HomeОқиғалар«АяЛайық»: қыздардың жапа шекпеуіне ықпал етер контент
Оқиғалар«АяЛайық»: қыздардың жапа шекпеуіне ықпал етер контент

«АяЛайық»: қыздардың жапа шекпеуіне ықпал етер контент

Әрбір әйел ұзақ та бақытты өмір сүруге лайық әрі құқылы. Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асқан «АяЛайық» жобасының айтары осы. Жоба мақсаты — қыздардың өзін-өзі тануына, физикалық және моральдық тұрғыдан жапа шекпеуіне танымдық контент арқылы ықпал ету. 

«Шағын грант. Жазғы маусым 2021» контент өндірісіне гранттар байқауында жеңіске жеткен жоба авторы, Balbal.kz жетекшісі Жазира Байдалы идея қалай туындағанын, «АяЛайық» атауының мәнін және тақырып таңдағанда неге сүйенгенін айтып берді. 

Ол Қазақстандағы Internews өкілдігінің контент жасауды қолдайтын грант байқауы басталғанын сайттан көріп, қызығыпты. 

Жазира Байдалы, «АяЛайық» жобасының авторы

— Бизнес мотивация бағытында сапалы контент жасап, еліміз бай да бақытты болуына сапалы үлес қосуға арналған balbal.kz деген жеке сайтым бар. Сайтты күйеуім екеуіміз ашқанбыз. Шағын грантқа ұсынатын жоба идеясын ойланып жүргенімде Аяжан Еділова деген қыз баласының өлімі туралы хабар тарады. Ауыр өлім. Редакциямызда жыламаған адам жоқ. Аяжанның кісі қолынан болған өлімі жаныма қатты батты. Үш күн жыладым.  Бұл іс бойынша журналистік зерттеу жүргізіп, «көбірек материал шығарайық» дедік. Содан редакция жиналысында «АяЛайық» жобасының идеясы келді. Бұл жоба арқылы қыз баласын үлкен өмірге дайындау, ер адамдармен қарым-қатынас барысында түрлі қауіптерден сақтандыру, өз бетінше өмір сүруге үйрету деген ойдың дәнегін санаға егу үшін сапалы контент дайындауымыз керек, деген идея болды.  «АяЛайық» деген атауда «әрбір қыз ұзақ та бақытты өмір сүруге лайық әрі құқылы» деген мағына жатыр. Қыздарға арналған түрлі танымдық бағыттағы 16 материалдың тақырыбын дайындап, байқауға өтініш жібердім. Екінші кезеңге өтіппіз. Питчинг-сессия болды. Жоба мақсатын, қалай орындалатынын, материал қалай жасалатынын түсіндіріп, таныстыруымыз керек. Қазылар алқасына жоба идеясы ұнады. Алайда “16 материал тым көп, әзірге 4 материалдан бастайық” деген ұсыныс тастады. Расында да 16 материал дегеніміз — үлкен жауапкершілік. «Интерньюс ұйымының контентке қоятын халықаралық стандарт талаптарына сай келетін материал дайындаудың қыр-сырын меңгеріп, сосын ірі грантқа өтініш берермін» деп ойлап, 4 материал қысқарту ұсынысын қабыл алдым. Мақсатым — аудиторияға сапалы контент ұсына отырып, шыңдалу. Қазылар алқасы идеямды құптағанына қатты қуандым. Питчинг-сессиядан өтіп, үшінші кезеңге жеткенде сапалы контент қандай болуы керек, мақаланы қалай жазады, этика талаптарын сақтау, жалпы жобаны жүзеге асырудың мән-жайын түсіндірді, — дейді Жазира Байдалы. 

«АяЛайық» жобасына барлығы 4 тақырып таңдалыпты. Мәселен, харассмент, сепарация және қыз бен жігіт кездесуі сияқты тақырыптар бар. Автор айтқандай, барлығы да өзекті әрі қажет тақырып. 

— Мұндағы сепарация дегеніміз — есею, яғни баланың ата-анадан ажырауы. “Бала бізге тиесілі” деп ойлаймыз, шын мәнінде, бұл — қате, өйткені бала мына өмірге тиесілі. Бізде ата-ана баланы меншіктеп алады. Әр қадамын бақылайды, бақылаудан бөлек, шектеу қояды. Әсіресе, қыздар әкесі тұрмақ, анасымен ашық сөйлесе алмайды. Сондықтан «Мама, мені тыңдашы» деген тақырыпта сепарация мәселесін қозғадық. Тағы бір тақырып — харассмент. Қазақ тіліндегі медиада харассмент туралы қазақша контент аз. Сондықтан харассмент бойынша бүкіл сұраққа жауап беретін танымдық контент дайындадық. Кейіпкер де табылды. Қоғамдық ұйымдар көмектесіп, кейіпкер тауып берді, сарапшыларды тарттық. Харассмент — қоғамдық дерт. Ал бізде харассмент туралы ашық айтуға да болмайды. Қабылдай алмаймыз. Сондықтан “қабылдап үйренейік, әсіресе, сөзбен тиісуге шектеу қояйық, әркім ойына келгенін айта салмасын” деп, бір видеоны харассмент тақырыбына арнадық. «Қыз бен жігіт кездесуі» деген тақырып бар. Бізде көбіне-көп әлеуметтік желіде танысып, сосын кездеседі. Кездесуге қалай киініп барған жөн, кездесу орнын қай жерде белгілеу керек, қауіпсіз кездесу дегеніміз не, кездесу кезінде этикет сақталуы керек пе? Өйткені қыз да, жігіт те кездесуде өзін қалай ұстайтынын білмеуі мүмкін. Бұл тақырыпта материал дайындап, жаңа инсайт алдым. Психолог айтқандай, этикет сақтау міндетті емес екен. Себебін егжей-тегжейлі түсіндірді. Мінеки, осындай қажет тақырыптарды контент дайындадық, — деді Жазира Байдалы.

Жоба командасында барлығы үш адам болыпты: режиссер-оператор, SMM маманы және жоба жетекшісі әрі редактор-жүргізуші Жазира Байдалы. Барлығы 4 видео және әр тақырып бойынша видеомен мәндес 5 мақала жарияланыпты. 

— 5 мақала жариялаудың да себебі бар. Өйткені Internews ұйымындағы жобаның орындалу сапасын тексеріп, қабылдайтын консультанттар бірінші видеомыздың олқы тұстарын көрсетті. Содан айтылған ескертпелерді ескеріп, мақалаға өзгеріс енгізіп, бөлек бір материал дайындадық. Контент сапасына қойылар талап ұнады: ойды нақты жеткізу, оқырманға дәлел ұсыну, ақпаратты инфографикамен беру, материалда қозғалып отырған мәселенің өзекті екенін дәлелдейтін кейіпкер болуы, сарапшының кәсіби біліктілігін анықтау. Мәселен, инстаграмда психология туралы айта беретін блогерлерден сұхбат аламыз. Ал бізге «”АяЛайық” жобасына мұндай адамдар эксперт бола алмайды» деді. Яғни психологиядан сарапшы шақырылса, онда психология мамандығын оқығаны жөнінде дипломы бар практик-психолог болуы шарт. Мен осы шарттарды бұлжытпай орындап, сарапшы іздегенде олардан: дипломыңыз бар ма, практик психологсыз ба, нақты осы мәселені зерттедіңіз бе, қанша уақыттан бері зерттеп жүрсіз, қандай еңбектеріңіз бар, мына мәселе жөнінде ойыңыз қандай, деген сұрақтар қойдым, — дейді автор. 

Жобаны жүзега асыру барысында бірнеше қиындық туындаған. Ең қиыны — сарапшы табу. 

— Өйткені көбінің дипломы жоқ, бірақ сол тақырып  бойынша эксперт көзқарасын білдіреді. Яғни халық ішінде эксперт аталып кеткен, ал хабарласып, сұрасаң, көбінің дипломы болмай шығады. Дипломы бар эксперт табу қиынға соқты. Және бір қиындық — кейбір сарапшылар уақытысын бөлгісі келмейді, түсірілімге қатысқанына ақша сұрайды немесе бартер негізінде келісім жасағысы келеді. Мұндай сарапшылардан дереу бас тарттық. Үшінші қиындық — аудитория тарту. Танымдық бағыттағы контент тұтынатын аудитория аз боп шықты. Бірақ сонда да тоқтамай, танымдық материалдарды оқырманға ұсына беруіміз керек. Уақыт өте келе қазақ тіліндегі танымдық контент тұтынатын аудитория да ұлғаяды. Мұндай тақырыптар уақытқа бағынбайды, ескірмейді. Біздің видеоны қиын жағдайға душар болып, мәселесінің шешімін іздеп, басы қатып жүрген 100 адам көрсе және қажет ақпаратты алса, мақсатымыз орындалғаны. Мені қуантатыны да осы, — деді Жазира Байдалы. 

«АяЛайық» жобасын жалғастыруға Алматыдағы университеттерде журналистика, филология мамандығына оқитын студенттер қызығыпты. Олар тағы бір тақырыпта контент дайындап жатыр. 

— Студенттер келіп, оларға тәлім беріп жатырмын. Өзім де журналист ретінде шыңдала түстім. Контентке талабым күшейді. Бұқараға қажет тақырыптарды қозғадым. Жобаны орындауға кеткен 3 айда уақытымның бекер өтпегенін түсіндім. Мұндай жобалар көп болса екен. Өйткені қоғамдағы көп дерт, қаншама проблема білместіктен туындайды. Білімсіздіктен проблемаға тап болады, басқа да қиындықтар туындайды. Енді бұл жобаны жалғастырғым келеді. Тура осы жобаны ірі грантқа ұсынамын. Демеуші табылып қалар. Бәлкім YouTube-та жаңашаланған нұсқасы дүниеге келетін шығар. Жалғастырғым келеді және бұған да бір күні мүмкіндік туатынына сенемін, — деді Жазира Байдалы.

***

Айтпақшы, 2022 жылдың басында «Шағын грант. Қысқы маусым» және «DOC формат» байқауларына өтініш қабылданады. Internews ұйымы 2021-2022 жылдары контент өндірісін қалай қолдайтынын мына мақаладан білесіз. Internews in Kazakhstan Facebook-парақшамыз бен Instagram-парақшамыздағы және сайтымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

LEAVE A REPLY

Please enter your comment!
Please enter your name here

spot_img

Популярные статьи