«Бейнетті зейнет» медиажобасы: «Қазақстанда айына 21 191 теңге зейнетақы алатындар бар»

0
1335
«Бейнетті зейнет» жобасының кейіпкерлері / коллаж

Зейнетақы көлемін есептеу кезіндегі қате ережелер зейнеткердің өмір сапасына елеулі әсер етеді. Өйткені күнкөрісі зейнетақысына тәуелді. Сондықтан бейнетіне сай емес зейнетақы оған зейнет жасында да түрлі жұмыс істеуге мәжбүрлейді. «Бейнетті зейнет» медиажобасының авторлары ел көкейіндегі мәселені дөп тауып, зейнетақы есептеудегі қате, есептеу формуласының кемшін тұстары, заңға қажет өзгерістер, жалпы зейнетақы тағайындау барысындағы қиындықтар туралы мақалалар сериясын жариялады. Бұл жобаны журналист, Zan365.kz сайтының бас редакторы Ақжарқын Қыдырханова бастаған команда жүзеге асырды. Олар осы «Бейнетті зейнет» жобасының идеясын 2022 жылғы ақпанда АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қаржылай қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында Internews ұйымдастырған «Шағын грант — 2022» байқауына ұсынып, жеңіске жеткен еді.

Ақжарқын Қыдырханова, жоба жетекшісі

«“Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы” заңның 11-бабына өзгеріс енгізуге атсалысуды мақсат етеміз» деген жоба авторлары сайтта 5 материал, әлеуметтік желілердегі парақшасында әр материал бойынша видеоролик жариялапты. 

  1. «Қайда тартсаң да, жетпейді». Жасы келген зейнеткерлер не себепті жұмыс істеуге мәжбүр?
  2. Жайма базардан нәпақа табатын мұғалім зейнеткер
  3. Зейнеткерлерге жұмыс табу неге қиын?
  4. Қазақстанда толық зейнетақыны алу үшін азаматтар 14 жасынан бастап еңбек еткен болуы керек
  5. Қазақстанда толық зейнетақыны тағайындау мерзімі әзірге өзгеріссіз қалады

Сайттағы бес материалдың төртеуі — фоторепортаж. Мұнда 4 кейіпкердің оқиғасын баяндайды. Бәрі де зейнеткер. Зейнетақысы аз, қосымша түрлі жұмыс істеп, жан бағуға мәжбүр. Ал бір материалда Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық пен Халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары зейнетақы есептеу кезіндегі қолайсыз қиындықтар туралы айтады.

Мысалы, 65 жастағы Ербол Алданов 54 мың теңге зейнетақы алады. «Бір айда осы ақшаға ғана өмір сүремін деу күлкілі ғой. Олай тартсаң да, былай тартсаң да, жетпейді. Қымбатшылық күн өткен сайын қысып барады» деген ол базарда күзетші боп жұмыс істейді. Ал 70 жастағы Ризвангүл Таштемирдің зейнетақысы – 70 мың теңге. «Кезінде азын-аулақ ақшаң болса да, құны бар еді. Көп нәрсе алуға болатын еді. Қазір нанның өзі қымбат. Ет, балық алу – арман. Таныс базаршыларға бағасы түскен, қалдық еттер болғанда ескертуін сұраймын. Сондай жеңілдік кезінде ғана аламын» деген зейнеткер күнкөріс қамымен жайма базарда тоқыма, киім-кешек сатады. «Жұмыс табу қашан да қиын, ал зейнет жасында жұмыс табу тіпті қиын» деген Татьяна Минкина 70 мың теңге зейнетақысы ас-суына да жетпейтін болған соң еңбекке араласып, мектеп күзетшісі боп жұмыс істеуге мәжбүр. Зейнеткер Бадиша Қожахметова да мектепте күзетші боп жұмыс істейді. Зейнет жасына дейін түрлі жұмыс істепті, бірақ зейнет жасынан асқанда жұмыс табу қиынға соққан.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Zan365.kz (@zan365.kz)

— Осы жоба аясында қоғам назарын әдетте медиада жиі көтерілетін тақырыптардан (зейнетақы көлемі мен зейнет жасы) бөлек, басқа да мәселелерге салуға тырыстық. Атап айтсақ, бүгінде тек зейнеткерлер мен Халыққа қызмет көрсету орталығы, Зейнетақы төлеуі жөніндегі мемлекеттік орталық мамандары арасында ғана айтылып жүрген мәселе — «Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» заңның 11-бабына назар аудардық. Бұл бап бойынша, Қазақстанда толық зейнетақы 1997 жылдың 31 желтоқсанына дейін 25 жыл (ерлер), 20 жыл (әйел) еңбек өтілі бар адамдарға беріледі. Қазір зейнетке шығып жатқан азаматтар: ер адамдар — 1959 жылы туғандар, әйелдер — 1962 жылы туғандар. Толық зейнетақыны алуы үшін олар 14 (ерлер), 16 (әйелдер) жасында еңбек жолын бастап кетуі керек. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталық маманының айтуынша, қазіргі уақытта толық зейнетақыны елде ешбір азамат алмайды екен. Себебі олар тиісті еңбек өтілін жинауы керек болған кезеңде мектепте оқып жүрген. Біз жобамызда бұл қате екенін, яғни толық зейнетақы алу қазір еш мүмкін емес, себебі толық зейнетақы алу үшін адамдар 16 және 14 жасынан бастап еңбек етуі керек екенін мәселе етіп көтердік, — дейді Ақжарқын Қыдырханова.

Жоба авторлары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне осы мәселені айтып, сауал жолдаған екен.

— Министрлікті «Бейнетті зейнет» жобасының жүріп жатқанын, ондағы кейіпкерлердің мәселесі жөнінде хабардар еттік. Заңнамадағы қате жөнінде ескертіп, оның қашан өзгеретіні жөнінде сұрадық. Министрлік зейнетақы кезең-кезеңімен өсіп отыратынын, зейнеткерлердің әлеуметтік жағдайы әрдайым бақылауда екенін ғана айтып, ресми жауап қайтарды. Біз осы жоба аясында заңды өзгертуге бірден ықпал етіп кетпесек те, материалдарымыз, кейіпкерлер оқиғасы, маман пікірі арқылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің назарын заңдағы осы қатеге аударттық. Ал келешекте заңға өзгеріс енгізіліп жатса, «Бейнетті зейнет»-тің ең үлкен жетістігі осы болар еді. Мәселені тереңдеп зерттеу барысында бұл қаншама зейнеткердің өміріне теріс әсер жатқан шектеу екеніне көзіміз жетті. Тіпті Қазақстанда айына тек 21 191 теңге алатын зейнеткерлер де бар. Бірақ мұны көбі біле бермейді, –деді Ақжарқын Қыдырханова. 

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Zan365.kz (@zan365.kz)

Оның сөзінше, жобаны жүзеге асыру барысында туындаған басты қиындық – кейіпкерлермен келісу болыпты. Кейіпкер көп, бірақ фотовидео түсірілімге келісіп, сөйлей қоятыны өте сирек. Себебі жасы келген азаматтар мәселесін жария айтуға қысылды. «Балалары, немерелері оларды әлеуметтік желіден көретінін», зейнетақысының төмен екенін ел алдына шығып айтқысы келмейтінін жеткізді. Сөйтіп кейіпкерлерді ұзақ іздедік. Жұмыс істейтін зейнеткерлерді табу үшін бірнеше күн базар аралап, сөйлестік. Көбі мәселесін ауызша айтады, бірақ фото-видеоға түсуді қаламайды. Десе де бар мәселені жария айтудан қысылмай, көптің көкейіндегі сауалды жеткізуге келісім берген зейнеткер кісілер табылды, – дейді Ақжарқын. 

«Бейнетті зейнет» жобасының сайт пен әлеуметтік желілердегі жалпы қаралымы 50 мыңнан асты. Авторлар бұл жобаны келешекте аудитория ауқымын ұлғайту, яғни аудиториясын кеңейту бағытында дамытпақ.