ОқиғаларСыни ойлауды қалай дамытамыз? Медиасауаттылық кеші өтті

Сыни ойлауды қалай дамытамыз? Медиасауаттылық кеші өтті

Қазақстанның түкпір-түкпірінде медиасауаттылыққа баулитын ниеттес адамдарды көбейту керек. Медиасауаттылықты дамыту үшін бірлесе жұмыс істеу әрі жаңа форматтарды игеру маңызды.

11 тамыз күні өткен Медиасауаттылық кешіне қатысушылардың негізгі айтары осы пікірге саяды. Медиасауаттылық кеші «Мен – Медиа» тренерлерге арналған тренингі  аясында ұйымдастырылды. Zoom платформасында өткізілген кешке барлығы 35 адам қатысты. Бес тренер төрт түрлі тақырыпта параллель сессиялар өтті.

1. Айсұлу Шәйкенова (Петропавл қ.): «Пандемия & Инфодемия: жеке ақпараттық алаңды қалай қорғауға болады»;

2. Абылайхан Сыздықұлы (Алматы қ.): «Медиасауаттық және ақпараттық гигиена»;

3. Сағындық Жанысбаев (Шымкент қ.), Гүлзира Есетова (Ақтау қ.): «Цифрлық медиасауаттылықты арттырудың 7 қадамы»;

4. Мадина Жатқанбаева (Нұр-Сұлтан Қ.): «Фактчекинг және оның азаматтық қоғамда сыни ойлауды дамытудағы маңызы»

Мұндағы сессия авторларының бәрі (Айсұлу Шәйкенова, Абылайхан Сыздықұлы, Сағындық Жанысбаев, Гүлзира Есетова, Мадина Жатқанбаева) «Мен – Медиа» тренерлерге арналған тренингіне қатысқан. Енді олар өңірлерде медиасауаттылыққа баулитын тренингтер өтеді.

Айта кетерлігі – «Мен – Медиа» тренингінде Internews өкілдігінің бұрнағы жылдардағы медисауат тренингтеріне қатысып, медиатренер атанған азаматтар: Мейрамхан Жәпек, Бағлан Айдаров, Айнұр Коскина, Бақтыгүл Бурбаева, Татьяна Голубцова және тағы басқалары сабақ берді. Медиасауаттылық кешінде биылғы шәкірттерінің жұмысына пікір білдірді.

Кеш модераторы – медиа және цифрлы сауат бойынша медиатренер, журналист, зерттеуші Мейрамхан Жәпек болды.

Кеш қонақтары қатарында Internews Қазақстан өкілдігінің басшылығы, Internews медиасауат бағытының үйлестірушісі Гүлнар Асанбаева, Internews қазақ тіліндегі жобалар бойынша үйлестірушісі Асхат Еркімбай бар.

Айсұлу Шәкенова

Бірінші сессияны жүргізген Айсұлу Шәкенова Петропавль қаласындағы СҚМУ-дің «Журналистика» кафедрасында доцент болып қызмет етеді. Ол «Пандемия & Инфодемия: жеке ақпараттық алаңды қалай қорғауға болады» тақырыбындағы презентациясын интерактив форматта бастады.

Kahoot.it сервисінде 14 сұрақтан тұратын викториналық ойын дайындапты. Сұрақтың барлығы коронавирус пандемиясы туралы түрлі қауесеттерге арналған.
Айсұлу Шәкенова сұрақтарды ДДСҰ сайтындағы коронавирус туралы кең таралған миф-түсініктерден құрастырғанын айтады.

Ол осылайша сессия қатысушыларының пандемия туралы естіп-білгенін, сенетін-сенбейтінін айқындап алды. Әрі қарай коронавирус пандемиясы кезінде жалған ақпарат та көбейгенін, инфодемия жағдайында өмір сүріп жатқанымызды айтып, ақпаратты сүзгіден өткізу, жалған ақпаратқа қарсы иммунитет қалыптастыру туралы әңгімеледі. «Мен – Медиа» тренерлерге арналған тренингінің медиатренері Бақытгүл Бурбаева пікірін айтты.

– Айсұлу орысша топта дайындықтан өтті, бірақ бүгінгі медиасауаттылық кешінде қазақша презентация жасады. орысша үйренгенін қазақ тілінде өте жақсы жеткізе білді. Ол университетте оқытушы болып қызмет етеді. Сонымен қатар медиатренер қабілетін де көрсетіп, бәрі мүмкін екенін дәлелдеді. Көршілес елдердің тәжірибесінен көптеген мысал келтірді,-деді Бақтыгүл Бурбаева.

Абылайхан Сыздықұлы

Екінші сессияда Абылайхан Сыздықұлы «Медиасауаттылық және ақпараттық гигиена» тақырыбына сөйледі. Ол дәстүрлі фактчекинг ақпаратын аудиторияға ойнақы әрі жеңіл мазмұнда тарату қажетін айтып, осы бағытта не істегісі келетінін көрсетті.

Абылайханның сөзінше, жалған ақпарат қабылдауға жеңіл болатыны себепті де тез таралады. Сондықтан да жалған ақпаратты терістейтін фактчекинг-ақпарат та вирусты сипатқа ие болса, көп адамға жетеді.

– Бізде қарапайым халық естігеніне көп сенеді. Ал Абылайхан содан жақсы мысал келтіріп, фактчекинг ақпаратты ойнақы жеткізуді ұсынды. Бұл расымен де назар аударып, ескеруге лайық ұсыныс,-деді медиатренері Бағлан Айдаров.

Үшінші сессияда Сағындық Жанысбаев пен Гүлзира Есетова «Цифрлық медиасауаттылықты арттырудың 7 қадамы» тақырыбында дайындаған жобасын таныстырды. Медиасауаттылыққа баулығанда топтық және жекелей ойындар, театралды әдістер, оқылған мәліметті түртіп алу жүйесінің маңызды екеніне тоқталды.

– Тренерлер диджитал медиасауаттылықты арттыру үшін қажет әрекеттерді тізіп шықты. Сессияда айтылған нақты қадамдардың барлығы аса пайдалы әрі тиімді,-деді Мейрамхан Жәпек.

Мәдина Жатқанбаева

Төртінші сессияны жүргізген Мәдина Жатқанбаева Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Ол «Фактчекинг және оның азаматтық қоғамда сыни ойлауды дамытудағы маңызы» тақырыбында сөйледі.

Ол құқық қорғау саласында қызмет ететін маманмен бірігіп, қаржы пирамидалары туралы зерттеу жүргізіп жатыр. Бүгінде көп адам қаржы пирамидаларына ақша салып, алданып қалады. Мұны тоқтатудың бір жолы – сыни пайымды дамыту. Мәдина зерттеу барысында қаржы пирамидаларын тексеріп, арнайы лицензиясы жоғын анықтаған. Мәдина Жатқанбаева сессияда өзекті мәселені мысалға алып, фактчекинг жасай білу мен сыни ойлауды дамытудың қаншалықты маңызды екенін түсіндірді.

– Мәдинаның мықты тұсы – нақты мысалының көптігінде. Мәдина фактчек ұғымын қаржы пирамидасы кейсі тұрғысынан түсіндірді. Адамдар қаржы пирамидасына қалай алданып жатқанын көрсетті. Мәдина аудиториямен жұмыс істей біледі. Аудиторияны ұмытып та кетпейді, қатты уайымдап та кетпейді. «Түсіндіңдер ме» деп қайта-қайта сұрамай, ең соңында бір-ақ сұрады. Тағы бір ерекшелігі – презентациясын өз кейсінен бастады. Сөз саптауы ұнады. Десе де презентацияға байланып қалмауға кеңес беремін. Табиғи әңгіме айта білу қабілетіңізді пайдаланыңыз. Сонда өте жақсы медиатренер болатыныңызға сенемін,-деді Internews медиасарапшысы Асхат Еркімбай.

Медиасауаттылық кешінің соңында модератор Мейрамхан Жәпек:

«Медиасауаттылық бағытында көптеген тың өзгерістер, тың жаңалықтар болатынын біліп отырмыз. Бұрынғы жол, бұрынғы сүрлеу артта қалды. Тың идеялармен алға жылжу керек. Қазір біздің қоғамда сыни ойлау жетіспей жатыр. Осы медиасауат мәселесінде бірігіп, Қазақстан түкпір-түкпірінде медиасауаттылықты дамыту өте маңызды. Соны дамытуға арналған тың форматтар қолдануға, тың дүниелер ойлап табуға болады, таптаурын қағида жоқ. Ең бастысы – нәтиже»

,-деп қорытындылады.

Бұл жоба АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында жүзеге асты.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи