Internews Қазақстанда «Шағын грант — 2022» контент әзірлеу бойынша идеялар байқауын қорытындылады.
Биылғы байқау әдеттен тыс, гибрид форматта өтті. Яғни серіктестер классикалық контент өндірісіне берілетін грантқа қоса аудитория әлеуетін арттыруға бағытталған жобаларды жүзеге асыруға қолдау алу мүмкіндігіне ие болды. Бұған медиа айналасында қауымдастық құру, аудиториямен екі жақты тиімді коммуникация орнатуға бағытталған онлайн және офлайн іс-шаралар жатады.
«Шағын грант — 2022» байқауына Қазақстаннан барлығы 109 өтініш келіп түсті. Мұның 50-і қазақ тіліндегі, 59-ы орыс тіліндегі жобалар болды. Техникалық іріктеуден кейін қазақ тіліндегі 20 жоба, орыс тіліндегі 15 жоба идеяларды таныстыру кезеңіне өтіп, питчингке шақырылды. Жобалардың қай-қайсысы да мықты әрі ерекше. Байқау комиссиясына үздігін таңдау оңай соқпады.
Биыл контент жасаушылар алуан түрлі тақырыптарымен таңғалдырды. Журналистер өткір әлеуметтік маңызы бар тақырыптарда (тұрмыстағы зорлық-зомбылық, әйелдер құқы, иесіз жануарлар, жойылып бара жатқан ауылдар) жоба жасауды ұсынды. БАҚ назарынан тыс қалып, аз айтылып, сирек жазылатын жаңа тақырыптарға, мысалы: мектеп асханаларындағы проблемалар, Қазақстан мәдениетін зерттеу, мұнайшылар мен егде жастағы адамдар проблемасы және т.б. назар аударды.
Жобаларды қорғау, яғни онлайн-питчинг 2022 жылғы 11 наурызда өтті. Қысқа тізімге ілінген әрбір автор 15 минутта идеясын таныстырып, сарапшылар сұрағына жауап берді. Питчинг 5 сағатқа жалғасып, содан кейін 2 сағаттай байқау комиссиясының қорытынды отырысы болды. Нәтижесінде 16 жоба жеңіске жетті.
Қазақ тіліндегі 10 жоба (мұның 5-і аудитория әлеуетін арттыруға арналған сипатқа ие)
- Аякөз Шоинбаева, «Жүктіліктен кейінгі депрессия» тақырыбындағы жоба (аудитория әлеуетін арттыру);
- Жадыра Аққайыр, «Ашық диалог» жобасы;
- Бибарыс Сейтақ, Kazak Bubble жобасы (аудитория әлеуетін арттыру);
- Есенгүл Кәп, «Көп балалы аналардың әлеуметтік құқы» тақырыбындағы жоба (аудитория әлеуетін арттыру);
- Әйгерім Бегімбет, «Ауыр еңбекпен айналысатын әйелдер» тақырыбындағы жоба (аудитория әлеуетін арттыру);
- Есдәулет Қожекенов, «Өзгеше ой» жобасы;
- Ақжарқын Қыдырханова, «Бейнетті зейнет» жобасы;
- Тілек Бақтыгереев, Оралдың экологиялық мәселесі жайлы репортаждар сериясы;
- Арман Амиров, Күлтөбе (CoolTóbe) видео-подкаст жобасы;
- Руслан Жұбаныш, MälimTalks жобасы (аудитория әлеуетін арттыру).
Орыс тіліндегі 6 жоба (мұның 4-і аудитория әлеуетін арттыру сипатына ие):
- Айжан Рымбаева, фермер әйелдер туралы видеорепортаждар топтамасы (аудитория әлеуетін арттыру);
- Екатерина Назаренко, «Жер және адамдар» деген видеорепортаждар мен мақалалар сериясы (аудитория әлеуетін арттыру);
- Дия Батенова, мектеп асханалары туралы медиакейс (аудитория әлеуетін арттыру);
- Марина Низовкина, иесіз жануарлар туралы «Хочу домой» деген видеосюжеттер сериясы (аудитория әлеуетін арттыру);
- Оксана Акулова, әлеуметтік тақырыптарға арналған лонгридтер сериясы, жобаның шартты атауы — «За стеной»;
- Айнур Коскина, «Депутата результат» деген жоба.
Егер жобаңыз биылғы маусымда қолдауға ие болмаса, еш қамықпаңыз. Күзде контент әзірлеу бойынша идеялар байқауын тағы өткізуді жоспарлап отырмыз. Сайтымыз бен әлеуметтік желілердегі парақшамызда жарияланатын хабарландыруларды қарай жүріңіз.
Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.