Жәмила Маричева (PROTENGE) Anticorruption Champions халықаралық сыйлығын алды. Бұл сыйлықтың мәні неде?

0
758

Өткен аптада АҚШ Мемлекеттік хатшысы Энтони Блинкеннің Twitter-парақшасына Anticorruption Champions 2021 халықаралық сыйлығын беру жөнінде ақпарат шықты. АҚШ Мемлекеттік департаменті әлемнің түкпір-түкпірінен барлығы 15 жобаны атап өтті. Арасында қазақстандық журналист Жәмила Маричеваның PROTENGE жобасы да бар. Сыйлық иегеріне және Internews-тің контент өндірісі жөніндегі сарапшысы Марина Михтаеваға хабарласып, Жемқорлықпен күрес сыйлығы туралы сұрадық. 

Анықтама:

АҚШ Мемлекеттік департаментінің Anticorruption Champions, яғни Жемқорлықпен күрес халықаралық сыйлығы елінде жемқорлықпен күрес, ашықтықты қорғау және есептелікті қамтамасыз ету жолында түрлі қиындықтарға жиі ұшыраса да тоқтаусыз еңбек етіп жүрген тұлғаларға беріледі. 2020 жылы бұл сыйлықты 12 адам, биыл 15 адам (Қазақстаннан бөлек Белиз, Болгария, Кипр, Гватемала, Гондурас, Латвия, Ливан, Малави, Мозамбек, Тайланд және Венесуэла елдерінен де бар) алды. Сыйлық 9 желтоқсан — Халықаралық жемқорлықпен күрес күні қарсаңында тағайындалады. 

Жәмила Маричева

Жәмила Маричева, PROTENGE жобасының негізін қалаушы:

«Меніңше, бұл атақты аудиториямен диалог жасай білгеніміз үшін берді»

Жәмила, аталымға кім ұсынды, өзіңіз бердіңіз бе?

— Осы сұрақтың жауабын мен де білгім келеді. Қалай болғанын өзім де анық біліп кетпеймін. Жемқорлықпен күрес халықаралық сыйлығының беріле бастағанына көп уақыт өте қоймаған екен. Қазақстандағы АҚШ елшілігіндегілердің айтуынша, 2-3 жылдың жүзі болған. Бұл сауалға елшіліктегілер анық жауап бере алады. Бір айтарым — олар маған жарты жылдай бұрын, яғни мамыр-маусымда хабарласып, Zoom-да кездесуімізді өтінді. Кездесуде жобам туралы сұрақтар қойды. Сосын байқау туралы айтып, «қатысуға рұқсат етесіз бе» деп сұрады. Мен ештеңеден үміттенбестен, «номинант болудың өзі керемет қой» деп ойлап, «жарайды» дедім. Twitter-де жарияланым шығардан бірнеше күн бұрын елшіліктен хабарласып, маған Anticorruption Champion сыйлығы тағайындалғанын айтты. Артынша ресми растау келді. Бәлкім, Жаңа жылдан кейін мәртебені растайтын сертификат келіп қалар. 

Бұл сыйлықтың берері не?

— Атақтан басқа дәнеме. Оқырмандарымызды да қаржылай не бонус түрінде сый-сияпат бар-жоғын сұрап, қызығып жатыр. Шын мәнінде, ешқайсысын бермейді. Үшінші тараптың осындай бағасын алғанымыз өте күшті, өйткені біз жобаны жүзеге асыру барысында АҚШ Мемлекеттік департаментімен де, Қазақстандағы АҚШ елшілігімен де жұмыс істемедік, серіктес болмадық. Бұлар — үшінші тараптағы ұйымдар. Елшілікке біз жөнінде кім айтқанын білмеймін, бірақ түсінгенім — олар бізді оқиды. Және түсінгенім — сыйлыққа ұсыну да олардың бастамасы. Қазақстанда жемқорлықпен күрес бағытында қыруар шаруа тындырып жүрген ондаған мықты журналистер, қоғам қайраткерлері мен белсенділер бар. 

Бұл атақты қай жетістігіңіз не кейсіңіз үшін берді? Қалай ойлайсыз?

— Субъектив пікірімше, қандай да да бір нақты кейс үшін емес, төлеген салығы қайда және қалай жұмсалып жатқанына бей-жай қарамайтын қазақстандықтардың үлкен қауымдастығын құра алғанымыз үшін алдық. Парақшамызға 67 мың адам жазылған. Қазақстан жұртшылығы мемлекеттік бюджет қаражатының жұмсалуына бей-жай қарайды деген жаңсақ түсінік бар. Бұған дейін «қазақстандықтармен осы тақырыпта ешкім етене сөйлеспеген» деп айтсақ болатындай. 

Айтулы кейстеріміз бар деп ойламаймын. Айтулы дегеніміз не? Мселен, Молдовада президент туралы зерттеу жарияланып, сайлау нәтижесіне ықпал етті. Қазақстандағы жағдайға келсек, бізде журналистер өте мықты әрі маңызды дүниелер жасайды, бірақ тек санаулы адамнан ғана лайық бағасын алады. Меніңше, Қазақстанда жемқорлықпен күрес жайлы айту мәдениеті жоқ. Жобамыздың мақсаты — жемқорлықпен күрес тақырыбын әңгімелесу, талқылау мәдениетіміздің бір бөлшегіне айналдыру. 175 млн теңге туралы да, 2 млн теңге жайлы да кейстер бар. Кейстен гөрі аудиториямен диалог орнатуымыз және тақырыпты ой елегінен өткізуіміз маңызды. Осы бағыттағы жұмыс жалғаса берсе, алдағы 1-2 жыл журналистердің мықты зерттеулері қоғамның лайық бағасын алатынына сенемін. 

Марина Михтаева

Марина Михтаева, Internews-тің контент өндірісі жөніндегі сарапшысы:

«PROTENGE — жалғыз адам жасаған микромедиа»

— Anticorruption Champions сыйлығының ең маңызды тұсы — дүниежүзінен тек 15 жобаға берілгені болып отыр. Арасында Қазақстан, Жәмила Маричеваның жобасы бар. Бұл оның қандай үлкен шаруа атқарғанын көрсетеді. PROTENGE жобасының әлемдік бәсекеде оза шапқанын білдіреді. PROTENGE — ірі медиа емес, әлемге әйгілі Bellingcat жобасы емес, Жәмила жалғыз жасаған микромедиа. Иә, қазір жобаның кішігірім командасы бар. Әйткенмен жоба идеясы туындап, басталған уақыттан сыйлыққа ие болғанына дейін небәрі 2 жыл өтті. Осы жобаны бастауға Internews жүзеге асыратын MediaCAMP бағдарламасы аясында қолдау көрсеткенімізге өте қуаныштымыз. 

Әрине, PROTENGE — Қазақстан үшін өте маңызды жоба. Тендерлер, мемлекеттік бюджетті зерттеу талпынысы бұрын да болған, бірақ мұны Жәмила сияқты ешкім жасамады. Ол не істеді, жобасының ерекшелігі неде? Жәмила сайт жасап, аудиторияның келуін күтіп отырмады, керісінше аудиториясы бар ортаға салмақты тақырыпты алып келді. Аудиториясы бар орта дегеніміз — Instagram — қазақстандықтар арасындағы ең танымал әлеуметтік желі. 

Бұрын Instagram әлеуметтік желісін салмақты платформа санамайтын, ал Жәмила Instagram қолданушыларын салмақты тақырыпты талқылауға тарта білді. Аудиторияның көңілінен шыққаны жобаның қамту статистикасынан-ақ көрініп тұр: 2020 жылы 5 млн аккаунтты қамтыса, 2021 жылы Internews қолдауымен миллионнан астам қаралым жинады. Жәмила азаматтық сана қалыптастыру үшін Инстаграмда өте маңызды тақырыпты қозғады. 

Мұны жобаның қол жеткізген нәтижелері де растайды: ақылға қонымсыз тендерлер тоқтатылып жатыр. Мәселен, PROTENGE авторлары мемлекет есебінен қаңғыбас жануарларды жоюға қанша қаржы жұмсалатынын, бұл ақшаға жануарлар паналайтын орындар ашуға болатыны жөнінде жазды. Жоба командасы петицияға қол қойып, әкімдікке берді. Қазір әкімдіктегілер бағдарламаны қайта қарап, жануарларға гуманистік тұрғыда қарау бағдарламасын дайындап жатыр. Жануарларды өлтірмей, паналайтын орын салу қарастырылған. PROTENGE жобасы бұған дейін МИСК ұйымының сыйлығын алған. Енді, міне, халықаралық сыйлыққа ие болды. Жәмиланың PROTENGE жобасы тақырыпты трендке айналдырғанын — Instagram-да тағы басқа балама жобалар ашылып жатқанынан байқаймыз. 

PROTENGE жобасы АҚШ Халықаралық даму агенттігінің қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында қолдауға ие болды.