Оқиғалар«Мақсатымыз — толық емес отбасынан шыққан балалар туралы стереотиптерді бұзу» — Z-Generation авторлары

«Мақсатымыз — толық емес отбасынан шыққан балалар туралы стереотиптерді бұзу» — Z-Generation авторлары

«Әкемді 25 жасымда алғаш көрдім». Дәл осындай тақырыпты көзіңіз шалып қалса, ойыңызға не келеді? 
Қазақстандағы Internews өкілдігінің «Шағын грант. Қысқы маусым 2021» контент өндірісіне гранттар байқауына қатысып, шәкіртақы жеңіп алған Жансая Олжабек пен Гүлшат Нұрмаханова Z-Generation жобасын жүзеге асырды. Жоба толық емес отбасынан шыққан балалар мәселесіне арналды. Жоба авторлары Q-episodes YouTube-арнасында «Әкемді 25 жасымда алғаш көрдім» деген видеоподкаст жариялады. Спикерлері — кейіпкерлердің өзі, яғни толық емес отбасынан шыққан балалар. Жүзбе-жүз айтылуы неғайбіл, бірақ сырттай жиі талқыланатын тақырып. Осы «жабық тақырып» төңірегінде ашық әңгіме өрбіткен жоба авторларының бірі — журналист-редактор Жансая Олжабек идея қалай туындап, жүзеге асқанын айтып берді.

Авторлар Internews өкілдігінің контент өндірісіне гранттар байқауы жөнінде ұйымның Instagram-парақшасынан біліп, өтініш берген екен.

— Идеяның пайда болуы қызық. Бір құрбым ұзақ уақыт жігітпен сөйлесіп жүрген. Бірақ сөйлесіп жүрген жігітінің жасырын бір сыры бар екенін айтатын. Кейін білгеніміздей, айтуға қысылып жүргені — ата-анасының ажырасып кеткені екен. Құрбымның ата-анасы да қызының «мұндай отбасынан» шыққан жігітпен қосылуына қарсы болды. Сол кезде қоғамда әлі де бұрыс көзқараспен өмір сүретін адамдар болатынын түсіне бастадым. Ата-ана шешіміне баласының қатысы жоғын түсіндіргіміз келді. Әрі әлгі жігіттің де бұл нәрседен қысылуы негізсіз екенін айтпақ болдық. Содан алғашында байқауға үш адам бірігіп, 2 жоба ұсындық. Питчинг-кезеңінде екі жобаны да қорғадық. Питчингте қазылар алқасы Z-Generation деген жобамызға көбірек қызығушылық танытты. Бюджетті дұрыс есептемегенімізді ескертті. Әуел баста «жасөспірімдер мен жастардың жиі кездесетін мәселелеріне арналған 5-6 тақырыптардан тұратын бағдарлама болады» деп жоспарлаған едік. Кейін ұйымдастырушылар хабарласып, тек 1 тақырыпта материал жасауға стипендия алуды ұсынды. Содан стипендия алып, 1 видео жарияладық, — дейді Жансая Олжабек.

«Әкемді 25 жасымда алғаш рет көрдім» деген видеоның мақсаты — ата-анасы ажырасқан балалардың «әкесіз өскен», «ажырасқан отбасынан шыққан» деген сияқты стереотиптерін бұзып шығуына көмектесу екен.

«Мақсатымыз — толық емес отбасыдан шыққан балалар мəселесін көтеру. Əдетте толық емес отбасынан шыққан балалардың комплексі (қорсыну сезімі) мәселені ашық айтпай, бөлісе алмағанынан туындайды. Сəйкесінше, олар өздерін қоғамның “толық емес” бөлшегіміз деп санайды. Ал жобамыз бұл көзқарастың дұрыс емес екенін көрсетіп, ақ-қарасын ақтарады. Жастар арасында “толық емес отбасынан шыққан баламын” деген үлкен комплекс бар. Бұл комплекс көбіне аға буын тарапының əсерінен пайда болып жатады. Яғни “оның əкесі жоқ”, “оның анасы жоқ”, “оның ата-анасы ажырасқан” деген сөздер баланың қоғамдағы орнын айшықтамауы тиіс. Өйткені мұның барлығы баланың қатысуынсыз болған әрекеттер. Тіпті отбасылы болуға ұмтылған екі жастың арасына осы бір орынсыз мəселе “кедергі” болып жатады. Біз, əрине, өзімізден үлкен Y-буынның (Y-generation) көзқарасын өзгерте алмаспыз, дегенмен еркін ойлайтын жəне адамның таңдау еркінсіз орын алған дүниелерге оның жауап бермейтінін дəлелдейтін, комплексі жоқ буынды жасауға, тəрбиелеуге көмектескіміз келеді. Кейде мұндай комплекстер баланың қоғамнан шектелуіне дейін əкеліп жатады. Тіпті кейбір балалар психологиялық тұрғыдан ата-ана, қоғам тарапынан қатар соққы алатын кездер болады. Жоба аясында толық емес отбасынан шыққан балалардың айта алмай жүрген түрлі оқиғалары мен сұрақтарын аноним түрде жариялап, видеода талқыладық».

Видеоға кейіпкер табу қиынға соққан екен. Көбі видеокамераға сөйлеуден бас тартқан. Әйтсе де сұрастыра келіп, кейіпкерлерді Instagram-парақшаларына жазған оқиғалары мен сұхбаттары арқылы тауыпты. Кейіпкерлер қатарында танымал адамдар, мәселен, әнші, «Алау» тобының экс-мүшесі Әсет Арыстанбек, жас кинорежиссёр, «Әке жолы» деректі фильмінің авторы-режиссёрі Асылжан Сәбитұлы бар.

— Кейіпкерлер табу және келісу қиын болды. Көбі камераның алдында оқиғасын айтқысы келмейтінін білдірді. Қуанышымызға орай, оқиғаларымен бөлісуге қарсы емес кейіпкерлерді таба алдық. Бастапқы идея бойынша кейіпкерлер бірге отырып, мәселелерін бөлісуі керек болатын. Кейін әрқайсысын бөлек түсіру оңтайлы болатынын түсініп, солай жасадық. Жоба қоғамда көп айтыла бермейтін мәселені көтерген соң да оқырманнан екі түрлі пікір алдық. Толық емес отбасынан шыққан балалар өздерінің тағдырластары да дәл өзі сияқты ойлайтынын білмегенін айтқанда негізгі мақсатымыз орындалғанын түсіндік. Дей тұрғанмен, қоғам бұл мәселе аясындағы стереотиптермен әлі де толық күресуге дайын емес екені, тіпті толық емес отбасынан шыққан балалардың өзі сол стереотиптерді бойларына қатты сіңіріп алғанын анық байқадық. Сондықтан «толық емес отбасынан шыққан бала = тәрбиесі нашар» деген стереотип түсінікпен күресуге көп күш жұмсау керек. Кейіпкерлер видеода толық емес отбасынан шыққан балалардың тәрбиеден жартылай болмайтыны, тек махаббаттан жартылай болатыны жайлы айтты. Басты мақсатымыз — қоғамдағы толық емес отбасынан шыққан балалар туралы стереотиптермен күресу болатын. Әрине, толықтай әсер етпесек те алғашқы қадам жасадық. Яғни мұндай стереотипті жою үшін бірінші кезекте толық емес отбасынан шыққан балалардың санасындағы қалыптасқан стереотипті өзгертуге үлес қостық, — деді Жансая Олжабек.

Жоба аудитория түсінігін өзгертуге талпыныс жасап қана қоймай, авторлардың кәсіби дамуына әсер етіпті.

«»Z-Generation сені қалай дамытты?» деген сұрақ қойылса, «режиссер ретінде дамытты» деп айтар едім. Жоба алғашқы идеясынан соңғы шыққан нәтижеге дейін үлкен өзгерістерге ұшырады. Бір қарағанда, «кейіпкерлермен келісіп, түсіре салуға болады» деп ой болса, кейін келе түсірілімді ұйымдастыру, кейіпкерлермен келісу, оларды сөйлету — мен ойлағаннан әрі күткеннен әлдеқайда ауыр екенін түсіндім. Бұл — мұндай формадағы алғашқы жобамыз. Барлық қателерімізді білемін және болашақта ауқымды жобалармен айналысу үшін үлкен сабақ алдым. Ұйымдастырушыларға алғыс айтамын».

***

Айтпақшы, 2022 жылдың басында «Шағын грант. Қысқы маусым» және «DOC формат» байқауларына өтініш қабылданады. Internews ұйымы 2021-2022 жылдары контент өндірісін қалай қолдайтынын мына мақаладан білесіз. Internews in Kazakhstan Facebook-парақшамыз бен Instagram-парақшамыздағы және сайтымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи