Оқиғалар«Сүйрік» жобасы кәсіби бағытымды тауып берді - Айсұлтан Жақыпов

«Сүйрік» жобасы кәсіби бағытымды тауып берді – Айсұлтан Жақыпов

Айсұлтан Жақыпов Internews Қазақстан өкілдігінің продакшен-гранттар байқауына «Сүйрік» жобасын ұсынып, грант жеңіп алды. Ат баптап, көкпар тартып, тазы жүгіртетін әйелдер жайында бірнеше фильм түсірді. «Сапалы контент жасасаңыз, еңбегіңіз ақталады. Ал Internews гранты – сапалы жоба жасауыма мүмкіндік» деген Айсұлтан «Сүйрік» жобасы өмірін қалай өзгерткенін айтып берді. Балалық шағындағы оқиғалардың тақырып таңдауға әсері, кейіпкер табу, YouTube-қа видео түсіру, көкпар тартатын әйелдерге жұртшылық көзқарасы, карантиндегі кедергілер және медиажоба монетизациясы туралы да әңгімеледі.

Тазы ұстайтын Анна Захарова

ИДЕЯҒА ТАҚЫРЫП ТАҢДАУ

Айсұлтан Жақыпов Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданына қарасты Талдыбұлақ ауылында туып-өскен. Еңбек жолын әскери саладан бастаған. Кейін мәдениет пен журналистикада қызмет етті.

Былтыр Қазақстандағы Internews өкілдігі АҚШ халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен «MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы» аясында контент өндірісіне гранттар байқауын жариялады. Байқау туралы естігенде «Қандай тақырып ұсынсам, жеңемін?» деп, өз-өзіне сауал қояды.

– Адам байқауға «ұтамын» деп қатысады. Ұлттық ат спорты тақырыбына шамам жететінін білдім. Алайда көкпаршы не атбегі туралы фильм түсіруді ұсынсам, ұтпайтынымды да білдім. Шабандоздар мен атбегілер туралы контент толып жатыр. Ойлана келе, ұлттық ат спорты мен саятшылықта ілуде бір кездесетін адамдар, яғни әйелдер туралы фильм түсіруді шештім. Атқа мініп, бәйге шабатын, көкпар ойнап, серке тартатын әйелдер өте сирек ұшырасады, бірақ сондай адамдар бар. Жұртшылық біле бермейді. Идеямды ұсындым, грант жеңіп алдым,-дейді Айсұлтан Жақыпов.

Оның ұлттық ат спортын жетік білуі де бекер емес. Ал фильм идеясының туындауына бала күнгі естеліктерінің де әсері бар.

– Жайлауда туып-өстім. Ағам – атбегі, өзім – шабандоз болдым. 3-сыныптан бастап әскерге кеткенге дейін үлкен бәйгелерде шаптым. Қыздың атқа мініп бәйгеге шапқанын бір-ақ рет көрдім. 98-99 жылдар болатын. Жеңбеді, бірақ қатысты. Бұл – бірінші оқиға. Тағы бір оқиғаға 5-сыныпта куә болдым. Атама еріп, ауыл ақсақалдарының басқосуына жиі баратынмын. Бір жиында атам мен ауылдағы бір шал кісі бәстесті. Бұрын Жаңаарқа ауданындағы шопандар тойында бір қыз бәйгеге шауып, орын алған екен. Атам сондай оқиға болғанын айтса, екінші кісі болмағанын айтады. Мысыққара деген бәйге атымыз болатын. 15 шақырымдық бәйгеде озып келетін жануар еді. Содан не керек, бәстескен екеуі де мініп жүрген бәйге аттарын бәске тікті. Атам аты –Төлеухан. Өте аңғал кісі ғой. «Атам ұтылып қала ма» деп қорқып, уайымдадым. Үйге келген соң, әжеме айтқанымда, «сондай оқиғаны болғаны рас» деді. Не керек, бәстен кейін ауыл адамдары сұрастыра келе сол бәйгеге шапқан қызды тапты. Куәгерлермен іздеп барып, білдік. 50 жасқа келген әйел екен. Атам жеңді, бірақ бәстескен кісі атын бермеді. Атам ұтылса, Мысыққараны берер еді. Мінеки, сол кезде әйелдің атқа мініп, бәйге шабуы – адам сенбес оқиға, қызық жаңалық болған ғой,-деді Айсұлтан.

«СҮЙРІК» АТАУЫНЫҢ МАҒЫНАСЫ

Жоба атауы – «Сүйрік». Қазақ тілінде «сүйріктей» деген сөз бар. Жіп-жіңішке, сұлу, әдемі деген мағына береді. Түбір сөз – сүйрік. Қамыстың ұзын әрі тәтті ақ тамырын, тұщы суда мекендейтін бекіре тұқымдас балық түрін «сүйрік» деп атайды. «Сүйріктей нәзік», «сүйріктей сұлу» және тағы басқа сөз тіркестері де бар. Айсұлтанның айтуынша, «сүйрік» сөзі контент тақырыбына дөп келіпті.

– «Сүйрік» сөзі нәзіктікті білдіреді ғой. Әуелде «Сүйрік пен жүйрік» деп атауды ойлағанмын. Кейін тым әдеби көрінген соң, «Сүйрік» сөзін қалдырдым. Бір жағынан жүйрік сөзіне де ұқсайды. Осылайша бірнеше мағынасы ашылып, сәтті атау болып шықты,-дейді Айсұлтан Жақыпов.

ПИТЧИНГ, КЕЙІПКЕР ТАБУ, КАРАНТИН ҚИЫНДЫҒЫ

Байқауға өтініш қабылдау аяқталған соң әділқазылар жоба идеяларын қарап, іріктелген өтініш иелерін идеяны таныстыру, яғни питчингке шақырады.

– Питчингтен бірнеше ұсыныс-ескерту айтты. Есімде қалғаны – жобаны таныстыру кезінде қазақ мақал-мәтелдерін, мәселен «Байтал шауып, бәйге алмас» деген сөзді айттым. «Ертең фильміңізде осы сөздерді айтып қалып жүрмеңіз» деп ескертті. Ал жалпы жоба концепциясы өзгермеді. Кейін тазы ұстайтын Анна Захарова туралы фильмге біршама түзетулер ұсынды. Түзеттік,-дейді Айсұлтан Жақыпов.

Бала күнінен бәйге шауып, көкпар тартып өскен соң кейіпкер табу қиын соқпаған. 

– Кейіпкерлер көп болды. 7-8 кейіпкер дайын тұрды. Кейіпкерлер арасынан қайсысы түсіруге ыңғайлы болды, соны түсірдім. «Ыңғайлы болды» деген себебім, былтыр көктемде коронавирус пандемиясына байланысты қатаң карантин басталып, әлі жалғасып жатыр. Сондықтан қатаң карантин кезінде басқа облыстардағы кейіпкерлерге бара алмадым. Оралда шабандоз қыз бар еді, соны түсірмек болғам. Жамбы атудан 3 түрлі кейіпкер, құсбегі қыздар болды. Қарағанды облысының Шет ауданында Мақпал деген бүркітші қыз бар. Өте танымал кісі. Сонау 2000 жылдары бүркітші қыз ретінде танылған. Әкесіне еріп, 20 жылдай бүркіт ұстаған. Қазір Моңғолияның Баянөлгий аймағынан шыққан бүркітші Айшолпан әлемге танылды ғой. Мақпал да солай танылуға лайық қыз болған, бірақ ол кезде интернет жоқ, басқа жоқ, есімі жергілікті жұртшылыққа ғана мәлім. Сол Мақпалды да фильмге түсірмекші едім, жүкті екен. Осылайша жағдай тура келмей қалды,-дейді Айсұлтан Жақыпов.

Ол «Сүйрік» жобасы аясында әрқайсысы 15 минуттық 3 фильм түсірді. YouTube-тегі  арнасында:

  1. Анна Захарова:Иттің бәрі тазы емес…
  2. Арғымақ мінген Әйгерім – Argymaq Mingen Aigerim
  3. Көкпаршы  келіншек – Kokparshi kelinshek

жариялады. Жобадан тыс, бірақ жобаны жүзеге асыру барысында кездейсоқ түсірілген Жел жүгендеген Назерке – Jel Mingen Nazerke атты фильм шығыпты.

«КӨКПАРШЫ КЕЛІНШЕК» ФИЛЬМІ КӨРШІЛЕС ЕЛДЕРГЕ ТАРАДЫ»

Ең жиі талқыланып, ең көп қаралым жинағаны – «Көкпаршы келіншек». Үш айдағы қаралымы 140 мыңнан асты.

Бас кейіпкер – Адалат Әлтешова. Түркістан облысының Созақ ауданында тұрады. Ес білгелі ат мініп, көкпар тартады. Айсұлтан осы фильмді түсіру үшін Қарағандыдан Созақ ауданына келеді. Созақтағы түсірілім бір күнге созылды. Монтаждап, жариялаған соң бірден талқыға түсіп, қаралымы тез өсті. Мұның да бірнеше себебі бар.

– Оңтүстік өңірінде көкпар өте жақсы дамыған. Бізде, яғни Арқа өңірінде ат жарыс, бәйге танымал. Бұл видео сілтемесі WhatsApp арқылы көп тарады. Қырғызстан, Өзбекстандағы көкпаршылардың WhatsApp тобына дейін кетіп қалды. Айналып-айналып, басқа топтардан өзіме келіп отырды. Талқылауларға қарасақ, «қазақ қызы көкпар тартпаған, атқа мінбеген» деген сөздерді жиі айтады. Видеоны бөліскенде де «мынаны қараңдар, әйел көкпар тартып жүр» деп таратады. Тіпті маған қарата «мына журналист билікке әйелді әкелуге дайындап жатыр» деп те айтады. Фильмде көкпаршы еркектердің пікірі бар. Көкпаршылар бірін-бірі таниды ғой. Танитын болған соң, «Пәленше мына видеода әйелдің көкпар тартуын жақтап отыр» деп те бөліседі. Видеода маған да, Адалат Әлтешоваға да негатив пікір жазғандар көп. Тең жартысы – әйел адамның көкпар тартуына қарсы пікірлер еді. Ар-намысқа тиетін пікірлерді өшірдім. Адалат Әлтешова маған хабарласып, видеоны өшіріп тастауымды өтінді,-дейді Айсұлтан Жақыпов.

Ал Айсұлтан видеоны өшірмей, басқа амал табады.

Қазақта көкпар тартқан әйелдер болған

– Бұл видеоның танымал болуына да, негатив пікір жазылуына да жалғыз себеп – әйелдің көкпар тартуы. Ал қазақта көкпар тартқан әйелдер болған. Бала күнімде бабаларымыздың бәйбішесі көкпар тартқанын естігенмін. Әкем шежірені жақсы біледі. Әкеме барып, «Көкпар тартқан шешеміз болды, қазақта мыңнан бір, ілуде бір аналарымыз көкпар тартқан» деп шағын видео түсіріп, жарияладым. Расында да әулет тарихымызда көкпар тартқан анамыз болған. Бәлкім, жоғарыда айтқанымдай, жобаға тақырып таңдауыма осы оқиғамыз да әсер еткен болар. Енді бір жағынан атам Төлеуханның әйелі, яғни Күләш әжем өте ширақ, еті тірі кісі еді. Келін кезінде жанында 3 жасар және 5 жасар ұлы бар. Үлкен ұлына бағанды ұстатып қойып, киіз үй тіккен. Жалғыз еркек істей алмайтын тірлікті істеген,-дейді Айсұлтан Жақыпов.

«АННАНЫҢ ТІРЛІГІНЕ ТАМСАНҒАНДАР КӨП»

«Сүйрік» жобасының бірінші видео кейіпкері – Анна Захарова. Оның фильмде айтатын «Не всякое мясо – казы, не каждая собака – тазы» («Еттің бәрі қазы емес, иттің бәрі тазы емес» – ауд.) дейтін сөзі көрермен есіне тез жатталды. Фильмнің қаралымы 14 мыңнан асады.

– Тазы ұстайтын Аннаға тамсанып, таңғалғандар да, иті – таза тазы екеніне сенбегендер де болды. Видеоны жариялағанда YouTube арнамда 1000 шақты ғана жазылушым бар еді. Қазір жазылушы саны 3 мыңнан асты. Видеоны түсіргенде тіл жағынан түсінісу қиын болды. Аня орысша сөйлейді, мен ойымда орысша дұрыс жеткізе алмаймын. Әйтеуір бір түсініп, бір түсінбей, фильмді түсірдік. Бірінші видео болған соң аз қаралған шығар. Карантинге байланысты қаладан сыртқа шыға алмадық. Әйтпесе ауылға барып, атқа мініп, ен далада түсірсек, тіпті керемет шығар еді,-дейді Айсұлтан.

Фильм шыққан соң жергілікті телеарналар Анна Захарованы студияға шақырып, эфирге шығарыпты. Бірнеше сайт Анна туралы мақала жариялаған.

Ал «Арғымақ мінген Әйгерім» фильмін Қарағандыда Әлихан Бөкейханов атындағы №78 мектепте үлкен экраннан көрсетіпті. Жергілікті «Рухани жаңғыру» кеңсесінің өкілдері хабарласып, «Халықтар достығы» үйінде көрсетуді ұсыныпты.

