл сала гүлденіп, өркендеп, табысты, сұранысты боп тұрған жоқ. Сондықтан жастарға «Карикатурашы бол» деп айта алмаймын.

***

Айтпақшы, күзде «Ірі грант» және «Шағын грант» байқауларына өтініш қабылданады. Қазақстандағы Internews өкілдігінің сайты мен Facebook- парақшамыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.