ГранттарКонтент өндірушілер арасындағы грант алуға байқау

Контент өндірушілер арасындағы грант алуға байқау

UPD: Байқау туралы инфосессия уақыты 25 маусым, сағат 15:00-ге ауысты.
Түсінгеніңізге рахмет!

Қазақстандағы Internews өкілдігі сапалы контент шығарушыларды жергілікті тұрғындардың елдегі, аймақтағы және әлемдегі жағдайды жақсырақ түсінуіне, сондай-ақ сол процестер тұтас қоғамның өміріне де, олардың өз өміріне де қалай ықпал ететінін бағалауға көмектесе алатын контент шығаруға грант алу үшін байқауға қатысуға шақырады. Байқау Internews Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен Орталық Азия елдерінде 2024 жылғы 1 сәуірден бастап іске асырып отырған «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» жобасы аясында өткізіледі. 

Тәуелсіз қазылар алқасы жалпы бюджеті 60 мың евродан аспайтын кемі екі үздік өтінімді іріктеп алады. Бір гранттың сомасы түрлі тақырыптарға кемі 30 түпнұсқа контент жасауға 30 мың евродан аспауға тиіс. Internews қолдау көрсетілетін жобалар санына қарай грант сомасын азайтуға қақылы.

Internews байқау жеңімпаздарының әлеуетін арттыру үшін оларды менторлық бағдарламаларына, қысқамерзімді онлайн және офлайн резиденцияларға, тренингтерге қатыстырып, арқылы техникалық және эксперттік қолдау көрсетеді. Сондай-ақ серіктестерге медиаэксперттерден, соның ішінде нарықтағы қаржылай орнықтылығын арттыру жөнінен консультация беріледі.

Жобаларды іске асыру мерзімі  — 10 айға дейін, жоба басталатын болжамды мерзім  — 2024 жылғы тамыз айының ортасы.

Кім-кім қатысуына болады?

Байқауға жергілікті тәуелсіз медиа, продакшн-студиялар, шығармашылық бірлестіктер, үкіметтік емес қоғам ұйымдары (ҮЕҰ) және өзге де мүдделі контент шығарушылар (блогерлер, фрилансерлер, журналистер, т.б.) қатыса алады.

Маңызды шарты: өтініш беруші жергілікті заңнама талаптарына сай заңды тұлға ретінде тіркелген болуға тиіс.

Қандай жобалар іздейміз?

Internews:

  • елде, аймақта және әлемде болып жатқан оқиғалар туралы сапалы әрі өтіріксіз контентке қол жеткізу мүмкіндігін кеңейтуді көздейтін;
  • жалған ақпарат пен фейктерге қарсы тұрып, олардың табиғаты мен мақсатын түсіндіретін;
  • ғадауат тіліне және түрлі әлеуметтік топтар арасындағы өшпенділіктің өршуіне қарсы тұратын;
  • бейбітшілік орнатып/нығайтып, толеранттықты дамыту идеяларын күшейтетін;
  • түрлі аудиториялар арасындағы диалогқа сеп болып, сол қауымдар арасындағы тоғысу нүктелерін, мәселелердің шешімін табуға көмектесетін;
  • маңызды геосаяси мәселелерді, соның ішінде аймақ пен елге ықпал етіп отырған қақтығыстар мәселелерін жариялайтын;
  • аймақтағы жалпы құндылықтар туралы пікірталастарға түрткі болып, халық арасындағы азаматтық белсенділік құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтетін;
  • сөз еркіндігі, адам құқықтары, гендерлік және өзге де теңдік формалары идеяларын қолдайтын;
  • әйелдер мен өзге осал не шеттетілген топтардың жалпы мәселелерін, соның ішінде қоғамда тамыр жайып кеткен таптауырындарды және олармен күрес жолдарын көрсететін;
  • экология, климат өзгеруі тақырыбын және аймақтағы су ресурстарын пайдалану мәселелерін жариялайтын жобалардан өтінімдер күтеді.

Жобаларды мынадай жанр/форматта ұсынуға болады:

Internews сараптама, журналистік зерттеу, оқытушы-ойын-сауық және ағартушы материалдар, сатира, арт-контент (клиптер, қысқа метрлі көркем фильмдер, әлеуметтік роликтер), сторителлинг, фактчекинг, деректану, сұхбат, ток-шоу сынды және басқа да түрлі жанрлар мен форматтарда контент жасауды көздейтін өтінімдерді қуана қабылдайды.

Дайындық және өтінім беру сатылары:

  1. Байқау туралы және өтініш пен бюджетті (егжей-тегжейі төменде берілген) толтыру туралы ақпараттық сессияға қатысу.
  2. Өтініш пен бюджет үлгісін толтырып, құжаттар пакетіне қосып, «CARAVAN. Контент өндірісі байқауы – Қазақстан» деп тақырып жазып, 2024 жылғы 10 шілде, Алматы уақытымен сағат 23:59 дейін  KZ-info@internews.org адресіне жолдау.
  3. Өтінішті қазақ не орыс тілінде жазу керек.

Қосымша ақпарат:

Грант қаражатын контент шығару және шығарылған контентті жариялап-тарату, ілгері жылжыту барысындағы еңбек ақысын төлеуге, жұмыс сапарларына, операциялық шығындарға, құрал-жабдықты ішінара жаңартуға жұмсауға болады.

Құжаттар пакеті толық берілген өтініштер ғана қарастырылады (толық құжаттар пакетінің тізімін өтініш үлгісінен қараңыз). Internews бір не бірнеше құжаты берілмеген жоба өтініштерін қарастырмай қоюға қақылы.

Байқау кезеңдері:

Бірінші кезең: жоба ұсыныстарын техникалық тұрғыдан іріктеу (құжаттар пакеті толық болғанын, байқау шарттарына сәйкестігін тексеру).

Екінші кезең: байқау мақсаттарына барынша сай келетін жоба өтініштерін іріктеп алу (шорт-листинг).

Үшінші кезең: екінші іріктеу кезеңінен өткен жоба командаларының (финалистер) жобасын таныстыратын питчингі.

Төртінші кезең: питчинг нәтижелеріне қарай жеңімпаз командаларды жариялау. Байқаудың қазылар алқасы жеңімпаздар мен резерв командаларды анықтайды.

Байқау қорытындысы:

Байқау жеңімпаздары тізімі 2024 жылғы тамызда жарияланады. Жеңімпаз командаларға қазылар алқасының ескертулеріне қарай жобасын жетілдіріп, түпкілікті бюджетін құрап, қажет құжаттарын жинауға бір апта беріледі. Командалар жобасын іске асыруды шартқа қол қойылғаннан кейін бастайды.

Іріктеу шарттары:

  • жергілікті заңнамаға сай заңды тұлға (ЖК, ЖШС, ЖШҚ, ҚБ және т.б.);
  • контент шығарудағы тәжірибесі бір жылдан кем болмауы керек (команданың негізгі мүшелерінің тәжірибесі ескеріледі)
  • толық құжаттар пакеті болуы керек (тізімді өтініш үлгісінен алуға болады);
  • идея бірегей, түпнұсқа, креатив және жаңашыл болуға тиіс;
  • жоба ұсынысы байқауда жарияланған тақырыптарға сай болуға тиіс;
  • кең аудитория қол жеткізе алатындай (контент таралуы) болуы керек;
  • өндірілетін контенттің кем дегенде 70% (контент бірліктері) мемлекеттік тілде болуға тиіс;
  • жобаны іске асыруға керек техникалық базасы болуға тиіс;
  • команда мүшелері CARAVAN жобасы аясындағы үйретуші іс-шаралардың бәріне белсене қатысуға келісуі керек;
  • сапалы журналистиканың кәсіби және этика стандарттарын толық ұстану керек.

Мынадай командаларға басымдық беріледі:

  • ел аумағындағы аудиторияны толық қамти алатын арналарды қолданатын;
  • мемлекеттік тілдегі контентті насихаттайтын;
  • өзге тілдерде шығаратын және/немесе сол тілдерге бейімдей алатын;
  • ақпарат таратудың алуан түрлі арналары мен форматтарын пайдалану;
  • елдегі медиатұтыну трендтеріне сай болуы.

Ақпараттық сессия:

2024  жылғы 20 маусымда Алматы уақытымен сағат 15.00 Internews ақпараттық сессия өткізеді. Ол сессияда байқау шарттары туралы толығырақ ақпарат және өзіңізге қызық сұрақтарыңызға жауап ала аласыз. Өтініш берушілер сессияға Zoom платформасында онлайн қосыла алады. Ақпараттық сессияға қатысу үшін мына сілтемеге өтіп, онлайн тіркеліп қойыңыз.

Тағы сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз! KZ-info@internews.org электрондық поштасына жазған хаттардағы сұрақтарыңызға қуана жауап береміз. Хаттың тақырыбын «CARAVAN. Контент өндірісі байқауы – Қазақстан» деп қоюды ұмытпаңыз.

Байқау жобасы Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен іске асырылып отырған «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» жобасы аясында өтеді.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи