ОқиғаларКүш алар, ой салар, рефлексия болар орын. MediaCAMP Fest фестиваліне неліктен қатысуыңыз...

Күш алар, ой салар, рефлексия болар орын. MediaCAMP Fest фестиваліне неліктен қатысуыңыз керек?

Internews командасы Орталық Азияның медиамамандарына деген ыстық ықылас білдіріп, IV жыл сайынғы MediaCAMP Fest өткізуді алты айдан астам уақыт бұрын жоспарлады. Биылғы MediaCAMP Fest 8-10 қазан күндері Алматыда өтеді. Қауырт дайындық басталып, Internews командасы алдағы кездесулер, шат-шадыман күлкі мен сағына қауышатын сәттердің күшін әзірден сезініп жатыр. Бүгін сізге фестиваль бағдарламасын қуана таныстырып, демалыс күндеріне тура келетін қымбат уақытыңызды неліктен бізбен бірге өткізіп, фестивальге неліктен келуіңіз керек екенін айтамыз. Егер әлі тіркелмесеңіз, мұнда өтіп, тіркеле қалыңыз. 

MediaCAMP Fest-тің бірінші күні (сенбі, 8 қазан) өте-мөте маңызды. Спикерлер жұртшылық көңілінен шыққан SnapTalk форматында сөйлеп, шабыттандырса, интерактив ойындар пайдалы әсер сыйлап, шеберлік сабақтары кәсіби машығыңызды жетілдіріп, шыңдайды. Ең бастысы – сессия арасындағы үзілістерде басқа қаладан не елден келген әріптестеріңізбен әңгімелесіп, жетістіктеріңіз бен проблемаларды талқылап, тәжірибе алмасып, бір жасап қаласыз. 

— Фестиваль дегеніміз – ең әуелі нетуоркиң. Мүдде-мақсаты мен қызығушылықтары сізге жақын қаншама адаммен танысып, ескі таныстарыңызбен жүздесіп, ортақ идеялар туындап, бірге жаңа жоба бастауыңыз мүмкін. Идеяны дамытып, жүзеге асыруға білім беру сессияларының пайдасы мол. Мәселен, шеберлік сабақтарының бірі монетизациядан бөлек, бизнес өкілдері, яғни жарнама берушілермен қалай жұмыс істеп, байланыс орнатуға арналады. Тағы бір шеберлік сабағында медианың визуализациясы туралы айтып, дизайнердің көмегінсіз вижуал жасауды, аудиторияға ойыңызды қарапайым әрі ерекше етіп жеткізудің әдіс-тәсілін үйретеді. Ёкуб Халимовтың сессиясы алғашқы журналистік зерттеуіңізді неден және қалай бастауға болатынын айтса, медиатренер, азаматтық журналистермен жұмыс істеу бойынша сарапшы Дмитрий Ким, Internews-тегі әріптестеріміз Анна Сухачева мен Лилия Гайсинаның арнайы сессиясы редакцияда азаматтық журналистер желісін құрудың қыр-сырына баулиды. Келген адамның бәрі де өзін қызықтыратын, қызығатын тақырыбын табатыны анық! – дейді Internews медиабілім беру бағдарламаларының үйлестірушісі Алевтина Мадьярова.

MediaCAMP Fest-тің екінші күні (жексенбі, 9 қазан) аймақтағы тенденция мен әлемдегі инновация туралы айтамыз. Топ-топқа да бөлініп, жұмыс істейміз. Демек, күннен күнге нетуоркиң күшейеді! Топтық әңгіме-дүкен арасындағы үзілістерде Василий Гатов пен Светлана Лебедеваның сессиясы болады. Алмағайып уақыттағы медиаинновациялар және арнайы жобалар монетизациясы туралы сессиялар медиа саласының түрлі өкілдеріне пайдалы-ақ. 

— Еркін бағдарламаға ерекше назар аударыңыз. Өйткені қай залға барып, қай сессияға қатысатыныңызды, қандай әсер алғыңыз келетінін таңдайсыз. Деректі фильмдер залына міндетті түрде барыңыз. Қазақстан, Тәжікстан, Өзбекстан документалистерінің жаңа шыққан фильмдерін көрсетеді. Орталық Азияның авторлары маңызды әрі батыл тақырыптарды қозғап, экранға шығарып жүргеніне таңданып, сүйсінетіңізге сенімдімін, – дейді Тәжікстандағы медиабілім беру бағдарламаларының үйлестірушісі Махпора Киромова. 

MediaCAMP Fest-тің үшінші күні (дүйсенбі, 10 қазан) қатысушылардың біразына ерекше көңіл-күйі сыйлайды. Өйткені MediaCAMP Awards байқауының жеңімпаздарын марапаттайды. Салтанатты марапаттау рәсімінен бұрын көптеген пайдалы сессиялар: мансап жолында өсу жөніндегі фасилитация, конфликтологпен әңгіме, журналистің қақтығыс аймағында жұмыс істеу ережесі туралы кездесу және Орталық Азияның болашағына болжам айтатын сессиялар болады.  

— Соңғы уақытта бәріміз аптығып, әуре-сарсаңға түсіп, өмір сүріп жатырмыз. Аялдауға мүмкіндік табылмай, қарбалас боп кеттік. Бір сәт тоқтап, жан-жағымызға қарап, жаһандық деңгейде ойлап, өміріміз мен кәсібіміздің кейбір тұстарын қайта бағамдап, миссиямыз туралы ойлану қиынға айналды. Кімбіз, қайда барамыз, не үшін бара жатырмыз, деген сауалдар төңірегінді бір ауық ойланып, түсінуіміз үшін не істеу керек? Фестиваль – күнделікті күйбең тіршіліктен бір сәт алданып, шын мәнінде маңызды дүниелерді ойлануға керемет мүмкіндік. Бір уақытта бір жерде көптеген қызық адаммен танысып, таныстарыңызды көріп, әңгімелесіп, шүйіркелесіп, олардың не істеп жатқанын біліп, тәжірибесін танып, білгеніңізді оларға айтып, кеңесіп, олардан жаңа нәрсе үйреніп, сергіп қаласыз. Биылғы MediaCAMP Fest күш, толғаныс, рефлексия, қарым-қатынас пен жаңаны үйрену ортасына айналатына сенеміз, – дейді Internews-тің контент өндірісі бойынша сарапшысы, MediaCAMP Award байқауының үйлестірушісі Марина Михтаева. 

Бұл іс-шара америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсеткен қолдауымен мүмкін болды және USAID қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Мазмұнына Internews жауапты және мазмұны USAID не АҚШ үкіметінің көзқарасына сай келмеуі мүмкін.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи