Қатысушылар екі командаға бөлініп, әр командаға нұсқаулық жазылған парақша берді. Парақшаларда еңбегі табысты екі ғалымның ойдан шығарылған хикаясы жазылған. Бірінші ғалым адамзатты ядролық апаттан құтқарғысы келсе, екіншісі қауіпті індеттің таралуын тоқтатпақшы. Алайда екі ғалымның қолында бар қажет заттары тек бір жобаға жетеді.
Командаларға берілген тапсырма — бір-бірімен әңгімелесіп, ақпарат алмасып, ең маңызды нәрселерді айыра білу.
Бұл — 30 маусым – 1 шілде күндері Нұр-Сұлтанда өткен журналистиканың негізгі машықтары тренингіне қатысушыларға берілген интерактив тапсырмалардың бірі.
Тренингке Қазақстанның түкпір-түкпірінен 40 жас журналист қатысты.
Іс-шараны ұйымдастырған “Стратегиялық коммуникациялар” агенттігі қауіпсіздік ережелерінің сақталуына барлық жағдайды жасады: қатысушылар мен тренерлер қорғаныш бетперделерін тағып, қолғап киді, санитайзерлер қолданып, аралық сақтады.
— Жас журналистерге арналған тренинг қарқынды өтіп жатыр. Пандемия кезінде еш демалыссыз жұмыс істеп жатқан тәжірибелі әріптестеріне көмектесуі үшін қатысушыларға ең пайдалы білім мен машықтарды тез әрі тиімді сіңіруге тырысып жатырмыз,-дейді орыс тіліндегі топқа журналистиканың негізгі машықтарын үйрететін тренерлердің бірі Дана Рысмұхамедова.
Қазақстанда ұзақ карантиннен кейін жарияланған офлайн-тренингтің аңдатпасын көріп, қатысуға ниеттілер көп болды. 500-ден астам адам өтініш берді. Ұйымдастырушылардың айтуынша, 500 адамның ішінен 40 адамды іріктеу де оңай соқпапты.
— Іріктелген қатысушылардың дайындығы, мақтаулы тәжірибесі мен сұрақтарды жүйелей білуі таңғалдырды. Олардың жаңа нәрсені үйренуге ынта-ықыласы өте жоғары екенін байқадым,-дейді орыс тіліндегі топқа журналистиканың негізгі машықтарын үйрететін тренерлердің бірі Ольга Коваленко.
Ақпарат іздеу, тексеру, журналистика жанрлары, контентті аудиторияға ұсына білу, тақырып қою, мультимедиа форматтары, журналист этикасы. Міне, мұның барлығы тренинг барысында қамтылған пайдалы білім мен машықтардың бір бөлігі ғана. Әрбір модулде тақырыпты жете түсінуге себі тиер нақты мысалдарға негізделген шын кейстер мен интерактив ойындар бар.
Тренинг қазақ және орыс тілдерінде өтті. Қазақ тіліндегі топқа Медетжан Ізғұттынов пен Жазира Досмағанбетова, ал орыс тіліндегі топқа Дана Рысмұхамедова мен Ольга Коваленко тренер болды.
Балалардың ең сүйікті ойындарының бірі — «Сымсыз телефон» ойыны осы тренингте жаңаша мәнге ие болды. Бір-біріне тек сөз емес, тұтас хикаяны айтып, оны екінші, үшіншісіне жеткізсе, ең соңында бастапқы хикаяның қаншалық өзгеретінін байқаймыз. Егер баспасөз-конференциясына кешігіп қалсаңыз, онда не айтылғанын әріптестеріңізден сұрап-білу бұл да бір жақсы мысал.
Екі ғалымның хикаясына оралайық. Бұл интерактив ойын ақпарат көздерімен жұмыс істеуді үйретеді: кейде ең маңызды нәрселер ұзақ мәтін ішіне жасырылуы мүмкін, сондықтан материалды жарияламас бұрын, дереккөзді мұқият танып, оқып, мәселені егжей-тегжейіне дейін зерттеп алу керек.
Интерактив тапсырмалардың көп болуы – тренингттің офлайн өтуіне басты себеп.
— Жұмысымыз осы тренингпен тоқтамайды. Қатысушыларға үй тапсырмасын береміз, олардың осы тренинг барысында біліп-үйренгенін кәсіби қызметінде пайдалануына көмектесеміз, үнемі байланысып, қарым-қатынаста болып, бірге жұмыс істейміз,-дейді қазақ тіліндегі топқа журналистиканың негізгі машықтарын үйрететін тренерлердің бірі Жазира Досмағанбетова.
Ол Ақмарал Әбжанимен бірігіп, қатысушыларға қашықтан тәлім береді.
Тренинг қатысушылары тынбай еңбектеніп, естелік сертификаттар алды. Тәжірибелі ұстаздармен үнемі байланысты болып, жұмыста шабыттанып, жаңа достар тапты.
Журналистиканың негізгі машықтары тренингі АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігінің “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында ұйымдастырылды.