8-12 ақпанда Эдьютон — 2022 медиасауат инновациялық семинары өтеді. Жыл сайын өтетін Эдьютонның биылғы ұраны — «Медиасауат: кино, жарнама, ойындар». Осы Эдьютон — 2022 аясында 8-9 ақпан күндері 4 ашық сессия болады. Facebook-тегі Internews in Kazakhstan парақшамыздан трансляция көрсетіледі).
Ашық сессияларды 2 спикер: Тарту университетінің жарнама сарапшысы Александра Милякина (Эстония) және киносауат сарапшысы, «Кино как универсальный язык», «125 лет кинодраматургии» кітаптарының авторы Камилл Ахметов (Ресей) жүргізеді.
Ашық сессия кестесі:
8 ақпан:
15.30–16.35 — «Жарнама тілі: семиотикалық талдау негіздері»
16.40–17.45 — «Киносауат не үшін қажет?»
9 ақпан:
15.00–16.00 — «Жарнаманың визуал грамматикасы»
17.00–18.05- «Заманауи кино тілі»
«Жаңа репортер» сарапшылардан лекция тақырыптары, яғни жарнама мен киноның медиасауатқа қандай қатысы бар екенін сұрады.
Александра Милякина (Эстония), Тарту университетінің жарнама сарапшысы:
«Логоцентристік әлемде ұзақ уақыт өмір сүрдік».
«Жарнама жасаушылар қарапайым ғана құралдарды, атап айтқанда сөз, фото, түстер, форма және т.б. нәрсені қолдана отырып, мінез-құлық, жүріс-тұрысымызға қалай ғана әсер ететінін білгім келетін. Жарнаманы гипнозға теңейтіні де бекер емес, өйткені жарнаманың қалай жұмыс істейтінін білмесеңіз, тез сеніп қаласыз. Жарнама авторлары әсер ету тетіктерін қалай қолданатынын білсеңіз, дүкенге тұра жүгіріп, барлығын шетінен сатып алудан аулақ боласыз. Тек қажетін ғана аласыз.
Логоцентристік әлемде ұзақ уақыт өмір сүрдік, бәрін сөз биледі, ал қазір визуал бейне алдыңғы қатарға шықты. Вербальді және вербальді емес белгілердің қандай мүмкіндігі мен шектеулері бар? Бірін екіншісіне қалай ауыстырамыз?
Медиасауатты болмасаңыз, жарнаманы тиімді етіп жасау да, талдау да мүмкін емес. Жарнама қандай да бір медиадан: телеролик, баспасөздегі жарнама немесе әлеуметтік желілердегі баннерден көрсетіледі.
Жарнаманы түсінудің бәріне де пайдасы бар. Қай-қайсымыз да жарнаманы көргеннен кейін дереу бірдеңе сатып алғымыз келетін жағдайға тап болсақ керек, кейде не үшін сатып алғымыз келетінін түсінбейміз. Ал білім уға қарсы дауа бола алады. Егер шеберліктің белгілі бір деңгейіне жетсеңіз, онда жарнамадағы қателерді тауып, неліктен жарнама дұрыс жұмыс істейтінін талдай аласыз. Егер қандай да бір затты, ұсынатын қызметті әлеуметтік желілер арқылы сатпақ болсаңыз, жаңа жобаны жарнамалағыңыз келсе, онда мұны пайдаға жарата аласыз».
Камилл Ахметов (Ресей), киносауат сарапшысы:
«Видеожурналистиканың барлық әлеуетін пайдалану үшін …»
«Кино — өнердің кенже баласы. Небәрі 120 жыл бұрын пайда болды. Бейнелеу өнері, мүсін, театр, әдебиет мыңдаған жылдан бері бар. Ал кино — заманауи өнім, мәселен консервілеуді технологиялық революцияға баласақ, кино да сол сияқты: оңай сатып аламыз, жақсы сақталады, жеңіл тұтынамыз. “Дон Кихот”, “Соғыс және бейбітшілік” сияқты әдеби шығармаларды 2 сағатта оқып тауыса алмаймыз, ал фильмді сол уақытта көріп бітіруге болады. Сондай-ақ, фильмнің өндіріс шығыны да басқа өнер түрлерімен салыстырғанда қымбат. Өте көп қаржы жұмсалады, ал кеткен шығынды 2-4 апталық прокатты өндіріп алу керек. Сондықтан да кинематографистер фильмді қабылдауға жеңіл, түсінуге оңай, нарықтағы бәсекеге мейлінше шыдас беретіндей етіп әдейі жасайды. 20-ғасырдағы диктаторлардың бәрі де, Мусоллини де, Ленин де киноны ең күшті пропаганда құралы ретінде бағалағаны бекер емес.
Киносауатты болу кез келген жарнама жасаушыға да, видеооқулық авторларына да қажет. Мысалы, сіз тауар өндіріп не қызмет ұсынасыз, делік. Видеожарнама жасадыңыз, бірақ діттегеніңіз орындалмай, мақсатқа жете алмай жатырсыз. Өйткені көрермен жарнаманың айтарын түсінбейді, екеуара байланыс жоқ. Немесе видеооқулық жасап, шығарасыз, алайда видеокурстарыңыздың білім беру бойынша 90% әлеуеті мақсатына жете алмайды, өйткені көрерменіңіз видеоконтентті толықтай түсініп, қабылдауға білімі жетпейді. Бүгінде видеокоммуникация ең негізгі құралға айналды, тіпті телефонда сөйлескен адамдар бір-бірінің жүзін көреді. Міне, сондықтан да кино арқылы дамитын видеокоммуникацияның негіздерін түсіне білу — өте маңызды.
Журналистерге киносауатты болу керек, сонда ғана видеожурналистиканың барлық әлеуетін пайдалана біледі. Тек телеарнада емес, жалпы кез келген адам видеоролик түсіріп, оны видеохостингтер арқылы таратқысы келсе де киносауатты болғаны өзіне пайдалы. Бүгінде кез келген адам тележурналист бола алады. Қалай түсіру, монтаждау, эфирде қандай ритммен көрсетуді, комментарийлермен қалай толықтыруды білсе, болғаны. Яғни кино тілі қалай жұмыс істейтінін білу керек. Миллиондаған аудиториясы бар табысты видеоблогер мұндай машығын пайдаға асырып та жатыр».
Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.