Қорытынды жаңалықтар, көркем фильмдер, интертеймент форматындағы бағдарламалар, тіпті мультфильмдер. Орталық Азияда алғаш рет өткен Медиасын (медиакритика) мектебі студенттерінің үш күн бойына көргені де, талдап, талқылағаны да осы болды. Телевизия және цифрлы платформаларға арналған түрлі жанрдағы шығармалар. Бір мезгілде емес, алуан уақытта жарыққа шыққаны тағы бар. Алматыда өткен Internews тренингіне Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстаннан келген 16 журналист қатысты.
Медиаға сын дегеніміз медианың жұмысына сараптама, медиаматериалдардың форматын, құрылымы, тілін, мазмұны мен сапасын талдау және сыни баға беру. Әдіс ретінде бұқаралық коммуникация ғылымында қолданады. Кәсіби БАҚ-та медиасынды журналист шығармашылығына жатқызады. Орталық Азиядағы медианың мазмұнын талдап, бағамдаудың жаңа тәсілі. Бағалап, бағамдайтын материалдар жариялауға көптеген БАҚ әрекет жасағанымен де Орталық Азия аймағында медиасынға арналған тұрақты айдар не автор колонкасы әзірге жоқ. Newreporter.org сайтындағы Медиакритика жаңа рубрикасы осы жағдайды өзгертуге міндетті.
Медиасын мектебінің менторлары талай жылдардан бері медиаға сын жазумен айналысатын, түрлі БАҚ бетінде авторлық колонкалары, бағдарламалары шыққан, қазір де шығатын ресейлік журналистер Анна Качкаева мен Ирина Петровская болды.
— Сіз, мысалы, қай телеарнада не көрсетіп жатқанын жай ғана жазып өтсеңіз болады. Не баға бересіз. Мына бір телеарнада мынадай үш жаңалық, ал тағы бір телеарнада мынадай үш жаңалық, енді бір телеарнада мынадай үш жаңалық көрсетіп жатқанын айтып, қандай маңызды оқиға сол телеарналардың ешбірінде көрсетілмегенін атап өте аласыз. Мәселен, «көшеде мынадай оқиға болғанын біз көргенімізбен сол оқиғаны телевизия көрсетпеді» деп жазасыз. Егер сіз үш телеарнадағы үш жаңалықты эфирден көрсетуін жай ғана салыстырып шықсаңыз, онда бұл медиасынға жатпайды. Әр эфирдің ең сүйекті сюжеті қайсы екенін, үлкен репортаждар мен маңызды сұқбаттарын салыстыруға болады. Жанрларды, ішкі құрылымын, сюжеттердің ұзақтығын (яғни, тақырыпқа назар аударуы) салыстыра отырып, өз шолуыңызды жасайсыз. Тележүргізушінің ақпаратты қалай жеткізгенін, аудиториямен қалай қарым-қатынас жасағанын, нені және неліктен екпінмен айтатыны жөнінде жазылған шолуларды оқу әрдайым қызық. Бұл да медиасынның бір бөлігіне айналатын өте маңызды мониторинг,-дейді Анна Качкаева.
— Бұрын 10 бағдарламаның не оқиғаның 8-9-ын телевизиядан, енді біреуін – интернеттен, яғни YouTube видеохостингінен алсақ, қазір сол пропорция өзгере бастады. Қазір пайыздық көрсеткішпен алғанда, талқылап,, әңгімелеуге жарайтын оқиғалардың арақатынасы кері өзгеріп, 70 пайызы YouTube үлесіне, қалған 30%-і телевизияға тиесілі. Айта кетерлігі, назарға аударатын телевизиялық оқиғалардың бәрі де минуспен таңбаланады. Не айқай-шу, дау-дамай, не қоғамдағы айналып өтуге келмейтін тақырыптарға қатысты күтпеген шешімдерден құралады,-дейді Ирина Петровская.
Оның айтуынша, газетте телебағдарлама туралы сын жазсаңыз, ол тұрақты түрде шығуы тиіс. Сонда оқырман күтеді екен.
— Бұл үшін телеарналарда болып жатқан жаңалықтарды қалт жібермей, әрдайым қадағалап, хабарлап отырыңыз. Мысалы, Ресейде газеттегі телешолуларды оқитындар, күтетіндер көп. Оқырмандардың дені газеттегі нақты сол сын жарияланатын айдарды ашып, оқиды,-дейді Ирина Петровская.
Анна Качкаева рецензияның негізгі екі түрі барына тоқталды. Айтуынша, түсіндіретін және баға беретін рецензия болады.
— Қандай рецензия болмасын, рецензияны қысқа жазыңыз. Күрделі сөйлемге айналдыра бермеңіз. Мәтінді дауыстап оқып, олпы-солпы тұстарының бәрін алып тастаңыз,-дейді Анна Качкаева.
Ирина Петровскаяның айтуынша, медиасын жазатын автор өзіне ұдайы сенімде болса, кері кетеді. Дамымайды. Егер медиасын жазар алдын нашар жазудан қорқу сезімі болса, онда автордың қаламы ұштала түсіп, алға дами түседі екен.
Тренингте айтылған теорияның барлығы да тәжірибемен толықты. Қатысушылар бірінші күні «Қызыл телпек» («Красная шапочка») ертегісінің желісімен жасалған түрлі мультфильмдерді көрді. Топ-топқа бөлініп, әр топ «Қызыл телпек» ертегісі желісімен әр редакцияның ұстанған саясаты негізінде сюжет құрастырды.
«Қайырлы түн, іске сәт» («Good Night, and Good Luck») тарихи драмасына рецензия жазды.
Екінші күні Орталық Азия елдерінің республикалық телеарналарының апталық сараптама, атап айтқанда «Портрет недели» («КТК» телеарнасы, Қазақстан), «Тахлилнома» (Узбекистан24 телеарнасы, Өзбекстан), «TJ news» (Tajikstan телеарнасы, Тәжікстан), НТС, «Итоги недели» (HTC, Қырғызстан) бағдарламаларын көрді.
Әрбір қатысушы сол бағдарламалардың бірін таңдап, құрылымына, блоктарға бөлінуіне, қандай тақырыптан бастап, қандай тақырыппен аяқтағанына, жүргізушінің сөйлеу мәнеріне, кадрларына, қандай элементтер қолданғанына, хронометражына, форматына және тағы басқа сипаттары бойынша медиасын жазды.
Үшінші күні журналист Леонид Парфеновтың «Живой Пушкин», «Война в Крыму», «Птица-Гоголь», «Зворыкин-Муромец», «Цвет нации» фильмдерін, бағдарламасын тамашалады. Журналист фильмінде қандай элементтерді қолданғанын санамалап, талқылады.
Содан кейін «Парфенон» ютуб-каналына шыққан “Намедни» жобасының НАМЕДНИ-1946 атты алғашқы сериясын көрді. Осы НАМЕДНИ-1946 туралы мини-рецензия жазды.
Бірінші, екінші күні орындаған практикалық жұмыстарын, рецензияларын тек аудитория ішінде талқыға салса, «Намедни» фильміне жазған рецензияларын бірден әлеуметтік желіде жариялады. (сол рецензияларды Facebook әлеуметтік желісінен #МедиакритикаЦА хештегінен табасыз.
Мәселен, Сүлеймен Демирель университетінің журналистика мамандығына бакалавры, бүгінде Тұран университетінің магистрі әрі СДУ-де оқытушының ассистенті болып қызмет ететін Оразай Қыдырбаев Telegram мессенджерінде Қазақстан медиасы туралы қазақ тілінде каналын жүргізеді. Ол «Намедни» бағдарламасына жазған рецензиясында жүргізушінің телевизия мен YouTubeтегі стиліне талдау жасап, студияда қазақ тілінде өлеңдетіп жүргізетін журналист Нартай Аралбайұлын мысалға келтіреді.
«Парфеновтың жүргізу шеберлігіне, сөйлеу мәнеріне, ақпаратты жинақтап, сараптау қабілетіне таңдай қақпау мүмкін емес. Youtube-тағы видеосын қарағанда жылдар бойы телевизия саласында қызмет атқарғаны бірден байқалады. Жүргізуші өзін оқиға орнындағы тілші сезініп, студия ішін арлы-берлі кезіп жүреді. Камераға тік қарамай, қырынан үңіледі. Бұлар телевизияның классикалық стэнд-ап стилі. Көгілдір экран үшін қалыпты көрінсе де, Youtube платформасына жараспайтын сияқты. Сөйлемдерін бір-бірімен ұйқастырып, фразеологизмдерге жиі жүгінуі — “Мәселе” авторы Нартай Аралбайұлын еске түсіреді. Әрине, бұл қырынан алып қарағанда, Парфенов қазақ тілінің байлығын күллі әлемге “паш етіп”, кез келген репортажды Шекспир қойылымына айналдыра алатын өзіміздің Нартайға жетпейді» деп жазады автор рецензиясында.
Бұл да шетелдік медиаөнімді талдау арқылы жергілікті жобалар және жалпы медиа туралы әңгімелеудің бір мысалы.
Тренингтің тағы бір қазақстандық қатысушысы Маргарита Бочарова бұрындары Vlaсть порталында медиашолулар жасаған. Оның «Намедни-1946» жобасына рецензиясы өте өткір жазылыпты. Өйткені, Қазақстанға тікелей қатысы бар. 1946 жылы картада Калининге атау берсе, қазір Қазақстанда Астананың атауын өзгерту аса қызу талқыланып жатыр. Өзара байланыстарын, ұқсастықтарын көре білу, мазмұнын ашу, параллельдер жүргізу де медиасындағы ерекшеліктердің бірі.
Медиасын мектебі басталғанға дейін қатысушылардың ешбірінде телевизияға медиасын жанрында жазылған көлемді портфолиосы болмады. Семинар аяқталғаннан кейін Анна Качкаева «Медиасын жанрында кім жазғысы келеді?» деп сұрады. Бәрі де қолдарын көтерді. Демек, Орталық Азияға әлі тың жанр – медиаматериалдың мазмұнын талдап, бағалайтын медиасын жанры әлі де дамиды.