«Шағын грант. Жазғы маусым 2021» байқауының нәтижесі шықты. Түрлі формат пен жанрдағы 23 жоба (қазақ тілінде 14, орыс тілінде тоғыз) жеңіске жетті.
Internews Орталық Азияда контент әзірлеу бойынша идеялар байқауын үшінші жыл қатарынан өткізді. Байқауға Қазақстан Тәжікстан және Өзбекстандағы контент өндірушілер қатысты. 2020 жылы командамыз жұмыс форматын өзгерту туралы шешім шығарып, жобаларды бірнеше топқа бөлді:
- Ауқымды әрі ұзақмерзімді жобаларға арналған «Ірі грант» байқауы;
- Шағын әрі қысқамерзімді жобаларға арналған «Шағын грант. Қысқы маусым» және «Шағын грант. Жазғы маусым» байқаулары. «Шағын грант» байқауларының «Ірі грант» байқауынан айырмашылығы — мұнда гранттан бөлек жекелеген авторлар (жеке тұлға) стипендияға да өтініш беруіне болады.
«Шағын грант. Жазғы маусым 2021» контент өндірісі байқауына өтініш қабылдау 2021 жылғы 16 наурызда басталып, 6 сәуірде аяқталды. Барлығы 158 өтініш (қазақ тілінде 68, орыс тілінде 90) келіп түсті. Идеяларды зерттеп-зерделеу барысы өте қызық. Қазақстандағы авторлар мен медианың ерекше идеясы көп. Үшінші жыл қатарынан байқағанымыз: видео ең танымал формат болып отыр, әсіресе YouTube-жоба жасауға ынта жоғары. Авторлар видеорепортаждардан бөлек толыққанды деректі фильмдер түсіруді де ұсынады.
Елімізде подкаст қарқынды дамып жатқанын «Ірі грант 2020» байқауынан түсіндік. Міне, «Шағын грант. Жазғы маусым» байқауына подкаст жобалар жасау жөнінде көп өтініш түсіп, тұжырымымыз расталды. Медианарығымыз үшін мүлдем ерекше, тың идеялар да бар. Мысалы, қала сәулеті туралы контентті qr-кодтар арқылы тарату, қоғамдағы тенденцияларды коллаж түрінде жеткізу. Жоба тақырыптары да әралуан. Бұрыннан айтылып келе жатса да, әлі күнге дейін маңызды әлеуметтік тақырыптардан (ауыл, экология проблемалары, жетім балалар, зорлық-зомбылық) бастап, мүлдем тосын тақырып (жоба жүзеге асқанда аудиторияға таныстырады) ұсынғандар да бар. Бұл да қуантарлық жағдай.
Internews командасы әріптестерге шабыт сыйлар жобаларын байқауға ұсынғаны үшін алғыс айтады. Бір адамның екінші адаммен бөлісер ең құнды дүниесі — идея. Мінеки, сондықтан да идеяларды іріктеп, таңдап, талдау да оңай емес. Бұл — үлкен жауапкершілік.
Іріктеу қалай өтті?
Өтініш қабылдау аяқталып, Internews сарапшылары техникалық іріктеу өткізді. Бұған бір аптадай уақыт кетті: 158 өтінішті жеке-жеке мұқият қарап, байқау қатысушыларының портфолиосындағы сілтемелерді ашып, қарады. Команда мүшелері әр жобаны талқылады. Кейде бір-бірімен айтысып, жоба идеясының мықтылығын дәлелдеп жатты. Барлық жобаны да келесі турға өткізіп жіберген оңай әрі қолайлы болар еді. Өкінішке қарай, бұл тіпті техникалық тұрғыдан мүмкін емес: онда барлық жобаның презентациясы 10 күнге дейін созылар еді.
Кейбір өтінішті келесі кезеңге өткізбедік. Мәселен, авторлардың бірі фестиваль ұйымдастыру бойынша өте керемет идея ұсынды. Алайда бұл контент өндірісі байқауының форматына сай келмейді. Кітап басып шығару да байқау шартына қайшы, сондықтан мұндай идеяларды қолдай алмаймыз. Кейбір автордың бюджеті шектен тыс асыра көрсетілген не жеткілікті негізделмеген.
Техникалық іріктеуден қазақ тілінде 24, орыс тілінде 30 жоба өтті.
Әр топқа жеке питчинг ұйымдастырылды, яғни авторлар жоба идеясын ауызша таныстырды. Әрбір қатысушының сөйлеуіне 15 минут: идеясын таныстыруға 5 минут, қазылар алқасының сұрақтарына жауап беруге 10 минут уақыт берілді. Питчингке арнайы шақырылған комиссия таңдау жасады. Қазылар алқасының құрамына Internews тарапынан бір-екі қызметкер және контент өндірісін жетік білетін, абырой-беделге ие үш-төрт тәуелсіз сарапшы енді.
Қазылар алқасы авторларды тыңдап, жобасы туралы егжей-тегжейлі сұрап, жеке бағалау кестесіне мына критерийлер бойынша ұпай қойды:
- идея өзектілігі;
- форматы (тақырыпқа лайық болуы, инновациясы);
- дайын өнім қандай болатынын көре білуі;
- команданың жобаны іске асыра алуы;
- ақылға қонымды бюджет.
Питчинг соңында әр автордың алған ұпайларын қосады (ең жоғары жиынтық ұпай – 85) және байқау жеңімпаздары таңдалады.
Қазақ тіліндегі жобалар питчингі 16 сәуірде өтіп, бір күнге жалғасты. Сарапшылар 8 сағат презентация тыңдады. Қазылар алқасының мүшелері:
- Жұлдыз Әбділда, медиасарапшы, медиатренер;
- Димаш Зиядин, Baribar сайтының бас редакторы, аудармашы,публицист;
- Аян Қалмұрат, Azattyq журналисі;
- Әйгерім Ағылтаева, медиасарапшы, тренер, «Алматы» телеарнасының продюсері;
- Асхат Еркімбай, Internews Kazakhstan медиасарапшысы.
Қазылар алқасы қазақ тіліндегі 14 жобаны қолдауға шешім шығарды (тоғызы — грант, бесеуі — стипендия):
- Тілек Ырысбек, «Шыңжаннан келген қандастар» жобасы: Қытайдан келген қазақтар өмірі туралы видеоконтент (грант);
- Шырақ Байкенова, Paidaly Podcast жобасы: жыныстық сауат туралы YouTube-жоба (грант);
- The Qazaq Times интернет-басылымы, «Пандемия и тендер» жобасы: зерттеу журналистикасы жанрындағы материалдар сериясы (грант);
- Manshuk Media медиакомпаниясы, «Жалғызбасты әкелер» жобасы: жалғыз әкелер өмірі туралы видео (грант);
- Newmedia.kz компаниясы, «Ауыл және медиа» жобасы: мультимедиа материалдар сериясы (грант);
- Bugin.kz медиасы, «#Аялайық» жобасы: жасөспірімдерге арналған видеоконтент (грант);
- Дастан Аққожа, «Инклюзивті қоғам» жобасы: инклюзия тақырыбындағы материалдар сериясы (грант);
- Tilshi.kz медиасы, «Білім: ауыл және қала» жобасы: мультимедиа материалдар сериясы (грант);
- Naryk.kz медиасы, «Қаржылық сауат» жобасы: қаржылық сауат тақырыбында материалдар сериясы (грант);
- Әмина Көлбаева, «Оңай олжа құрбандары» тақырыбында лонгрид (стипендия);
- Мият Талғатұлы, «Білім мен мәдениетке мемлекеттік тапсырыс» тақырыбында мультимедиа материалдар (стипендия);
- Кәмшат Әбдірайым, «Хаттар сөйлейді» подкасты (стипендия);
- Азамат Махамбет, «Заманауи музыка» мультимедиа контенті (стипендия);
- Дана Маратова, «Әжемнің әңгімесі» подкасты (стипендия).
Орыс тіліндегі жобалар питчингі 15-16 сәуірде өтті. Сағат 11:00-ден 18:00-ге дейін жалғасты. Қазылар алқасының құрамы:
- Парыз Байтенов, журналист, саяси шолушы;
- Полина Шиманская, журналист, медиатренер, қазір мемлекеттік мекеменің баспасөз хатшысы болып қызмет етеді, әлеуметтік желілерде медиажобалар жүргізеді;
- Пётр Троценко, Azattyq репортері, кейіпкерлер, хикаялар іздеп, күллі Қазақстанды шарлап шыққан журналист-фотограф;
- Манана Асламазян, Internews-тің Орталық Азиядағы жобалары бойынша консультанты, ТЭФИ сыйлығының лауреаты;
- Ирина Грибовская, журналист, Internews-тің контент өндірісі жөніндегі маманы.
Питчингте ең көп ұпай жинаған тоғыз жоба жеңіске жетті:
- «Мой город» басылымы, өтініш беруші — Анэль Кайнеденова, Батыс Қазақстан экологиясы туралы видеконтент (грант);
- Ariadna онлайн басылымы, өтініш беруші— Антон Платонов, Қазақстандағы өнер туралы материалдар сериясы (грант);
- Геннадий Ипатов, Instagram-ға арналған медиажоба, Рудный қалашығының проблемалары мен тыныс-тіршілігі туралы контент (грант);
- Марина Шарипова, кітаптар туралы подкаст (грант);
- The Village.kz басылымы, өтініш беруші — Мәлика Мұханова, балалар зорлық-зомбылығы туралы материалдар (грант);
- «Архкод» командасы, өтініш беруші — Анель Молдахметова, Алматы архитектурасы туралы инновациялық жоба (грант);
- Ольга Гумирова, сәулет ескерткіштері туралы контент, Алматы (стипендия).
- Руслан Телегин, саяжай феноменін зерттеу туралы лонгридтер, Қарағанды (стипендия);
- Ольга Горай, мемлекеттік бағдарламаларды бақылау жөніндегі жоба, Қостанай (стипендия).
Жобаңыз бұл маусымда жеңіске жетпесе, еш қамықпаңыз. Идеяңызды іске асырудың басқа да жолдарын іздестіріңіз. Мәселен, алда болатын байқауларымызға қатысыңыз:
- Алдағы күзге жоспарланған «Ірі грант 2021» байқауы;
- Күзде өтетін «Шағын грант. Қысқы маусым 2021» байқауы.
Сайтымыз бен әлеуметтік желілердегі парақшамызда жарияланатын хабарландыруларды қарай жүріңіз.
«Шағын грант. Қысқы маусым 2020» жеңімпаздары мен олардың жобалары туралы білгіңіз келсе, сайтымыздағы мақаланы қарап шығуыңызға болады.
Internews контент өндірісін неге қаржыландырады?
Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы медиа қазіргі заман технологияларын қолданып және аудиторияны қатыстыра отырып, ел өмірінің ең өзекті қырларын, мәселелері, жетістіктері мен кейіпкерлері туралы кәсіби тұрғыда әңгімелегенін, баяндағанын қолдаймыз. Байқау мақсаты — сапалы телевизиялық бағдарламалар, арнайы репортаждар, деректі фильмдер, лонгридтер, әлеуметтік желілердегі жобалар, подкастылар, web-доктар, web-сериалдар (деректі), мультимедиа оқиғалар, журналистік зерттеулер және тағы басқа жобалар жасауды қолдау.
Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы» аясында жүзеге асады.