«Зерттеу журналистикасы бойынша оқу құралын әзірлеу және басып шығаруға» грант байқауы жарияланды

0
795

MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында Internews өкілдігі «Зерттеу журналистикасы бойынша оқу құралын әзірлеу және басып шығаруға» грант байқауын жариялайды.

Internews өкілдігі MediaCAMP бағдарламасы аясында Қазақстандағы мемлекеттік емес медиа мен білім беру ұйымдары арасынан зерттеу журналистикасы бойынша оқу құралын қазақ және орыс тілдерінде әзірлеп, басып шығаратын серіктес іздейді. Оқу құралы жоғары оқу орындарындағы журналистика факультетінің оқытушылары мен кәсіби және азаматтық журналистерді оқытатын медиатренерлерге арналған.

Зерттеу журналистикасы — қоғамның әлеуметтік, экологиялық, экономикалық мәселелерін шешуге көмектесетін, журналистердің әлеуетін арттырып, медиаға деген сенімді нығайтатын журналистиканың ең маңызды жанрларының бірі.

Бұл оқу құралы журналистика факультеті оқытушыларының, медиатренерлердің құзыретін арттырып, теориялық және практикалық дайындығын жақсартып, осы пән бойынша семинарлар мен дәрістер курсын дайындауына көмектеседі, деп сенеміз.

Серіктеске ұсынатынымыз:

  1. Зерттеу журналистикасына маманданған журналистер мен сарапшылардан тұратын авторлар тобын құру.
  2. Оқу құралының құрылымын жасау. Оқу құралының теориялық және практикалық бөлімдерінде зерттеуші журналистің негізгі құзыреті, зерттеу жүргізу тәсілдері мен принциптері, практикалық зерттеу машықтарын қалыптастыруға арналған құралдар туралы ақпарат болуы керек.
  3. Оқу құралының қағаз және дижитал нұсқаларын әзірлеп, онлайн форматта жариялау және қағаз нұсқасын кемі 100 дана (50 данасы қазақша, 50-і орысша) етіп басып шығару.
  4. Оқу құралының таныстырылымын өткізу, Қазақстандағы зерттеу журналистикасын көпшілікке кеңінен танытуға атсалысу.

Қазылар алқасы келіп түскен ұсыныстарды мына критерийлерге, атап айтқанда: өтініш берушінің зерттеу журналистикасы жанрын оқыту тәжірибесі, журналистика бойынша оқу құралдары мен басылымдарды әзірлей білуі, елдегі университеттермен тығыз байланыста болуы, жобаны іске асыру бойынша тыңғылықты жоспарына және ақылға қонымды бюджетіне қарап бағалайды.

Байқауға өтініштер 23 шілде, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 21:00-ге дейін қабылданады.

Қандай да бір сұрақ туындаса, [email protected] поштасына хат жазыңыз.

Бұл жоба  АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.