Жасөспірімдер психологиясына арналған Erkin Jas podcast

0
297
Erkin jas podcast жобасының комиксі

«… Депрессия? Мазасыздық? Жеке шекара? Агрессия? Менің көңіл күйім жоқ, мені ешкім түсінбейді… Мектепте оқып жүргенде мына сұрақтарға жауап таба алмаушы едік, ал қазір осы дүниелерді біздің жобадан таба аласың… ».

Бұл — Erkin Jas podcast жобасының Instagram-парақшасындағы ең бірінші посттан үзінді. Жобаны Әсем Ілесбай мен Сұңғат Анапия бірігіп жасаған. Олар Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Шағын грант. Қысқы маусым 2021» байқауының стипендиясын жеңіп алды. Авторлар жасөспірімдердің психологиясына арналған подкаст пен комикстер жариялады. Балалар психологиясының магистрі Әсем Ілесбай идея қалай туындағанын, тақырыптарды қалай тауып, кейіпкерлерді қайдан іздегенін айтып берді.

Әсем Ілесбай мен Сұңғат Анапия

Жоба авторлары Internews-тің контент өндірісіне гранттар байқауы басталғанын сайттан біліпті.

— Жобаны Сұңғат екеуміз жасадық. Бұған дейін Сұңғатпен бірігіп, балалар арасындағы кибербуллинг тақырыбы аясында жоба жасағанбыз. Психологтармен сұхбаттасып, балалардан блиц-сауалнама алып, TikTokқа арналған видеолар дайындадық. Сол жоба жасөспірімдермен жасаған алғашқы жобамыз болды. Кейін бұл идеяны дамытып, байқауға баланың менталды денсаулығы, психологиялық сауат тақырыбына арналған жоба ұсындық. Байқауға өтініш толтырғанда контент — подкаст форматында болатынын жазғанбыз. Біраз питчинг-сессияда қазылар алқасы: эпизод саны тым көп, сапасы нашар болуы мүмкін екенін айтып, қысқартуды ұсынды. Подкаст санын қысқартып, комикс суреттер салуды қостық. Атауын Сұңғат ойлап тапты, — дейді Әсем Ілесбай.

Erkin Jas. Мұндағы: еркін дегеніміз — өз ой-пікірін, эмоциясын еркін жеткізе алатын тәуелсіз жеткіншек. Ал жас дегеніміз — жеткіншек, жасөспірім. Мұны «Еркін эмоция» деп те айтуға болады екен. Өйткені жас деген сөздің тағы бір мағынасы — көз жасы, яғни эмоцияның бір көрінісі. Авторлар осы екі сөзді қосып «Еркін жас» деп атап, контент мазмұнын эмоциясын еркін жеткізе алатын жасөспірімдерге арнады.

— Жоба аясында 5 подкаст және 10 комикс сурет жариялануы керек болса, біз барлығы 6 подкаст, 14 комикс жарияладық. Подкаст тақырыбы да, комикстер де қазіргі жасөспірімдердің өзекті психологиялық мәселелерін қозғайды. Мысалы, анасы бөлмеге кіріп: «әкел, күнделігіңді оқиын» дейді. Бала күнделігіне құпиясын, проблемасын, эмоциясын, сырын жазады. Ал ата-анасы мұны оқып қояды. Мінеки, біз сондай күнделікті боп жататын маңызды тақырыптарда комикс жасадық. Барлық тақырып алдын ала арнайы талқыланды, — деді Әсем Ілесбай.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Erkin_jetkinshek? (@erkin_jetkinshek)

Ол жобаны жасап жатқан кезде магистратурада оқыған. Магистрлік зерттеу тақырыбы — балалар арасындағы кибербуллинг жөнінде болған себепті Erkin Jas жобасына қажет тақырыптарды тез түсініп, жасөспірімдерді не мазалайтынын білген.

— Сұңғаттың идеясын да қосып, ең маңызды, бізді де, жасөспірімдерді де мазалап жүрген тақырыптарды алдық. Эмоция, депрессия, стресс, жеке шекара, түйсік сияқты психологиялық денсаулық, яғни менталды денсаулық тақырыптарын таңдадық. Жалпы жоба жасап жүргенімде балалар психологиясын оқып жүрдім. Диссертация зерттеуі аясында «балаларды мазалайтын осы мәселелер, осы дүниелер қозғалуы керек» деген ойға келдім. Себебі біздің менталитетте, елімізде, өкінішке қарай, балалардың психологиялық денсаулығына жеткілікті көңіл бөлінбейді. Подкаст спикерлері ретінде магистрлік зерттеу жұмысын жүргізген мектепте, дәлірегі Қызылорда қаласының оқушыларын алдым. Неліктен? Өйткені қазақ тіліндегі жоба болып, қазақ тілінде контент тұтынатын аудиторияға арналды. Жобамызға 7,8,5,9-сынып оқушылары қатысып, подкаст тақырыбы бойынша ой-пікірін айтты. Жобамыз оқушылардың қатысуымен жүзеге асты. Ең көп тыңдалғаны — депрессия туралы эпизод болды. Әсіресе психологпен жасалған эпизод көп тыңдалды. Балалар буллинг туралы ой-пікірін ашық айтты. Сол және  «Ер балалар ренішін ішінде сақтап қалады» деген эпизод көп тыңдалды, — деді Әсем Ілесбай.

 

View this post on Instagram

 

A post shared by Erkin_jetkinshek? (@erkin_jetkinshek)

Жобаны жасау кезіндегі ұзаққа созылған процесс — мектеппен байланысу болыпты.

— Жобада мектеппен келісімшартқа отырдық. Себебі оқушылардан сұхбат алу, жобаға қатыстырмас бұрын оқитын мектебінің басшылығынан рұқсатнама алуымыз керек. Бұл дұрыс. 5-6 сынып оқушыларын подкастымызға спикер ету үшін ата-анасының келісімі қажет болды. Оларға жоба не туралы екенін және қандай сұрақтар болатынын баяндаған хат жіберіп, талқылап, содан кейін ғана балалармен байланыстық. Мұны қиындық деп айтуға болмайды. Бұл — қалыпты жағдай, өйткені баланың ата-анасының рұқсатынсыз ешқандай жарияланым жасалмауы керек, — дейді ол.

Erkin Jas жобасының Әсем Ілесбайдың да кәсіби тұрғыдан дамуына себі тиді.

— Бұл жоба мені психолог ретінде дамытты. Балалар психологиясын түсіне бастадым. Теория мен практика екі бөлек. Университетте оқыған теорияның бәрін іс жүзінде көрдім. Әлі де білім алуға, дамуға мотивация болды. Жасөспірімдермен жұмыс барысында жеке тұлға ретінде жеке шекарасы бар екеніне көзім жетті. Олармен жұмыс барысында өзімді басқаша ұстауға, кішкентай бала емес, жеке тұлға ретінде сөйлесуге көзімді ашып, ақпарат берді. Жобаны жалғастыруға идея көп. Себебі қазіргі таңда балалардың психологиялық денсаулығын сақтау өте маңызды. Әсіресе ақпарат дәуірінде, цифрлы заманда бұл өте маңызды. Балалар инстаграм, тиктоктан небір контентті көріп, түрлі ойға батады, неше түрлі іс-әрекет жасайды. Сол кезде өз қорғанысы болуы, кибербуллингке ұшырамауы, біреу тиіссе өз-өзіне жауап беруі, жеке шекарасын, құқығын білуі керек. Мұнда психологиялық денсаулық қана емес, балалар құқығы, балаларды қорғай білу өте маңызды. Сондықтан мұндай жобалар жалғасын табуы керек. Үлкен жобаға айналдырып, жалғастыру ниетіміз бар. Өзекті әрі тиімді етіп жасау жағын да талқылаймыз. Уақыты келгенде тағы да контент қолдау байқауына қатысып, жалғастыруды ұсынып көрерміз,-дейді Әсем Ілесбай.

***

Айтпақшы, 2022 жылдың басында «Шағын грант. Қысқы маусым» және «DOC формат» байқауларына өтініш қабылданады. Internews ұйымы 2021-2022 жылдары контент өндірісін қалай қолдайтынын мына мақаладан білесіз. Internews in Kazakhstan Facebook-парақшамыз бен Instagram-парақшамыздағы және сайтымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.