Оқиғалар«DOC формат» деректі фильм өндірісін қолдау байқауының жеңімпаздары қалай анықталды?

«DOC формат» деректі фильм өндірісін қолдау байқауының жеңімпаздары қалай анықталды?

Бұл байқауда үш елден 14 жоба жеңіске жетті. Жеңімпаз жобалардың тізімін басқа материалда, яғни әр ел бойынша бөлек жариялаймыз. Ал әзірге қазылар алқасы қалай жасақталып, жеңімпаз жобаларды қандай критерий бойынша таңдағанын, питчинг қанша уақытқа жалғасып, авторлар жеңімпаз атану үшін қандай кезеңдерден өткенін айтамыз. Бұл алдағы байқауларымыздың қатысушыларына қызық әрі пайдалы болатынына сенеміз.

Сөз басында айта кетелік, «DOC формат» байқауы алғаш рет өтті. Бұған дейін деректі фильм өндірісіне басқа байқаулар аясында қолдау көрсетіп келген едік. Сол кезде контент жасаушылардың осы форматқа деген қатты қызығушылығын байқадық: көбі документалистика жанрында жоба жасағысы келді. Міне, сондықтан да бөлек байқау ұйымдастыратын боп шештік.

Байқау 2022 жылғы 21 қаңтарда жарияланды. Аймақтық ауқымда өтіп, бірден үш ел: Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан идеялар қабылданды. Қатысушылар қазақ, тәжік, өзбек және/немесе орыс тілдеріндегі деректі фильм идеясын ұсынды. 

Өтініш берушілер идеясынан дайын фильм қандай боп шығатынын елестете ұсынып, кейіпкерлері мен түсірілім орындарын көрсетіп, мақсатты аудиториясын сипаттап, жоба бюджетін негіздеуі қажет болды. Деректі фильм тақырыбының өзектілігі мен әлеуметтік мәні де маңызды. 

Қазақстан мен Тәжікстаннан өтініш қабылдау 10 ақпанда аяқталды, Өзбекстанда дедлайн 15 ақпанға дейін ұзартылды. 

Байқауға барлығы 79 өтініш: 52-і — Қазақстаннан, 23-і — Тәжікстаннан, ал төртеуі Өзбекстаннан келіп түсті. Қазылар алқасы мұндай көп идеяны қарап шыға алмайтыны және кейбір өтініштер байқау талабына сай келмегені үшін Internews қызметкерлері техникалық іріктеу (әр елде бөлек) жүргізді. Үшінші тур — питчингке жіберілетін жобаларды таңдап, байқау шарттарына сай келмейтін жобаларды кері қайтарды. Мәселен, мемлекеттік БАҚ атынан ұсынған, бюджеті негізделмеген, байқау мақсатына сай келмейтін жобалар питчинг кезеңіне өтпеді.

Нәтижесінде, питчингке үш елден 25 өтініш таңдалып, «DOC формат» байқауының қысқа тізіміне Қазақстаннан — 12 автор, Тәжікстаннан — 10, Өзбекстаннан — 3 автор ілінді. 

Ашық байқау арқылы өтініш қабылданып жатқанда (жоғарыда толығырақ айтылған) Internews аймақтық Деректі кино мектебін өткізді. Бұған осы үш елдің документалистері мен документалист болғысы келетіндер қатысты. Байқаудың қысқа тізіміне ілінген авторларды халықаралық кәсіби документалистердің теориялық курсынан өтуі үшін осы мектепте тыңдаушы болуға шақырдық. Internews  Деректі кино мектебінің шәкірттерінің (тыңдаушылардан басқа) деректі фильмін түсіруін де қолдады. Сондықтан олар да «DOC формат» питчингіне шақырту алып, ашық байқау сауалнамасын толтырды.

Мектеп қатысушыларынан 15 идея: 5-і қазақстандық шәкірттерден, тағы 5-і Тәжікстаннан, қалған 5-і Өзбекстаннан келіп түсті. 

Осылайша питчингке қатысатын екі топ жасақталды: Деректі кино мектебінің шәкірттері (15 автор) мен ашық байқау қатысушыларынан (25 адам) барлығы 40 автор болды. 

Олардың әрқайсысына жобасын таныстыруға нақты уақыт белгіленді. Питчинг географиялық жағынан ғана емес, тіл тұрғысынан да аралас өтті: авторлар идеясын ұлттық тілінде де, орыс тілінде де таныстыра алды. Internews оларға аудармашылар жалдады. Өйткені халықаралық қазылар алқасы мүшелерінің бәрі бірдей төрт тілді қатар түсіне бермейді.

Орыс тілінде сөйлегендердің әрқайсысына 10 минут уақыт (5 минут жобасын таныстыру, қалған 5 минуты сарапшылар сұрағына жауап) берілді. Ал ұлттық тілде сөйлеген үміткерлерге 15 минут (7 минуты презентацияға, қалған 8 минуты сарапшылар сұрағына жауап) берілді, өйткені аударма жасау да уақыт алады. 

Питчинг үш күнге жалғасты:

  • Қазылар алқасы 15 наурызда үш елдегі Деректі кино мектебінің шәкірттері мен Өзбекстанда өткен ашық байқау қатысушыларын тыңдады. 
  • 16 наурызда Қазақстан мен Тәжікстанда өткен ашық байқау қатысушылары жобасын таныстырды.
  • 17 наурызда байқау комиссиясының қорытынды отырысы өтіп, қазылар алқасы жеңімпаздарды таңдады.

Қазылар алқасының құрамы аймақ елдері мен Ресейдің деректі кино сарапшылары, режиссерлері, сценаристері және осы формат бойынша оқыту, мұндай жобаларды дамытуды қолдау жұмысымен айналысатын Internews қызметкерлерінен жасақталды. 

Қазылар алқасы барлық өтінішті бірдей критерийлер бойынша бағалады:

  • фильм тақырыбының өзектілігі мен әлеуметтік маңызы;
  • фильм тақырыбын ашуға авторлық көзқарас / драмалық шешім;
  • тақырыпты пысықтау: кейіпкерлер болуы, түсірілім орындары;
  • фильмді қалай түсіретінін білуі, таңдаған стилі дұрыс екенін негіздей алуы;
  • өндіріс жоспары, көрермен әлеуеті, фильмді тарату жоспары; 
  • өтініш иесінің портфолиосы;
  • негізделген бюджет. 

Қазылар алқасының әрбір мүшесі осы критерийлер бойынша ұпай берді. Барлығын қосқанда қорытынды ұпай шықты. Ең жоғары ұпай жинаған жобалар жеңіске жетті. Байқау комиссиясы питчингке өткен 40 жобаның авторларын тыңдай келе үш елден 14 жеңімпазды таңдады: 

  • 5-і Қазақстаннан
  • 5-і Тәжікстаннан
  • 3-і Өзбекстаннан. 

Жеңімпаз авторлардың фильмі 2022-2023 жылдары түсіріледі және көрсетіледі. 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи