Оқиғалар «Журналистиканың негізгі машықтары» онлайн-тренингі басталды

 «Журналистиканың негізгі машықтары» онлайн-тренингі басталды

26 мамырда «Журналистиканың негізгі машықтары» онлайн-тренингі басталды. Қазақстандағы Internews Network өкілдігінің директоры Марат Бигалиев айтқандай, «классикалық білім беру бағдарламалары жаңа трендтерге ілесе алмай жатқанда» журналистиканың негізгі машықтары тренингінің бағдарламасы өзекті боп отыр. Оның сөзінше, заманауи білім алып, жаңаны үйрену журналистерге ғана емес, дәрігерлер, педагогтер және тағы басқа да мамандарға қажет.

Онлайн-тренингке қатысушыларды іріктеу байқауына көп өтініш келіп түсті. Бір орынға үш адамнан келді. Тренингті барлығы 100 адам бастады. Әсіресе, Өзбекстаннан қызығушылық білдіргендер көп болды. Бес күндік интенсив оқуға Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы қызметін жаңадан бастаған журналистер, журналистика факультетінің студенттері мен түлектері қатысып жатыр. Оқыту орыс тілінде өтеді, қазақ, тәжік және өзбек тілдеріне ілеспе аударма жасалады.

Медиатренерлер қатарында Ұлыбритания, Ресей, Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстаннан үздік медиа мамандар бар. Онлайн-тренингтің алғашқы сабағы тарихшы, журналист, медиатренер, ТВ2 жаңалықтар агенттігінің бас редакторы Виктор Мучниктің (Ресей) «Журналист деген кім: бейтарап бақылаушы ма әлде оқиғаның белсенді қатысушысы ма?» дәрісінен басталды. Виктор Мучник заманауи журналистің қоғамдағы рөлі, оның белсенді болу құқы бар-жоғы, айналасында боп жатқан оқиғадан бейтарап хабар тарату міндеті туралы әңгімеледі.

Дәріс пікірталасқа жалғасып, «Жаңалық құндылығын қалай анықтаймыз, ақпарат ағынына жұтылып кетпеудің амалы қайсы?» деген тақырыпты талқылады. Бұған үш елдің редакторлары: QOS live жобасының авторы, белсенді, журналист, медиатренер Айнұр Коскина (Қазақстан), «Азия-Плюс» медиатобының шеф-редакторы, журналист Ольга Тутубалина (Тәжікстан) және Anhor.uz ақпараттық-сараптамалық сайтының бас редакторы, медиатренер, журналист Лола Исламова (Өзбекстан) қатысты. Талқылаудың мазмұн мәтіні «Жаңа репортер» сайтындағы «Оқып-үйрен» айдарында жарияланады.

Бүгінгі сабақ ашық сессия түрінде болып, Қазақстандағы Internews өкілдігінің Facebook-парақшасынан тікелей эфирде көрсетілді.

Онлайн-тренинг 4 маусымға дейін жалғасады. Осы мектеп аясында жан-жақтан шақырылған мықты мамандар, атап айтқанда журналист, оператор, продюсер, медиатренер Денис Бевз (Ресей), Al Jazeera English журналисі Робин Форрестьер-Уокер (Британия), медиатренер, ММУ журналистика факультетінің оқытушысы, «Новостная интернет-журналистика» кітабының авторы Александр Амзин (Ресей), ТВ және онлайн-продюсер, медиатренер Ержан Сүлейменов (Қазақстан), документалист, медиатренер Мариам Эль Маракеши (Мысыр), тарихшы, журналист, тележүргізуші, педагог Юлия Мучниктің (Ресей) сабақтары болады.

Онлайн-тренинг аяқталғаннан кейін қатысушыларға ментор жетекшілік етеді, түлектердің өз материалын жасауына қолдау көрсетіледі.

Тренинг Internews серіктестерімен T. B. D company (Қазақстан) Khoma. tj (Тәжікстан) бірге ұйымдастырылып жатыр.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи