Оқиғалар«Аудиторияның мемлекеттік сатып алулар тақырыбына қызығушылығы артқан» — Есдәулет Қызырбекұлы

«Аудиторияның мемлекеттік сатып алулар тақырыбына қызығушылығы артқан» — Есдәулет Қызырбекұлы

Коронавирус пандемиясы кезінде мемлекеттік бюджет қаржысы қайда және қалай жұмсалды? The Qazaq Times қоғамдық-саяси порталының тілшісі Есдәулет Қызырбекұлы осы бағытта зерттеу жүргізіп, миллиард бөлінген мемориал, миллиондар жұмсалған Мұқағали ескерткіші және тағы басқа тақырыпта мақалалар жариялады. Ол Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Шағын грант. Жазғы маусым 2021» байқауға осы идеясын ұсынып, грант жеңіп алған.

Есдәулет Қызырбекұлы байқау жөнінде Қазақстандағы Internews өкілдігінің сайтынан біліпті.

Есдәулет Қызырбекұлы, автор

«Жобамыз „Пандемия кезіндегі сатып алулар“ деп аталады. Осы тақырыпта мультимедиалы мақалалар жариялау идеясын ұсындық. Байқаудың екінші кезеңі — питчинг-сессияда қазылар алқасы жарияланатын материал санын азайтып, қаржысын қысқартып, зерттеу ауқымын кеңейтуді ұсынды. Материалдарды дайындау барысында мемлекеттік сатып алулар порталынан деректер іздеп, спикерлерден пікір алып, фотоларды өңдеп, тақырыпқа сай кесте, сызба дизайн дайындадық. Сөйтіп жобаны 3 айда орындадық».

«Пандемия кезіндегі сатып алулар» жобасы аясында барлығы 4 мақала жарияланыпты. Жалпы қаралым саны 5 мыңнан асыпты. Соның ішінде бір мақала ерекше қызу талқыланған.

  1. Назарбаевқа арналған рәсімнің құны қанша?
  2. Миллиардтық мемориал: Жемқорлық жайлаған аудандағы мегажоба
  3. Облигация сату LRT дауын шеше ме?
  4. Миллиондар жұмсалған Мұқағалидің ескерткішінен дау шықты

 

«Миллиондар жұмсалған Мұқағалидің ескерткішінен дау шықты» деген мақаланы жарияланғаннан кейін Алматы облыстық мәдениет басқармасының өкілдері Нарынқол ауылына орнатылған ескерткішті тексеріпті. Содан кейін ескерткішті қайта жасауға шешім қабылдаған. «Билік өкілдерінің мұндай шешім қабылдауына біз жариялаған материалдың да әсері болды» деп есептейміз. Себебі бұл мәселені сол уақытта бізден басқа санаулы ғана БАҚ жазды, — дейді Есдәулет Қызырбекұлы. 

Жобаны орындау барысында автор өзінің қай машықтарын тағы жетілдіру қажет екенін түсінген.

«SMM және дизайн тұрғысынан қиыншылық болды. Internews Қазақстан өкілдері мақала дизайны жөнінде кеңес беріп, көмектесті. SMM машықтарымды дамыту қажетін түсіндім. Қазір осы бағытта курстарға қатысып жатырмын. Мемлекеттік сатып алулар порталынан тереңдете ақпарар іздеуді үйрендім. Материалды мәтінмен ғана емес, графикалық тұрғыдан, яғни суретпен әрлеу де маңызды екенін түсіндім. Оқырманға нақты дерекке негізделген мақала ұсына білу шеберлігім шыңдалды».

Автордың сөзінше, The Qazaq Times редакциясы мемлекеттік сатып алулар бойынша алдағы уақытта да материал жариялайды. 

«Соңғы кезде мемлекеттік сатып алулар тақырыбына аудиторияның қызығушылығы бұрынғымен салыстырғанда біршама артқан. Сондықтан бұл бағытта зерттеулерімізді жалғастырамыз».

***

Айтпақшы, жақында «Шағын грант. Қысқы маусым» және «DOC формат» байқауларына өтініш қабылданады. Internews ұйымы 2021-2022 жылдары контент өндірісін қалай қолдайтынын мына мақаладан білесіз. Internews in Kazakhstan Facebook-парақшамыз бен Instagram-парақшамыздағы және сайтымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи