Жұма, 10 маусым күні Алматыда Медиасауат халықаралық конференциясының жабылу салтанаты өтті. Қазақстан, Өзбекстан мен Тәжікстанның медиасауат сарапшылары екі күндік іс-шарада Орталық Азия аймағындағы медиа және ақпарат сауаттылығын ілгерілетуге арналған идеяларды талқылады.
Конференцияның негізгі бір мақсаты — Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстанда медиа және ақпарат сауаттылығын ілгерілетудің ұлттық стратегиясын жасауға ұсыныс дайындау. Медиасауаттылықтың негізгі идеясы әлемнің барлық елінде бірдей: ол — ақпаратты талдап-талғап қабылдайтын сыни пайымға ие болу. Әйткенмен аймағымызда және әрбір елдегі менталитет, заңнама мен адамдардың талап-тілегінде айырмашылық бар. Міне, сондықтан да әр елге арналған бөлек ұлттық стратегия қажет. Бұл медиа және ақпарат сауаттылықты ілгерілетудің нәтижелі болуына ықпал етеді. Ел-ел бойынша қорытынды ұсыныстарды Тәжікстандағы Internews өкілдігінің директоры Рухшона Нажмидинова (Тәжікстан), «Өзбекстан Республикасының заманауи журналистикасын дамыту орталығы» қоғамдық ұйымының директоры Саида Сулайманова (Өзбекстан), Esil University ректорының кеңесшісі Руслан Қаратабанов (Қазақстан) баяндады.
Тәжікстандағы Internews өкілдігінің директоры Рухшона Нажмидинова өз командасының медиасауат дамыту бойынша көзқарасын былай сипаттады:
— Тәжікстанда бірнеше қиындық бар. Біріншісі — халықтың да, медиа өкілдерінің де медиасауат деңгейі төмен болуы. Түрлі мүдделі топтар арасындағы үйлестіру жұмыстарының да деңгейі төмен. Біз ұсынатын стратегиямыздың маңызды бір тұсы — өзара үйлестіру деңгейін көтеру, түрлі тараптар, атап айтқанда — үкіметтік емес ұйымдар, үкімет, министрліктер арасында диалог орнату. Қазір Білім министрлігімен жақсы серіктестік орнаттық. Бұл ЮНЕСКО ұсынатын формальды білім беру емес, аралас білім беру, яғни білім қоғамын құру. Салт-дәстүрімізде, мәдениетімізде білімді қастерлейміз. Сондықтан да мектеп, университет және тағы басқа білім беру ұйымдарында медиасауат оқытуды мәдениет арқылы ендіруді маңызды санаймыз.
Сосын протекционизм әдісінен мүмкіндіктерді арттыру әдісіне өту керек. Егер ақпарат кеңістігіне терең бойламасақ, онда бұл дамуымызды тежейді. Халықтың сауатын арттырып, жан-жақтан анталаған ақпараттың қаупін хабарлап отыру қажет. Бейформальды білім берудің тағы бір тәсілі — әлеуметтік желілер, топтар арқылы медиасауат тарату. Медиасауат машықтарын үйретуге ата-аналарды да тартқан жөн. Өйткені ата-ана медиасауатты болса, балаларына кішкентай кезінен медиасауаттылықтың не екенін түсіндіріп, не болса соған сене бермеуге баулиды.
Медиасауаттылықты ұлттық деңгейде ынталандыратын ресми қаулы, бағдарлама, баптардың болуы да маңызды. Өкінішке, қарай бізде мұндай жоқ. Бірақ заңнамада, Конституцияда, Білім беру туралы заңда, Экстремизмге қарсы күрес туралы заңда сыни пайым жөнінде бап бар. Соны толықтырып, дамытуға болады.
«Өзбекстан Республикасының заманауи журналистикасын дамыту орталығы» қоғамдық ұйымының директоры Саида Сулайманова өз еліне арналған ұлттық стратегияны былай сипаттады:
— Жалпы стратегия өзгеріссіз қалады. Ең әуелі мәселені зерттеуіміз қажет. Толыққанды зерттеу жүргізу керек. Кешегі пікірталасымыз еліміздің білім беру жүйесінде не боп жатқанынан бейхабар екенімізді көрсетті. Әйткенмен медиасауатқа сұраныс бар. Мұны неден білуге болады? Мектеп мұғалімдеріне тренинг өткіздік. Олар медиасауаттылықтың кейбір элементтерін енгізіп жатқанын аңғардық. Бұл мектеп мұғалімдерінің өз бастамасы, олар медиасауат туралы ақпарат іздейді, өйткені оларға бұл қажет. Барлық ақпарат жан жақта шашылып жатыр. Егер олардың тәжірибесін қолданып, барлығын бір жерге жинап, біріктірсе, көлемді базаға айналып, көп материал жинақталады. Міне, сондықтан да ең әуелі қолда барын анықтайтын ауқымды зерттеу жүргізіп, «не нәрсеге жеткіміз келеді» деген нақты мақсат қоя білуіміз керек. Нақты, анық, өлшемі бар нәтижеге жету қажет. Бір жылдан кейін мектептегі кейбір сыныптарда медиасауат пәні оқытылғанын қалаймыз. Соны қалай орындаймыз? Мұны мақсат айқындайды. Кешегі талқылау кезінде істеуге болатын көптеген қадамдарды жазып, қағазға түсірдік. Формальды деңгейде мұның барлығы — білім беру стандарттары мен жоспарларды кезең-кезеңімен ендіру, мұғалімдермен жұмыс істеу. Ең маңыздысы — бұған мұғалімдерді тарту қажет.
Esil University ректорының кеңесшісі Руслан Қаратабанов Қазақстанға арналған бағдарламасын таныстырды.
— Ұсыныстарымызды тағы бір рет ой елегінен өткізіп, мынадай рекомендация дайындадық. Біріншісі — саясатпен байланысты, яғни сөз бостандығын нығайту принциптерін қолдау. Жаппай ақпарат сауаттылығын құқықтық-нормативтік актілерде адам капиталын дамытудың басым бағыты ретінде тануға ықпал ету. Медиа және ақпараттық сауат көрсеткішін ұлттық салалық бағдарламалар мен жобаларға нысаналы индикатор ретінде ендіру. Медиа және ақпараттық сауат қалыптастырудың әдіс-тәсілі мен принциптерін формальды және бейформальды оқыту мазмұнына қосып, білім беру институттары арқылы жүзеге асыру.
Екіншісі — білім беру саласына байланысты, яғни медиа және ақпарат сауаттылығын ұлттық білім беру стандарттарында құнды білім әрі түлектің атрибуты ретінде тануды қолдау. Медиа және ақпарат сауаттылығының негізгі принциптерін, әдіс-тәсілдерін, нысаналы индикаторларын оқу мақсатына және пән бойынша оқыту бағдарламаларына қосу арқылы формальды білім беру мазмұнына енгізу. Медиа және ақпарат сауаттылығына сай келетін пәндерді элективті курс ретінде ұлттық куррикулумға енгізу процессіне атсалысу. Медиа және ақпараттық сауат пәндерін колледждер мен жоғары оқу орындарының білім беру бағдарламасына қосу процессін жеңілдету. Медиа және ақпараттық сауат саласындағы мамандықтар мен кәсіп түрлерін «Жаңа мамандықтар атласына», салалық біліктілік тізіміне, мамандықтар топтамасы мен тізіліміне (реестр) қосуға ықпал ету. Колледждер мен жоғары оқу орындарында медиа және ақпарат сауаттылығы мамандықтарының білім беру бағдарламасын әзірлеуге көмектесу. Яғни жаңа мамандықтар аша аламыз. Министрлік бұған қызығып отыр. Медиа және ақпараттық сауат бойынша контент дайындау мен тарату. Медиа және ақпараттық сауат бойынша білім беру орталықтарының ұлттық желісін дамыту.
Үшіншісі — мәдениет және БАҚ саласымен тығыз байланысты, яғни мәдениет пен БАҚ контентіне нарративтер, месседждер, идеологемалар, дискурстар, скрипттер дайындау. Мәдениет пен БАҚ-та медиа және ақпараттық сауат идеясын насихаттайтын жобалар жасау. Бұл қоғам үшін құнды. Медиа және ақпараттық сауат идеясын насихаттайтын еріктілер қозғалысын дамыту. Мұның барлығын қамту үшін инклюзия принципін жүзеге асыра отырып, қоғамды медиа және ақпараттық сауат бойынша білім беру қызметіне қосатын бірлескен жобалар ұсыну.
Конференцияда қазақстандық драматург Әннас Бағдаттың медиасауат туралы SEN мюзиклі сахналанды. Бұл жоба — MediaCAMP Эдьютон — 2022 инновациялық семинарының финалисі болған.
Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр.