ОқиғаларҚаңтар оқиғасы кезінде журналистер қандай қысымға ұшырады?

Қаңтар оқиғасы кезінде журналистер қандай қысымға ұшырады?

3 мамыр — Дүниежүзілік баспасөз еркіндігі күні. Атаулы күн БҰҰ Бас Ассамблеясының шешімімен 1993 жылы бекітілді. Осы орайда «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы Ғалия Әженова мен Ақтөбедегі tilshi.kz сайтының редакторы Асқар Ақтілеуден Қаңтар оқиғасы кезінде журналистердің ақпарат таратуына қандай кедергілер болғанын, бүгінгі медианың жай-күйін сұрадық.

«Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының мониторинг дерегінше, Қаңтар оқиғасы кезінде және кейін оқиға салдарынан БАҚ саласының 41 қызметкері түрлі деңгейде зардап шеккен. Мұның қатарында БАҚ қызметкерінің өлімі, оларға шабуыл жасау/жарақаттау, тұтқындау, жауап алу, сотқа дейінгі тергеулер, айып тағу, әкімшілік жаза, бірнеше тәулікке қамау сияқты деректер бар.  

Ғалия Әженованың айтуынша, кейінгі кезде тек журналистер емес, жалпы халқымыз үшін ең ауыр тиген оқиға, әрине — қанды Қаңтар оқиғасы.

Ғалия Әженова, «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының сарапшысы

— Қанды Қаңтар біз үшін өте ауыр. Еліміздің басынан қауіпті жағдай өтті. Басқа адамдармен қатар журналистер де жапа шекті. Тек журналистер емес, блоггерлер, белсенділер, жазып-сызып жүрген белсенділер үшін бұл үлкен бір сынақ болды. Біріншіден, президент Қ.Тоқаев «ақпараттық саясаттан жеңілдік» деп айтты. Яғни ақпараттық саясат дұрыс болмаған жерде қандай да бір қауіп-қатер, қандай да бір олқылықтар болуы әбден мүмкін. Соны мына Қанды қаңтар бізге көрсетті. Ақпарат ала алмаған жұртшылық журналистерге үміттене қарады. Ресми ақпарат та, бейресми ақпарат жоқ, интернет жоқ жерде телефонмен де хабарласа алмай қалдық. XXI ғасырда интернетті өшіріп тастау адамдардың ештеңе білмей, бейхабар қалуына себеп болды, бас амандығын ойлауға, басқа нәрселерге назар аударып, маңайда не боп жатқанын білуіне, журналистердің ақпарат таратуына үлкен кедергі болды. Ресми мәлімет бойынша, 238 адам көз жұмды. Олардың өлім себебін тергеу орындары анықтап жатыр. Бірақ бұл жай шеше салатын нәрсе емес. Журналистер, блогерлер, жалпы белсенді адамдар жариялаған видеолар, олардың жұртты сақтандырып, қолынан келгенше интернет пайда болғанда ақпарат кеңістігіне жіберуі кімнің қандай жағдайда не болғанын түсінуге мол мүмкіндік берді. Яғни ең бірінші біз, журналистер, ақпараттық соғыстан жеңілдік деуге болады. Неге? Біз уақытылы, дер кезінде не боп жатқанын айтып үлгермедік. Журналистердің халықты алдын ала ескертуге, боп жатқан жағдаятты толық баяндауға мүмкіндігі болмады. Ең қиыны — «интернет өшірілмесе, жағдай басқаша өрбитін бе еді, мүмкін, өлген адамдар саны азырақ болар ма еді» деген ой күн өткен сайын келе береді. Қанды қаңтарда «Әділ сөз» сөз бостандығын қорғау халықаралық қорының мониторингі бойынша, әртүрлі жағдайда 41 БАҚ өкілі зардап шекті. Олар кәсіби қызметін атқарып жүргенде түрлі жағдайға тап болып, жарақат алып, қиындыққа ұшырады. 6 қаңтарда «Алматы» телеарнасының көлік жүргізушісі Мұратхан Базарбаев оққа ұшты. Олардың түсірілім тобы алаңдағы жағдайды түсіруге бара жатқанда шабуыл жасалып, көлікке оқ атқан. Жүргізуші қаза болды, жанындағылар жарақат алды, — дейді Ғалия Әженова. 

Қор дерегінше, журналистерге шабуыл жасаған 18 оқиға тіркелген. Оның 17-і журналистер жаппай тәртіпсіздік оқиғасы боп жатқан жерден ақпарат тарату, кәсіби міндетін орындау кезінде болған. Шабуылдан 7 журналист түрлі жарақат алған. 

«Бізге журналистер әуелі бейбіт митинг боп басталғанын айтты. Кейін топ арасындағы түр-түсі күмәнді адамдар PRESSA деген жазуы бар кеудеше киген журналистерге ұмтылып, камераларын тартып алуға тырысып, қоқан-лоққы жасапты. Мұндай оқиғалар Өскемен, Орал, Маңғыстау, Атырауда болған. Журналистер жиналғандардың арасындағы арандатушыларды байқап, бейбіт жұртқа сондай адамдардан сақтануды ескертіп те отырған. Мәселен, Ақтауда Сәния Тойкен деген журналист бейбіт митингке жиналған жұртшылықтың маңынан бір топты көрген. Олардың «жай тұрғаннан ештеңе бітпейд, әкімдікке барайық, қиратайық» деп айтып тұрғанын естіп, өз-өзіне сенбей, жанына барып, «сіздер арандатып тұрсыздар ма» деп ренжіп айтқанда олар Сәнияға ұмтылып, «біз саған көрсетеміз» деген сыңайда қорқытқан. Ол ереуілші жігіттерге «мыналар арандатушылар ғо, неге тұр» деп хабарлаған. «Митингіні бейбіт түрде өткіземіз, арандатушылыққа жол бермейміз» деген митингшілердің өздері ана тұрған топты митингінің арасынан ысырып, «біздің жолымыз бір емес, шығыңдар мына жерден» деп шығарып жіберген. Ал Оралда журналист Лұқпан Ахмедияров осындай арандатушылар «әкімшілікті қиратайық» деп тұрған кезде «сіздер не деп тұрсыздар, мақсаттарыңыз қирату ма еді» дегені үшін қамауға алынды. Дарын Нұрсапар да қамалды. Журналист Бақыт Смағұл Көкшетау қаласында «жастар арандап қалмасын» деп комиссияның мүшесі ретінде митингіге жиналғандарды тыныштандыруға, тынышталуға шақыруға барған екен. Оны да қамады. Оларға рұқсат етілмеген митингіге қатысты деген айып бойынша әкімшілік жаза тағайындалған. 4-8 қаңтар аралығында құқық қорғау органдары журналистерді 13 рет ұстаған. Мұның 11-і елдегі наразылық акцияларынан ақпарат тарату, төтенше жағдай кезінде болған. Қаңтар оқиғаларына байланысты журналистер мен блогерлерді сотқа дейін тергеп-тексеру, сотқа тарту бойынша 10 дерек тіркелді. Кейбір жағдайда полиция қызметкерлері күш қолданып, журналистер түсірген видеоматериалдарды өшірген. Бұл журналистердің кәсіби қызметіне кедергі жасау болып отыр. Кәсіби қызметін атқарып жүрген кезде оларды жәбірлеу, сотқа тарту, оларды заңсыз соттаудың өзі әлі күнге дейін дұрыстап зерттелмеген. Қызметінде жүрген журналистерге жаза қолданды. Бұл қай жағынан қарасақ та негізсіз әрі заңсыз».

«Әділ сөз» қорының өкілдері наразылықтар акцияларынан хабар таратуға байланысты журналистер мен блогерлерді полицияға шақыру бойынша 12 оқиғаны тіркеген. Полицейлер журналистерден митинг өтетін жерде не үшін болғанын сұраған. 

Tilshi.kz сайтының редакторы, журналист Асқар Ақтілеу Қаңтар оқиғасы кезінде Ақтөбе полицейлері бір журналистің үйіне тінту жүргізгенін айтты

Асқар Ақтілеу, tilshi.kz сайтының редакторы, журналист

— Комендант сағаты кезінде Ардақ Ерубаева деген әріптесім: «үйіме полиция келе жатыр» деп хабарласты. Үлгеріп, үйіне бардым. Кіріп шамалы отырғаным сол еді, сағат 11-лер шамасында 5 адам кіріп келді. Үш полицей және 2 «понятой». Бір сағаттай тексерді, сосын Ардақ Ерубаеваны «допросқа» алып кетті. Сағат түнгі 2-лерде әкеліп тастады. Негізі сол күні алып кеткендердің бәрін бірдей үйіне қайтармады. Таңға дейін полицияда күтіп отырғандары бар. Таң ата, комендант сағатын алып тастағаннан кейін қайтарды. Қаңтар оқиғасына кезінде журналистердің жұмысына осындай кедергілер болды, — дейді Асқар Ақтілеу.

Ол Ақтөбе облысындағы журналистердің қазіргі жағдайы туралы да айтты. 

— Облыс әкімдігі журналистерге ақпарат бере бермейді. Журналистер сол жағынан қынжылады. Яғни ақпарат алу қиын. Сосын қазір журналистердің ақпарат алу, ақпаратқа қол жеткізу бойынша сұраныс жіберуі, сол сұранысқа жауап болмай қалса, не мардымсыз жауап келсе, ақпарат беретін тараптың үстінен шағым айтып, заңға жүгінуі байқалмайды. Журналистің кәсіби міндетін орындауына кедергі келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілік бар ғой. Журналистер сол бапты пайдаланбайды. Бұл тек Ақтөбеде емес, жалпы Қазақстандағы жағдай, — дейді Асқар. 

Оның сөзінше, қазігі журналистиканың тарататын контенті тым ұқсас, бірін-бірі қайталап кетті. 

«Бір оқиғаны 5-6 телеарна бірдей алып береді. Контент біркелкі боп кетті. Ерекше ақпарат іздеу жағынан журналистер шамалы еріншек па, әлде шын оқиға болмай ма, болған күнде таратпай ма, сондай бір түсініксіз жағдай. Журналистер қатары толықпай қалды. Курс оқып, кездейсоқ келіп қалған адамдар болады. Астана, Алматыда оқып келген журналистер бар. Бірақ жанып тұрған адам аз. Сосын бұрын қазақ журналистерінде жұмыс бола бермейтін. Айналып келгенде санаулы негізгі мемлекеттік БАҚ-тарда жұмыс істейтін еді. Бұрын Ақтөбеде тек екі БАҚ, облыстық газет пен телеарна бар еді. Жалпы өңірде қазақ тілінде жазатын журналистерге жұмыс жоқ болатын. Ал қазір Астана, Алматыда жаңа жобалар ашылып, бірді-екілі журналистер ілініп кетеді. Соған қуанамыз. Қосымша жұмыс болса да, негізгі жұмыс болса да, мемлекеттік медиамен шектелмей, кішкене еркін форматтарға көшіп жатқаны қуантады».

Асқар Ақтілеудің сөзінше, Ақтөбедегі журналистердің өзара ынтымақтастығы жоғары деңгейде екен.

— Тағы бір қуантатыны — Ақтөбеде қазақ тілінде хабар тарататын журналистердің ауызбіршілігі жақсы. Бірге жүреді. Бір журналистке қысым көрсетсе, бәрі бірігіп, әріптесіне қолдау көрсете кетеді. Сөйтіп бір-бірін құтқарып алатындай шамаға жетті. Бұрын әкімдер көбіне орыс тіліндегі газеттерге, журналистерге басымдық беретін. Ақпаратты орысша айтатын. Қазақ журналистері: «енді осының қазақшасын айтып беріңізші, аударып беріңізші» деп жүрсе, қазір жағдай керісінше. Сенсация болсын, проблема болсын, жақсы позитив материал болсын, көп жағдайда қазақ тілінде жазатын журналистерден, қазақ тіліндегі ақпарат құралдарынан тарап жатыр. Әкімдіктер қазақ тілінде жазатын журналистермен санасады. Бұрынғыдай емес, — дейді ол.

Ғалия Әженова қазіргі журналистиканың жай-күйіне баға бере отырып, 30 жылда халық қана емес, журналистер де шаршағанын айтты 

— Себебі біз журналисттер елдегі мәселелерді шешу үшін бар жағдайды анық, объективті түрде қоғамға және үкіметке жеткізуіміз керек. Бірақ көбіне халықтың сауалы, мұң-мұқтажы сол күйінде қалып қоя береді. Өйткені, өкінішке қарай, атқарушы, заң шығарушы және сот билігі көбіне бір жақты болып кетті. Тәуелсіз мемлекет болған 30 жылдық тарихымызға қарасақ, «Бір тұлғаға жұмыс жасауымыз керек» деп, бір тұлғаның жақсы көрінуіне, оның жасап жатқан әрекеттерінің барлығы оң деп қарауға, жақсы имидж жасауға тырысқанымыз рас. Бірақ арасында “сол имидж жасанды дүние ғо, негізі шешілмей жатқан, қордаланып жатқан мәселе көп қой, соған назар аударайық” деген журналистер сотқа тартылып, кейбіреуінің газеті жабылып, сайтына бұғаттап, айып төлеткен жағдайларды білеміз. Билік басына жаңа президент келіп, «Жаңа Қазақстан салып жатырмыз, Жаңа Қазақстанға қызмет етуіміз керек» десек те әлі Ескі Қазақстанның көлеңкесі, ескі Қазақстан олигархиясының көлеңкесі, ескі көзқарастың көлеңкесі, психологиялық әсері жоқ емес, бар. Қайда барсаң да президенттің айтқаны бір бөлек, ал атқарушы биліктің жасап жатқаны екінші нәрсе боп шығады. Президент Тоқаев “БАҚ туралы заңды қайта қарау керек” деп тайға таңба басқандай айтты. Бұл енді көп жылдан бері айтылып келе жатқан мәселе ғой. Расында да журналистерге арналған жаңа заң қажет. Журналистер 85-90%-ы жамау-жамау заңның аясында өмір сүріп келе жатыр, — деді Ғалия Әженова.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи