ОқиғаларДушанбеде MediaCAMP Award аяқталды: аймақтың үздік журналистері анықталды

Душанбеде MediaCAMP Award аяқталды: аймақтың үздік журналистері анықталды

Халықаралық әділқазылар алқасы Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбеде тұңғыш рет өткен Орталық Азияның MediaCAMP Fest фестивалінде журналистер мен блоггерлерге арналған MediaCAMP Award байқауының жеңімпаздарын анықтады.

MediaCAMP Award байқауы 10 шілдеде Орталық Азияның 4 мемлекетінде басталды. Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан және Түркіменстанда журналистер мен блоггерлерден байқауға қатысуға өтініштер қабылданды. Небәрі бір ай ішінде 470 жұмыс келіп түсті.

Байқау номинациялары тақырыптарға бөлінді. «Үкімет және қоғам», «Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты», «Жәрдемдесер уақыт» және «Ерлер ел ішінде» номинацияларымен қатар фотографтарға арналған «Объектив» номинациясы да болды. Бұл номинацияның жеңімпазы, яғни үздік фотосуретті интернет-дауыс беру арқылы анықтады.

— Әлемде журналистика сапасын, яғни жақсы журналистиканы нашар журналистикадан айыратын қасиеттер ортақ. Бұл — әлемнің түкпір-түкпіріндегі журналистер ұстануы міндетті: адалдық, баланс, объективтілік, ұсынылған ақпараттың жан-жақтылығы, толымды болуы, этикалық нормалар. Сондықтан да мұндай жағдайда журналист жұмысын қай медиада, қандай платформада істейтіні маңызды емес. Бізге журналистің қандай кәсіби қырларын көрсете алғаны маңызды,-деп түсіндірді өз шешімін халықаралық әділқазылар алқасының төрағасы Манана Асламазян.

Іріктеу комиссиясы әрбір қатысушы мемлекеттен төрт негізгі номинациялардың әрқайсысынан үш өтінішті таңдап алды. Түркіменстаннан келіп түскен жұмыстар аз болғаны себепті барлық үш материал да алынды. «Объектив» номинациясының жұмыстары арнайы сайтта жарияланып, сонда онлайн-дауыс беруге ұсынылды. Басқа номинацияның материалдарын орыс тіліне аударып, халықаралық әділқазылар алқасы мүшелерінің қарауына берді. Халықаралық әділқазылар алқасына төрт республиканың әрқайсысынан екі өкілден енді.

  • Қазақстаннан: журналист, PR-маман Дмитрий Шишкин және «Азаттық» радиосының ТВ-продюсері Қасым Аманжол.
  • Қырғызстаннан: журналист, PR-менеджер Авланбек Джумабаев және телерадиода, халықаралық жобаларда жүргізуші, дыбыс режиссері Ибрагим Хасан-Ахунов.
  • Тәжікстаннан: Тәжікстандағы «Открытое общество» институтының басқарма төрағасы Алмас Сайфутдинов және Соғыс және бейбітшілік институтының (IWPR) және соның Тәжікстандағы CABAR ASIA сайты редакторы Марат Мамадшоев.
  • Түркіменстаннан: «Ватан» республикалық газетінің бөлім меңгерушісі Джумагулы Атаев пен қоғам қайраткері, редактор, жоба менеджері Лидия Керими аудармашы арқылы мүше болды.

Әділқазыларға медиадаму саласында 30 жылдық тәжірибесі бар, ТЭФИ сыйлығының екі дүркін жүлдегері, сонымен қатар Ресей телевидениесіне сіңірген еңбегі үшін марапатталған Манана Асламазян төрағалық етті.

Әділқазылар байқау қорытындысы туралы не ойлайтынын, журналистерге қандай кеңестер бергенін мына мақаладан оқи аласыз.

Жеңімпаздар

MediaCAMP Fest фестивалі басталғанға дейін әділқазылар алқасының барлық мүшесі финалистердің жұмысымен танысып, бағалады. Алайда жеңімпаздардың жұмыстарын талқылау үшін іс-шара кезінде арнайы кездесті. Байқау қорытындысы фестивалдің соңында шығып, әділқазылар 21 қыркүйекте жеңімпаздардың есімін атады.

Сонымен, олар:

«Объектив» номинациясында Түркіменстаннан қатысқан Мердан Ильясов жеңімпаз атанды. Оның «Нохурдағы таң» фотосуреті 341 дауыс жинады.

«Шекарасы жоқ ұрпақ – Мүмкіндіктер уақыты» номинациясында Қырғызстаннан қатысқан Ольга Долженкова «Пара фраз» сюжетімен 3 орын, Тәжікстаннан қатысқан Саодат Рахими «Единственная в ЦА: как живёт первая таджикская команда по баскетболу на колясках» сюжетімен 2 орын алса, Қазақстаннан Алуа Никитина «Серік Есматов» сюжетімен 1 орынға ие болды.

Тәжікстаннан қатысқан шығармашылық топ «Салом, соседи» жұмысын ұсынып, осы номинацияның «Қызық хикаялар таба білгені үшін» арнайы сыйлығымен марапатталды.

«Жәрдемдесер уақыт» номинациясында әділқазылар тек екі жұмысты ғана бірінші және екінші орынға лайық таныды. «Күміс» медалді Тәжікстаннан қатысқан Гульнора Амиршоева мен Зульфия Голубева «История душанбинского пса» лонгриді үшін иеленді.

Осы номинацияның «алтын» жүлдесін Қырғызстаннан қатысқан Марина Мирошник «Представьте, что в животе 40 зубов и все болят» материалы үшін алды. Ол бұл материалында елдегі онкологиялық аурумен ауыратын жандардың мәселесін қозғаған.

«Ерлер ел ішінде» номинациясының 3 орын жүлдесіне «Школа танцев людей с инвалидностью» сюжетімен Қырғызстаннан қатысқан Бекжан Асылбеков лайық танылса, 2 орынды «История Санжара» сюжетімен Қырғызстаннан қатысқан Александр Титов алды. 1 орын Қазақстаннан қатысқан журналист Абай Сейфоллаұлы Тіленшиев пен режиссер Қалижан Оспановқа берілді. Олар көзі нашар көретін шопанның өмірі туралы сюжет ұсынған екен.

Бұл номинацияда екі арнайы сыйлық болды. Екеуін де қазақстандық авторлар алды. Марат Сыдықов әйелдер колониясындағы ателье туралы видеоролигі үшін «ең үздік әлеуметтік бастама» сыйлығымен марапатталса, «Көркем шешім үшін» номинациясымен трансгендер әйелдер туралы сюжет ұсынған Ульяна Фатьянова марапатталды.

«Үкімет және қоғам» номинациясын әділқазылар «ең қиын тиген күрделі номинация» деп атады. Бұл номиниацияда келіп түскен өтініштер саны едәуір көп, сәйкесінше жеңімпаздар да көп болды. 3 орынды тәжік-қырғыз шекарасындағы ауылдардың тұрғындары туралы «Простые граждане: Мы не хотим противостояния!» репортажымен Тәжікстаннан қатысқан Тилав Расулзода алса, 2 орынды «Секретные апартаменты президента» материалымен Қазақстаннан қатысқан Ольга Лихограй мен Қырғызстаннан бензин контрабандасы туралы сюжетін ұсынған Кайыр Жоолбеков өзара бөлісті.

1 орынға «Операция по спасению вора в законе Азиза Батукаева» журналистік зерттеуі үшін Қырғызстаннан Орозбай кызы Кайыргул және Тәжікстаннан «Дома, которые построил Бег Сабур» журналистік зерттеуін ұсынған Ёкуб Халимов лайық танылды. Осылайша, «Үкімет және қоғам» номинациясының бірінші орын жүлдесі екеу болды.

Ақтық дауыс беруге жолданған материалдардың барлығы орыс тіліне аударылды, бірақ халықаралық әділқазылар алқасында материалды түпұсқасында түсінетін ұлт тіліндегі мүшелері болды. Олар қажет болған жағдайда ұсынылған жұмыстың мықты тұстарына әріптестерінің назарын аудара алады.

Бірінші орын алған жеңімпаздар сыйлық ретінде 1000 доллар, екінші және үшінші орын иегерлері бағалы сыйлықтар алды. Байқау мақсаты — қоғамда маңызы бар оқиғалар мен құбылыстарды жазып жүрген Орталық Азиядағы дарынды журналистер мен тәуелсіз контент жасаушыларды ынталандыру. Аймақтағы медиа саланы дамытуға ат салысып, қоғам өкілдерінің сапалы ақпаратқа қол жеткізуіне септігін тигізу.

Байқауға аймақта тіркелген медиакомпанияларда штатты немесе штатсыз түрде жұмыс істейтін кез-келген журналист, тәуелсіз контент жасаушылар, шығармашылық топтар қатысты. Шетелден қаржыландыратын немесе мемлекеттен тыс жерде тіркелген БАҚ журналисі қатыстырылмады.

MediaCAMP Award байқауы Орталық Азия аймағында кемі алдағы төрт жыл тағы өтеді.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму Агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады. Бағдарлама туралы мына бөлімде, ал мұнда әлемдегі Internews, Тәжікстандағы Internews жайында жазылған.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи