ОқиғаларЖаңаша форматтағы «Үрейін жеңгендер» жобасы қалай жасалды?

Жаңаша форматтағы «Үрейін жеңгендер» жобасы қалай жасалды?

«Заманауи құлдық, зорлық-зомбылық оқиғалары туралы жиі естиміз. Тіпті құлағымызға сіңісті болып қалғандай. Сондықтан мұндай тақырыпты позитивке ұмтылыс тұрғысынан баяндап, жәбірленушілердің ерік-жігерін көрсеткіміз келді».
Қазақстандағы Internews өкілдігінің продакшен-грантын жеңіп алып, «Үрейін жеңгендер / Ureiin jengender» жобасын жасаған beine.pro шығармашылық тобының жетекшісі Әйгерім Бегімбет жоба мақсатын осылай таныстырды. Олар MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында үш мультимедиалы лонгрид жариялады. Тақырыбы түрлі, форматы бірдей, вижуалы өзгеше. Барлығына ортақ ерекшелік — түрлі қиындыққа ұшыраған кейіпкерлері үрейін жеңіп, азап өмірінен құтылуға ұмтылған жандар.

«6 жасар баласымен 4 жыл құлдықта болған» лонгридінің бас суреті

— Internews ұйымы контент жасауға берілетін гранттар байқауына өтініш қабылдап бастағанын әлеуметтік желі парақшаларынан көріп, форматы ерекше, тақырыбы өзекті жоба жасағымыз келді. Идея тақырыбынан бұрын форматын айқындап алдық. Векторлы графика мен анимацияны пайдаланып, лонгрид жасау. Яғни кейіпкер оқиғасын иллюстрация арқылы баяндау. Формат белгілі, енді тақырып қажет. Ойлана келе, әйелдерге қатысты мәселе, яғни заманауи құлдық, тұрмыстағы зорлық-зомбылық және жыныстық зорлық-зомбылық оқиғасына ұшыраған әйелдер хикаясын баяндауға тоқтадық. Ауқымды әрі күйіп тұрған мәселе. Бірақ мәселені айтып қана қою форматымызға еш үйлеспейді әрі біздің медиада мұндай оқиғалар туралы айтылса да сондай жағдайдан оңалуға ерік-жігері жеткен адамдар хикаясы сирек жазылады. Міне, сондай кейіпкерлерді танытқымыз келді. Қиындықтан шығуға ұмтылу, жеңіске жету үшін әрекет ету сияқты ойды жеткізетін контент болуын қаладық. Байқауға өтініш толтырып, жібердік. Әуел баста жоба атауы — AZAP STORY болатын, — дейді Әйгерім Бегімбет.

Байқауға өтініш жібергенде тақырыптың өзектілігін түсіндіру қажет. Мәселенің өзектілігі мына цифрлардан көрінеді.

Дүниежүзілік құлдық индексіндегі көрсеткіш бойынша, Қазақстанда 2018 жылы 75 000 адам заманауи құлдық жағдайында ұсталған. Әлемдегі 167 мемлекеттің ішінде 83 орында тұр. БҰҰ дерегінше, Қазақстанда жылына 400 әйел тұрмыстағы зорлық-зомбылықтан көз жұмады. 2019 жылдың 11 айында Қазақстанда 1400 әйелге жыныстық зорлық жасалған. 2018 жылы 1450 оқиға тіркелген. Жәбірленушілердің үштен бірі ғана құқық қорғау органдарына арыз түсіреді екен.

«Байқаудың екінші туры — идеяны таныстыру кезеңінде қазылар алқасының тарапынан жоба атауын өзгерту жөнінде ұсыныс айтылды. Расымен де AZAP STORY деген атау контентіміздің идеясына томпақ екен. Атауды алыстан іздемей, жоба мазмұнын ашатын — «Үрейін жеңгендер» деген атауға тоқтадық. Өйткені үрей мен қорқыныш адамның ой-санасын тұсаулап, қол-аяғын жіпсіз байлайды. Ал біз үрейін жеңе білген адам ғана нәтижеге жетерін кейіпкерлеріміздің хикаясы арқылы баяндап, осылайша үрейлі проблеманы көрсеткіміз келді».

beine.pro шығармашылық тобы «Үрейін жеңгендер» жобасы аясында үш лонгрид, атап айтқанда:

  1. заманауи еңбек құлдығы тақырыбында — 6 жасар баласымен 4 жыл құлдықта болған

2. тұрмыстағы зорлық-зомбылық бойынша «Ауруханада есімді жидым». Күйеуінен 10 жыл зәбір көрген Мәдина

3. жыныстық зорлық-зомбылық тақырыбына «Күндіз — қызым, түнде… ». 10 жасар қызға тиіскен өгей әке

деген материалдар жариялады. Әр тақырыпта 20-25 иллюстрациядан бар. Барлығын аниматорлар сызған.

«“Ауруханада есімді жидым”. Күйеуінен 10 жыл зәбір көрген Мәдина» лонгридінің бас суреті

— Сторителлингттің бір талабы — оқиғаны қызық әрі әсерлі жеткізу. Біз вижуалға баса мән бердік. Яғни оқиғаны иллюстрациямен көрсетеміз. Ал мәтін тек қосымша элемент болады. Мәтінді емес, иллюстрацияны алға шығарудың қиын тұсы — қиялға ерік бере отырып, журналистика стандарттарынан ауытқымау, тақырыпқа сай стилін табу әрі аудитория тек суретін көріп, мәтінін елеусіз қалдырмауын да ескеру, яғни суреттері әсер етіп, есте қалуы және мәтін де оқылуы шарт. Тағы бір алаңдатқаны — лонгридте 20-дан астам сурет-анимация бар. Ал бетте вижуал элементтер көбейген сайын жүктелуі, ашылуы ауырлайды. Түрлі құрылғыда, яғни мобайл мен десктопта да дұрыс көрінуі керек. Лонгридтің үйлесімі бұзылып, тез жүктелмей, иллюстрация мен мәтін дұрыс көрінбесе, сторителлингтің мәні қалмайды. Мінеки, мұның барлығын ескеріп, қайта-қайта түзетіп-күзетіп, мәтінді қысқартып, тіпті салынған дайын суреттерді қайта сызып, кейбір суреттер мен анимацияларды алып тастап, сапалы дүние жасауға тырыстық, — дейді Әйгерім Бегімбет.

Мәселен, 6 жасар баласымен 4 жыл құлдықта болған лонгридіне барлығы 25 сурет, 6 анимация сызылыпты. Соның ішінен 20 сурет, 5 анимация лонгридте пайдаланылған.

«Бірінші лонгридіміз — құлдық тақырыбындағы оқиғаның мағлұматы жиналған соң, мәтінін жазып, дайын мәтінді иллюстраторларға бердік. Олар кадрға бөліп (раскадровка), эскизін сызып, бізге көрсетеді. Дұрыс-бұрысын, түзетулер болса, айтамыз, сосын бояйды. Дайын иллюстрацияны сайтта мәтінмен бірге беттегенде кемшін тұстары, суреттердегі артық деталдар байқалды. Сол кезде сурет саны тым көп екенін және кейбір сурет үйлеспейтінін түсіндік. Қимасақ та беттен алып тастадық. Түсінгеніміз — қандай күшті элемент болса да артық болып көрінсе, қолданбаңыз, ал бірдеңе жетіспей тұрса, түзетуден ерінбеңіз. Бірінші лонгридті жарияланғаннан кейін иллюстраторларға тапсырыс бермес бұрын салынатын суреттердің қандай болуы керек екенін алдын ала жазып, мәтінмен бірге сол тізімді де бердік. Бұл әрі уақыт үнемдейді әрі беттегенде еңбек еш кетпейді. Алғашқы лонгридімізді үш рет қайта жасадық. Басты түйткіл — десктопта дұрыс көрінеді, бірақ мобайл экранда суреттердің жартысы жоғалып кетеді. Мобайл нұсқасын дұрыстасақ, десктоп экранында қате шығады. Содан сайт жасаушы маманымыз екі нұсқасын бөлек жасап, біріктірді».

Үш лонгридтің де кейіпкерлері өмірде бар адамдар. Алайда кінәмшіл тақырып болған соң, кейіпкерлер және ньюсмейкерлерлер өтінішімен, аты-жөні өзгертіліпті.

— Кейіпкер іздеу, мағлұмат жинау, мәтін дайындау барысында «Сана сезім» әйелдер бастамалары құқықтық орталығы» ҚБ және «КӨМЕК» оңалту орталығымен тығыз жұмыс істедік. Өйткені «Сана сезім» орталығы заманауи құлдық жағдайындағы адамдарға жәрдемдессе, «КӨМЕК» орталығы тұрмыстағы зорлық-зомбылық не жыныстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған қыз-келіншектерге көмектеседі. Қаншама жан түршіктірер оқиғаларды естідік. Әсіресе «“Ауруханада есімді жидым”. Күйеуінен 10 жыл зәбір көрген Мәдина» деген лонгридтегі Мәдинаның өмір жолын естігенімізде қатты күйініп, өте сүйсіндік. «Күйеуіме ақыл кірер. Жап-жақсы отбасы болып кетерміз» деп үміттеніп әрі «Үйден кетсем, балаларымды қалай асыраймын» деп алаңдаған ана күйеуінің қорлығына 10 жылдай шыдап, болмаған соң жанашыр адамдардың ақыл-кеңес, қолдауына сүйеніп, өмірін өзгертуге ұмтылады. Еңбегі жемісті болып, қорлық өмірден құтылып, жаңаша өмір бастайды. Мінеки, үрейін жеңген адам, — деді ол.

«“Күндіз — қызым, түнде… ”. 10 жасар қызға тиіскен өгей әке» лонгридінің бас суреті

Жоба материалдары жарияланып, әлеуметтік желі парақшалары ашылғаннан кейін аудиториясы қалыптасып, тұрақты жазылушылары пайда болыпты. Лонгридтерімізді оқып, хат жазып, жағдайын айтып, кеңес сұраған, қиын жағдайдағы адамдарға көмектесіп, олардың өмірде өз жолын табуына көмектескенін айтқан оқиғаларын бөлісіпті.

— Әр лонгрид кемі 15 мың рет қаралып, 200 мыңға жуық қолданушыны қамтыды. Қаншама адам мәселенің масштабын түсініп, кейіпкерлердің оқиғасынан әсерленді. Айналамызда қандай қиын жағдайлар болып жатқанынан хабардар болды. Сондай қиындықтан шығудың жолын іздеп, әрекет етуге ұмтылса, бұл — мақсатымыздың орындалғаны. Жобамыздың тақырыбы уақытқа бағынбайды және өзектілігін жоймайды. Бұған дейін тек мәтін және фотовидеоны қолданып, стандарт форматтағы контент жасап келсек, «Үрейін жеңгендер» жобасы жаңа әрі ерекше форматтарды үйреткен мектеп іспеттес болды. Қазақ медиасында форматы өзгеше жобалар аз. Мазмұнға бай, бірақ формасы ерекше жобалар сирек. Бүгінгі медиа тек мәтінімен ғана емес вижуалымен де тарта білуі керек. Ендігі жоспарымыз — осы жарияланған лонгридтерімізді YouTube платформасына да шығару. Мұны қалай жүзеге асыратынымызды, яғни ютуб аудиториясына қалай бейімдейтінімізді ойланып жатырмыз. Бәлкім, актерлерді тартып, оқиғаны дыбыстаймыз, бәлкім, тағы бір ерекше формасын ойлап табармыз. Интернет технологияларды дұрыс пайдалана білсе, медиаға пайдасы көп. Ал Internews ұсынатын продакшен-гранттар сондай ерекше жобаларды жасауға мүмкіндік, — дейді Әйгерім Бегімбет.

***

Айтпақшы, алдағы қараша-желтоқсан айларында «Шағын грант. Қысқы маусым» және «Ірі грант» байқауына өтініштер қабылданады. Internews in Kazakhstan Facebook-парақшамыз бен Instagram-парақшамыздағы және  сайтымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи