8 ақпанда медиа және цифрлы сауатқа арналған MediaCAMP Эдьютон — 2022 үшінші инновациялық семинары басталды. Бұл — университет оқытушылары, мектеп мұғалімдері, медиатренерлер, медиа және цифрлы сауат сарапшылары бас қосып, Орталық Азиядағы медиасауат машықтарын таныту бойынша тәжірибе алмасып, сәтті жүзеге асырған кейстері мен жоба жасаудың қыр-сырын әңгімелейтін платформа. Семинар орыс тілінде өтіп, қазақ, тәжік және өзбек тілдеріне ілеспе аударма жасалып жатыр.
12 ақпанға дейін жалғасатын семинарға Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан 30 адам қатысып жатыр. Олар қатаң іріктеуден өтті. Барлығы 149 өтініш, соның ішінде Қазақстаннан — 67, Тәжікстаннан — 45, Өзбекстаннан — 35 өтініш келіп түсті.
Таңдалған қатысушылар тәлімгерлерінің жетекшілігінде болып, бес күн ішінде медиасауат бойынша жобаларын әзірлейді. Ал семинардан кейін ең мықты жоба авторлары идеясын толыққанды жүзеге асыру үшін қаржылай қолдау алады.
MediaCAMP Эдьютон — 2022 семинарының ашылу салтанатында сөз сөйлеген АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) аймақтық миссиясының директоры Лоренс Харди: «Шындықты өтіріктен айыра білетін ақпараттанған азаматтық қоғам — жалған ақпараттың таралуына қарсы күрестегі маңызды құралдардың бірі. Медиасауат арттыруға арналған осы Эдьютон сияқты бастамалар арқылы сыни пайымды дамытуға жағдай жасаймыз. Осылайша, сіздер, яғни тренерлер мен педагогтар, шәкірттеріңізді медианың талғампаз тұтынушысы етіп тәрбиелеуге ықпал ете аласыздар», — деді.
«Эдьютон — жұртшылықтың түрлі санаттарына арналған медиасауат бойынша тиімді жобалар жасалатын шығармашылық, оқыту және тәлім беру платформасы. Жыл сайын білім беру ұйымдарының өкілдерінен, яғни университет оқытушылары, мектеп мұғалімдері, сондай-ақ қоғамдық ұйым жетекшілерінен, белсенділер мен медиамамандардан осындай жобалар жасау бойынша келіп түсетін өтініш саны көбейіп жатыр. Бүгінде медиасауаттың маңызы артып келеді. Пандемия, биылғы қаңтар басындағы қайғылы оқиға фейк және жалған ақпарат мәселелерін ушықтырды. Бұл мәселені азаматтық белсенділердің күшімен ғана шешу мүмкін емес, мұнда мемлекеттік құрылым, білім беру мекемелері мен БАҚ маңызды рөл ойнайды. Медиасауат бойынша жобаларымыз еліміздегі министрліктер тарапынан қолдау тауып жатқанына қуаныштымыз», — деді Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің директоры Марат Бигалиев.
«Internews ұйымдастырған Эдьютон мінберінде сөйлеу — мен үшін әсерлі сәт. Өйткені мені Internews-пен байланыстыратын жақсы дүние көп. Бүгінгі іс-шараға қатысушылар қатарынан жастардың жаңа толқынын көріп отырмын. Бұл оларға потенциалын көрсетіп, шын мәнінде қоғамдық маңызға ие мәселелерді шешуіне мүмкіндік береді», — деп түсіндірді таяуда ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі боп тағайындалған Александр Данилов.
Ашылу салтанатында Тәжікстан мен Өзбекстандағы министрліктердің өкілдері сөйледі. Олар Орталық Азияда медиасауат дамыту, фейк ақпаратпен күрестің маңызды екенін атап өтті.
2022 жылғы Эдьютон ұраны — «Медиасауат: кино, жарнама, ойындар». Биылғы Эдьютонда медиасауат танытудың креатив формаларына баса назар аударылып отыр. Семинардың бірінші күні: жарнама семиотикасы мен киносауат негіздері бойынша екі ашық сессия өтті. Ашық сессияның видеосын Қазақстандағы Internews өкілдігінің Facebook-парақшасынан көруге болады. Сәрсенбі, 9 ақпанда тағы екі ашық сессия өтеді. Facebook-парақшамыздан тікелей трансляция жасалады.
Эдьютон — 2022 семинарына тренер, тәлімгер ретінде Эстония, Ресей мен Орталық Азия елдерінен сарапшылар шақырылған. Олардың қатарында Камилл Ахметов, Александра Милякина, Баубек Сағындық, Тимур Юлдашев, Дильфуза Мырзахмедова, Татьяна Голубцова, Рустам Гулов, Арсен Абдрахманов бар.
Медиасауат эдьютоны 2018-2019 жылдары Орталық Азияда Еуроодақ қаржыландырып, Internews жүзеге асырған «Орталық Азиядағы тұрақтылық және бейбітшілікке қолдау көрсету» жобасы аясында өткізілді.
Эдьютон семинары 2020 жылдан бастап АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында өткізіліп келеді.