ОқиғаларҚазақ журналистері шетел медиасына қалай автор бола алады? Ақсәуле Әлжанмен шағын сұхбат

Қазақ журналистері шетел медиасына қалай автор бола алады? Ақсәуле Әлжанмен шағын сұхбат

MediaCAMP Fest 2021 фестивалі аясында 12 қыркүйек, сағат 12:00-де қазақ журналистері Ақсәуле Әлжан және Жолдас Өрісбайдың қатысуымен «Қазақ журналистері шетел медиасына жұмыс істегенде нені ескеруі керек?» деген тақырыпта side-event болады. Кездесу модераторы — Internews Kazakhstan медиаконсультанты Асхат Еркімбай. Үшеуі де АҚШ жоғары оқу орындарының журналистика мектебінде білім алған, шетелдік журналистика тәжірибесінен хабардар медиамамандар. Осы орайда «Болашақ» стипендиясының иегері, Берклидегі Калифорния Университетінің (АҚШ) Жоғарғы Журналистика Мектебінде оқып, журналистика магистрі атанған Ақсәуле Әлжанға хабарласып, шетелдік басылымдарға Қазақстаннан автор болу үшін не істеу керек екенін сұрадық. Ол 2020 жылы сәуірде Берклидегі Жоғарғы Журналистика Мектебінің Нью Йорк Таймс газетімен бірігіп жасаған жобасы аясында әріптестері Гаррет Зеролф және Дэниелом Лемпреспен бірге газеттің бірінші бетінде үлкен мақала жариялады. Мақала пандемия кезінде ата-ана қарауынсыз қалған балалардың проблемасын көтерді.

Жәнібек Нұрыш: Түрлі оқу гранттары арқылы шетелдік оқу орнында білім алған қазақ журналистерінің шетелдік медиамен қарым-қатынасы орнатуы оңайырақ шығар. Ал Қазақстанда тұратын, елімізде жұмыс істейтін әріптестеріміз шетел медиасына материал жариялап, іскерлік байланыс орнатуы үшін ең әуелі қандай қадам жасағаны жөн? Яғни негізгі редакциясы шет мемлекетте орналасқан медиамен іскерлік байланысудың қандай жолдары бар? Бұл мүмкін бе?

Ақсәуле Әлжан: «Қазақстаннан шетелдік редакцияларға хат жіберіп, байланыс орнатып, оларға жұмыс істеуге мүмкіндік бар ма» деп сұрап отырсыз ғой. Біріншіден, «мүмкін емес нәрсе жоқ» деп ойлаймын. Әрине, мүмкіндік бар шығар. Әйткенмен, ағылшын тіліндегі журналистикада бәсеке өте жоғары. Мықты журналистер де көп. Ең үздік редакцияларда адам саны жетерлік. Қызметкерін басқа елдерге іссапарға жібере алады. Мәселен, Қазақстаннан бір тақырып не оқиға қызықтырса, олар қазақстандық авторларға жүгінуге емес, өз журналистерін, яғни штаттағы немесе штаттан тыс қызметкерлерін жіберуге ынталы. Осылайша, сенімді адамын іссапарға жіберген оңай.

Десе де «шетелдік басылыммен іскерлік байланыс орнатқысы келген қазақстандық журналист не істеуі керек» десек, ең әуелі шетелдік медиаға қызық тақырыпты табуы керек. Әлемдік қауымдастықты қызықтырар, мысалы қазір Қазақстанда Ауғанстан, Ресей не Қытаймен байланысты елеулі оқиға, халықаралық тақырыпта маңызды бір оқиға болса, шетелдік басылымдарға шығып: «Мен осындай журналистпін, ағылшын тіліндегі жазу тәжірибем мынадай, сіздің эл.поштаны мына жақтан алып едім» деп, бәрін түсіндіріп, «Сіздерге жұмыс істеуге ынталымын» деп жазу керек. Мұндай хат жазудан қорықпаңыз. Барлық редактор мен белгілі журналистердің электронды поштасы интернетте бар. Табу оңай. Олар e-mail поштасын күнде тексереді. Біздегідей емес, эл.поштамен жұмыс істеу мәдениеті өте жақсы дамыған. Сондықтан оларды қызықтыруы мүмкін оқиға болып жатса, сізге қызық кез келген басылым редакторының не өзіңіз үнемі оқитын журналистердің эл.поштасына: «Мен сіздерге жұмыс істеуге мен дайынмын» деп, ағылшын тілінде шыққан мақалалар мен суреттерді қосымшаға салып, хат жіберу керек. Әрине, бұл — бірінші қадам.

Тағы бір жолы бар, бірақ сіз мұны сұрағыңызда жоққа шығарып отырсыз ғой. Негізі үлкен бір жолы — шетелде оқып жүргенде сол жердегі оқытушылармен, әріптестермен не кездесуге келген спикерлермен танысып, контакт алмасып, «Мен — Қазақстаннан келдім, болашақта сол аймақтан журналист керек болса, мен бармын» деп, нетуорк орнату. Оларға Қазақстаннан адам қажет бола қалса, «Баяғыда бізде осындай студент болып еді немесе конференцияда танысып, сөйлесіп едік, жақсы журналист сияқты. Соның контактілері бар, қарайыншы» деп айтатындай болуы керек. 

Ұзақмерзімді нетуоркинг болса, тіпті жақсы. Сондықтан негізгі қадам — Қазақстанда шұғыл халықаралық оқиға немесе халықаралық аудиторияға қызық оқиға бола қалса, еш ұялмай, эл.поштасына хат жіберу. Мүмкіндік болса, халықаралық конференцияларға кездесулерге, онлайн не офлайн форматта болсын, қатысып, нетуоркингті, басқа адамдармен байланысты нығайту. Осылайша шетелдік журналистер мен редакторларға өзіңді таныту. Әлеуметтік желілерде дос болып, комментарий жазып, өзің туралы білдіруге де болады. Алайда дәл қазір, менің ойымша, 100 жағдайдың 95-інде олар өзінің сенімді журналистерін жібереді. Яғни Қазақстандағы журналистке тұтастай бір үлкен мақаланы жазуға тапсырыс бере қоймайды. Десе де мүмкін емес нәрсе жоқ қой. Бәрі де мүмкін. 

Бұған дейін шетелдік беделді басылымдардың қазақстандық журналистермен жұмыс істеуі — қазақстандық журналистердің қызметін жергілікті жерде ақпарат жинаушы, яғни контрибьютор ретінде қолданумен шектелді. Сол сияқты жергілікті жерде сұхбат алғанда, сұхбатты жинап, халық пікірін біліп беру, аударма жасау сияқты контрибуцияға пайдаланады. Қазақстандағы авторға тілші ретінде жауапкершілік жүктеп, үлкен мақала не материал дайындауға тапсырма бергенінен хабарым жоқ. 

Айтпақшы, ағылшын тіліндегі мақалаларыңыз еш жерде жарияланбаса, онда ірі платформаларда, мәселен medium.com сияқты платформада ағылшын тіліндегі мақалаларыңызда жариялауға, ағылшын тілінде блог жүргізуге болады. Осылайша ағылшын тілінде жазатын қазақстандық журналист деген репутация қалыптастырасыз. Мақалаңыз мерзімді басылымдарға шықпаса да ағылшын тілінде жазған материалыңыз көрініп тұрады. Сізге тапсырма бермек болса, тексеру үшін жазғаныңызды қарайды. 

Ж. Н. Шетел медиасы басқа елден автор болатын журналистерге қандай талап қояды? Неге мән береді?

А.Ә. Шетелдік болсын, отандық болсын, журналистерге бірдей талап қояды. Бұл — объективтілік, жақсы жаза алу, фактчекинг. Шетелден болсын, Қазақстаннан болсын, барлық журналистке бірдей талаптар. Әр редакцияның ішінара өз талабы да болады. Салалық журналист болса, сол саласынан хабардар болуы керек. Ең бастысы — эксклюзив әрі қызық ақпарат, жаңалық таба алуы. 

«Жақсы жаза алу» дегеннен шығады. Мұнда туындайтын бір мәселе — қазақша не орысша жазатын журналист болсын, Қазақстанда туып-өскен журналистердің ойлау қабілеті, сөйлеу мәнері, барлығы қазақша не орысша дамыған. Ал қазақша не орысша сөйлем құрастыру мен ағылшын тілінде сөйлем құрастыру екі бөлек дүние. Әр тілдің сөйлем құрастыру ерекшеліктері бар. Мәселен, біздің елден шыққан журналистер  ағылшын тілінде жазғанда ең әуелі ұшырасатын кедергісі — өз тілімізде ойлап, соны ағылшын тіліне аударып жазамыз. Ал бұл бірден байқалады. Басқа тілде оқып-өскен тілі адамның жазғаны екені көрініп тұрады. 

Мұндай проблема менде де бар. Меніңше, бұл проблемадан арылу үшін қай елде болсын, мейлі ол АҚШ, мейлі Англия, сол жақта мектепте оқып, сөз саптауын суымен, табиғатымен, ауасымен бірге сіңіру керек. Сонда ғана түзеледі. Біз сияқты басқа тілде, басқа тілдік ортада қалыптасқан адамға дәл солай таза, табиғи ағылшынша жазу — өте қиын. 

«Тұтас бір материалды Қазақстаннан шыққан журналистке тапсыруы екіталай» деп айттым ғой. Мұның тағы бір себебі — ол журналист қандай керемет болса да нағыз табиғи тіл спикері ретінде жаза алмайды. Мәселен, америкалыққа қазақ тілін үйретіп, «ал енді мақала жаз» деп, оның жазғанын отандық басылымға жарияласақ, қазақ тіліндегі ортада туып-өспегені көрініп тұрады. Бұл да соған ұқсайды. Мәтінімізден білініп тұрады. Сондықтан тіл мәселесі өте-өте маңызды.

Тәжірибеге міндетті түрде назар аударады. Былтыр америкалық журналист маған хабарласып: «Батыс Қытай — Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізі туралы үлкен аудиоматериал жасап жатырмын, соған Қазақстаннан көмектесе алатын журналист керек» деді. Олар мен жіберген тізімді қарағанда журналистің тәжірибесіне ерекше мән берді. Яғни журналистің ағылшын тілінде жазу тәжірибесі ғана емес, жалпы медиада жұмыс істеу тәжірибесі өте маңызды болды.

Айтпақшы, шетелдік журналистер, мәселен, Америкаға байланысты айтатын болсам, сол елдегі редакцияларда жұмыс істегісі келсе, көбіне көп жазу тілін жетік білуді қажет етпейтін жағына бейімделетінін көрдім. Бұған оператор, видеограф, дата журналист, графикалық дизайн маманын және тағы сол сияқтыны жатқызуға болады. Журналистика дегеніміз — тек жазу ғана емес. Соңғы жаңа технологиялардың дамуына байланысты журналистика да жан-жақты дамып жатыр. Тіл шеберлігін қажет етпейтін техникалық машықтарды меңгеріп, сол қабілетімен де редакцияға жұмысқа орналасады. Бұл да қазақ журналистері де қарастырар мүмкіндік. 

Ж. Н. Қалай ойлайсыз, шетел медиасына, мәселен, Еуропа мен АҚШ медиасына Қазақстаннан қандай тақырып қызық? Қай тақырыптарға көбірек сұраныс бар?

А.Ә. Шетелдік басылымға жұмыс істегіңіз келсе, оларға қандай тақырып қызық болуы мүмкін. Иә, соны ойлау керек. Әлемдік аренада, өкінішке қарай, Қазақстан экономикасы мен саясаты өте жоғары деңгейде дамыған алпауыт елге жатпайды Шындықты айтайық. Қазақстанның тақырыптары көп елге қызық емес. Олардың да ішкі проблемалары, халықаралық қатынастағы үлкен проблемалары жетіп артылады. Қазақстан несімен қызық болады? Соны ойлану керек. Қазір Қазақстан мысалындағы соңғы оқиғаларды алып қарасақ, Ауғанстандағы жағдайға байланысты қызықтыруы мүмкін. Егер Қазақстан Ауғанстаннан босқындарды қабылдап жатса, не АҚШ Ауғанстаннан өзінің жақтастарын көшірген кезде оларға пана беріп жатса, мұны халықаралық аудиторияға қызық тақырып тұрғысынан жазатын журналистеріміздің шетелдік басылымдарға мақала дайындап, сюжет түсіруіне мүмкіндігі бар. Халықаралық контекст не шет мемлекеттің ішкі аудиториясына қызық контексте жаза алуы керек. Жақында маған бір ұйымнан хабарласып: «Ақсәуле, біз қайырымдылық қорымыз, аутизммен күресіп жатырмыз. Қазақстанда жақсы қадамдар жасалып жатыр. Соған байланысты мақала жазып, шетелдік басылымға шығарып беріңіз» дейді. Мен: «»Қазақстандағы аутизм проблемасы шетелдік басылымға неліктен қызық болады» деп ойлайсыздар» дедім. Сол сияқты ішкі проблемамыз шетелдік басылымға қызық болады, деп ойламаңыз. Егер шетелдік басылыммен жұмыс істегіңіз келсе, онда оларға қызық тақырып іздеу керек. Өкінішке қарай, осы уақытқа дейін Қазақстандағы журналистерге тікелей тапсырыс беріп жұмыс істеген ірі әрі беделді басылымдарды көрмедім. Орталық Азия тақырыбына маманданған салалық порталдар Қазақстандағы авторлармен жұмыс істейді. Ал оқырманы, аудиториясы көп іргелі газет-телеарналар Қазақстаннан журналист жалдағанша өз журналистерін жібергенді дұрыс көреді.

Ж. Н. Берклидегі Калифорния университетінде әріптестеріңізбен бірігіп дайындаған мақалаңыз Нью Йорк Таймстың бірінші бетінде жарық көруі — қазақ журналистикасы үшін де елеулі оқиғаға айналды. Арада бір жылдай уақыт өтті. Содан бері шетел медиасына жұмыс істеу тәжірибеңіз қалай жалғасты?

А.Ә. Берклидегі Калифорния университеті жанындағы Investigative Reporting Program атты журналистік зерттеу орталығында зерттеуші ассистент болып жұмыс істедім. Жәбір көрген, зорлық-зомбылық көрген балалар тағдырын әріптестермен бірге зерттедік. Сосын «Болашақ» стипендиясының иегері ретінде ел алдындағы міндетімді атқару үшін Қазақстанға қайтып келдім. Қазір Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің журналистика кафедрасында сабақ беремін. Отбасылық жағдайыма байланысты журналистік жұмыспен айналысуыма ешқандай мүмкіндік болмай жатыр. Сондықтан журналистік қызметім уақытша тоқтап тұр.

 

***

Биыл MediaCAMP Fest 2021 фестивалі 10-12 қыркүйекте өтеді. Фестивалдің үшінші күні, яғни 12 қыркүйекте Қазақстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Өзбекстанда бір мезгілде side-event, интерактив шеберлік сабағы ұйымдастырылады, медиазаңгерлердің қатысуымен талқылау болады. Фестиваль MediaCAMP Awards 2021 журналистика байқауының жеңімпаздарын жариялап, марапаттау рәсімімен аяқталады. Барлық сессияның ZOOM-дағы сілтемесін бір бетке жинақтадық. MediaCAMP Fest деген Telegram-чат бар. Сол чаттан қажет мағлұмат жарияланып отырады.

MediaCAMP Fest фестивалінің үшінші күні болатын сессияларына қатысуға шақырамыз.

upd: «Қазақ журналистері шетел медиасына жұмыс істегенде нені ескеруі керек?» деген тақырыпта өткен side-event видеосын сілтемені ашып, көре аласыз.

 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

spot_img

Популярные статьи