ОқиғаларҚазақстанда «DOC формат» байқауының жеңімпаздары белгілі болды

Қазақстанда «DOC формат» байқауының жеңімпаздары белгілі болды

«DOC формат» деректі фильм өндірісіне гранттар байқауында Қазақстаннан бес жоба жеңіске жетті.

Байқауға үш елден барлығы 79 жоба: Қазақстаннан — 52 (қазақ және орыс тілдерінде), Тәжікстаннан — 23, Өзбекстаннан — 4 өтініш келіп түсті.

Байқауды 2022 жылғы 21 қаңтарда жарияладық. Қазақстанда өтініш қабылдау 10 ақпанда аяқталды. 

Грантқа өтініш берушілер ашық байқауға идеясын, дайын фильм қандай боп шығатынын елестете ұсынып, кейіпкерлері мен түсірілім орындарын көрсетіп, мақсатты аудиториясын сипаттап, жоба бюджетін негіздеуі қажет болды. Деректі фильм тақырыбының өзектілігі мен әлеуметтік мәні де маңызды. 

Әр елдегі техникалық іріктеуден кейін 12 қазақстандық жоба қысқа тізімге өтті. Оның 4-і қазақ тілінде, 8-і орыс тіліндегі жобалар болды.

Ашық байқауға өтініш қабылданып жатқанда Internews аймақтық Деректі кино мектебін ұйымдастыра бастады. Бұған осы үш елдің документалистері мен документалист болғысы келетін адамдар қатысты.

Internews «DOC формат» байқауының қысқа тізіміне ілінген авторларға осы Деректі кино мектебінде тыңдаушы болып, халықаралық кәсіби документалистердің теориялық курсын тыңдауды ұсынды. Сондай-ақ, Деректі кино мектебі шәкірттерінің (тыңдаушылардан бөлек) деректі фильм түсіруін де қолдады. Олар да ашық байқау сауалнамасын толтырып, «DOC формат» питчингіне шақырту алды. Деректі кино мектебінде оқитын қазақстандықтар бес жобаның идеясын ұсынды. Осылайша үміткерлер өзара жарысқа түсті. 

Питчинг онлайн форматта өтіп, үш күнге жалғасты. Қазылар алқасы Орталық Азия елдері мен Ресейдің деректі кино сарапшылары, режиссерлері, сценаристері және осы формат бойынша оқыту, мұндай жобаларды дамытуды қолдау жұмысымен айналысатын Internews қызметкерлерінен құралды. 

Қазылар алқасы питчингке өткен жобаларды көріп, Қазақстаннан бес үздік жобаны таңдады. Бұл жобалар Internews қаржыландыруына ие болды. Бес автордың екеуі — Деректі кино мектебінің шәкірті болса, қалғаны — ашық байқау қатысушылары. 

Жеңімпаздар тізімі: 

  • Думан Бақыткелді Шыңжаңдағы лагерьде болған қазақтар туралы фильм түсіреді (қазақ тілінде);
  • Зарина Мұхамедәлінің фильмі Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі мен орган музыкасына арналады (орыс тілінде);
  • Кристина Михайлова Алматы облысындағы Ақсай өзенінің жолы туралы фильм түсіреді (орыс тілінде);
  • Ілияс Отан ел ішінде азайып бара жатқан кәсіп — мұраптар туралы фильм ұсынады (оқиғаны орыс тілінде баяндайды, Деректі кино мектебінің шәкірті);
  • Альмира Исмаилованың фильмі Қазақстанда жойылып бара жатқан ауылдар және жаһанданудың ауыл тұрғындарына әсері проблемасына арналады (Деректі кино мектебінің шәкірті).

Жеңімпаздардың бәрі фильмін 2022-2023 жылдары түсіреді және көрсетеді. Кейбір авторлар фильмін халықаралық кинофестивальдерге жіберуді көздеп отыр. 

Байқай қалай өтіп, бәсеке қандай болғаны, барлығы қанша жоба қатысқанын мына мақаладан оқып-білуге болады. 

Назар аударатын бір жайт: «DOC формат» байқауы алғаш рет өткізілді. Бұған дейін басқа байқаулар аясында деректі фильм өндірісіне қолдау көрсетіп келген едік. Сол кезде контент жасаушылардың дені кино өндірісіне қатты қызығатынын байқадық: басым бөлігі документалистика жанрында жоба жасағысы келді. Міне, сондықтан да бөлек байқау ұйымдастырып, қазақ, тәжік, өзбек және/немесе орыс тілдерінде фильм түсіретін документалистерге қолдау көрсететін боп шештік. 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи