«“Терпила” түсінігінің теріс салдарын көрсеткім келді» — Думан Бақыткелді

0
260
«Терпила. Қоғамға таңылған түрме мәдениеті» деректі фильмі видеосынан скриншот

Qajet YouTube-жобасының авторы, Arasha.kz порталының журналисі Думан Бақыткелді Қазақстандағы Internews өкілдігі ұйымдастырған «Шағын грант. Қысқы маусым-2021» байқауында шәкіртақы жеңіп алды. Ол шәкіртақы қаражатына «Терпила. Қоғамға таңылған түрме мәдениеті» деген деректі фильм түсіріп, YouTube арнасында жариялады. Медиада сирек айтылатын тақырыпты көрермендер қызу талқылады. 

Думан Бақыткелді, фильм авторы, Qajet YouTube-жобасының авторы

— Internews ұйымы контент жасауға берілетін гранттар байқауын жариялағанын Фредрих Эверт атындағы қор ұйымдастырған «Этика. Медиа. Гендер» курсында спикер Молдияр Ергебеков мырзадан білдім. Ол кісіге жастар құқығы туралы контент жасағым келетінін айтқанымда, Internews грант байқауына қатысуды ұсынды. Ұйым сайтынан байқау туралы толық ақпарат алып, өтініш жібердім, — дейді Думан Бақыткелді.

Ол қоғамдағы стереотип түсініктердің бірі — жәбірленушінің заң органдарына жүгініп, заң бұзушылықты әшкерелейтін әрекетін жазғырудан пайда болған «терпила» ұғымының теріс салдарын талдайтын фильм түсірмек болады. 

«Негізгі идеям “Жастар құқығы” туралы еді. Соның ішінде “қоғамдағы “терпила” деген сияқты таптаурын түсініктерден арылсақ” деген мысал болды. Қазылар алқасы идеяны таныстыру, яғни питчинг-сессияда “терпила” тақырыбына тоқталуымды, өйткені маған грант емес, бір реттік стипендия берілетінін айтты. Расында бұл — өте өзекті мәселе. Мектепте, университетте оқып жүргенде, жалпы өмірде кездесер жайт. “Терпила” ұғымы “түрме мәдениетінің”, әскери өмірдің бір бөлшегіне айналғандай. Әскерде болған достарым, өзім куә болған, бастан өткізген оқиғалар мұның едәуір маңызды мәселе екенін байқатады. Міне, осы мәселені фильміме тақырып етіп алдым».

Қиын тақырыпта кейіпкер табу қиын. Автор тақырыпты зерттеу үшін түрлі салада жұмыс істейтін адамдармен, жазасын өтеген адамдармен сөйлесіп, қала мен ауыл мектептерінен кейіпкер іздепті. Айтуынша, фильм қоғамымызға сіңісіп кеткен осы бір түсініктен арылуға шақырады.

— Әуелі келіскен кейіпкерлер түсірілім болатын кезде бас тартты.Ұялғандары, «достарым мазақтайды» деп уайымдағандары бар. Десе де келіскендері табылды. Түсірілім үшін Алматы облысының ауылдарын араладық. Қоғамдағы буллинг, “терпила” ұғымы көбіне көп оқушылар мен жастарға бағытталып жатады. Фильмімде басқадан зардап шегіп, қысым көріп, жәбірленсе, мұны жария ету, заң органдарына жүгінудің ұят емес екенін жеткізгім келді. Жәбір көргенін айтқан адамды ортадан шеттетудің үлкен қате екенін түсіндірдім».

Думан Бақыткелді ұзақтығы 10 минуттық фильм дайындау үшін көп ізденген. Тақырыпты зерттеуден бөлек, деректі фильм түсірудің қыр-сырын танып-біліпті.  

«Жобаны жасау үшін деректі фильм түсіру туралы көптеген материалдар қарадым,. Тақырыпты терең зерттей жүріп, түрлі деректер таптым. Бір ғана видео түсірсем де кәсіби шыңдалуыма, шығармашылық тұрғыдан дамуыма пайдасы тиді. Көрермендер жылы қабылдады».

***

Айтпақшы, «Ірі грант 2021» контент өндірісіне гранттар байқауына өтініш қабылдау басталды. 2022 жылдың басында «Шағын грант. Қысқы маусым» және «DOC формат» байқауларына өтініш қабылданады. Internews ұйымы 2021-2022 жылдары контент өндірісін қалай қолдайтынын мына мақаладан білесіз. Internews in Kazakhstan Facebook-парақшамыз бен Instagram-парақшамыздағы және сайтымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.