«СПИКЕР ТАБУ ҚИЫНҒА АЙНАЛДЫ»

«Сүйрік» жобасы Айсұлтанның кейбір көзқарасын өзгертті. Бұрын ерсі көріп, еш қабылдамай келген жағдайды қазір қалыпты санайды.

– Мәселен, бұрын тамақ істеп, киім тігіп, сататын ер адамды мазақ етіп, күлуім мүмкін еді. Жүн шұлық тоқитын ер адамды білемін. Соған күлетінмін. Қазір мұның барлығына қалыпты қарап, күлмеймін. Көкөністен салат істеп, «банка жабудан» ләззат алатын ер адам болуы мүмкін. Сондай адамды көрсем, күлмей қарай аламын. Тіпті сол еркек туралы фильм түсіргім келеді. Еркек не әйел тірлігі деп бөлмеймін. Мінеки, бұл да жобаның нәтижесі,-деді Айсұлтан.

Әйткенмен, әйелдің атқа мініп, шабуына қарсы көзқарас жетерлік. Сондай адамдар ат спорты мамандарының да арасында бар.

– Фильмге спикер табуда қиындықтар болды. Мәселен, «Арғымақ мінген Әйгерімді түсіреміз» деп, ұлттық спорттағы ағаларға хабарласып, пікір сұрадым. Оларға фильм не туралы екенін, әйел құқығын қозғайтынын айтқанымда олар әйелдің ат спортына араласқанын қаламайтынын білдірді. Сөйтіп, фильмге түспеді. Қазір пікірлері өзгерген де шығар. Ал Әйгерімнің әкесі: «Жұрт ұлын атқа мінгізе алмай жүргенде намысына тию үшін қызымды атқа мінгіздім» деп айтады. Ауылында Назеркемен екі ұл бала ғана араласады, өйткені Әйгерім ауылдағы көп жігітпен салыстырғанда атқа жақсы мінеді. Таяуда «Кейіпкер» атты жаңа жоба бастадым. Сол жоба аясында «Аңшы Жамал» деген фильм шығардым. Кейіпкері – аңға шығатын қыз. Фильмге: «Атқа мініп, аңға шыққанша, күйеуге тимей ме?» деп пікір жазғандар да бар. Адамды жынысына қарап алалау басым. Ал бұл жағынан «Сүйрік» – ондыққа дөп тиген жоба,-дейді Айсұлтан Жақыпов.

«ДРОНМЕН ВИДЕО ТҮСІРУДІ, МОНТАЖДАУДЫ ҮЙРЕНДІМ»

Әскери саладан мәдениетке ауысып, жазба журналистикада да қызмет еткен Айсұлтан осы «Сүйрік» жобасы барысында кәсіби тұрғыдан дамып-жетілгенін айтады.

Дронмен, смартфонмен видео түсіруді де, монтаждауды да үйрендім

– Дамуым өзіме білінеді. Анна Захарова туралы фильмді түсіріп, монтаждағанда фильм қалай боларын елестете алмайтын едім. Сценарий жазып отырғанымда да ақырғы өнім қандай боларын білмедім. Ал қазір кейіпкер тауып, сценарийді жазып бастағаннан-ақ дайын фильмді көз алдыма елестетемін. Монтаж кезінде қай секундтар қажет, қай кадрлар артық екенін біліп тұрамын. Секундына дейін есептей шығарамын. Дронмен, смартфонмен видео түсіруді де үйрендім. Өзім монтаждаймын. «Жел жүгендеген Назерке» деген фильмді бастан-аяқ өзім түсіріп, монтаждадым. Кәсіби жетілуім шығар, бұған дейін жасаған жұмыстарыма сын көзбен қарап, кемшіліктерін байқаймын. Фильм түсіруге бір күн жетпейді екен. Кемі 2-3 күнге барып, түсіру керек. Байқап қарасаңыз, бұған дейін түсірген фильмдерімде күн батуы, таң атуы, бұлт көшуі сияқты кадрлер жоқ. Аңшылар туралы түсіргенде таңғы сағат 5-терде, күн шықпай тұрып шығып кету керек. Қазір түсірсем, соның барлығын істеймін,-деді Айсұлтан.

«СҮЙРІК» – МЕНІҢ ПОРТФОЛИОМА АЙНАЛДЫ»

Грант қаржысы таусылған соң жобаны әрі қарай жалғастыру, дамыту мәселесі туындайды. Кейбір жобалар жабылып қалады. Ал Айсұлтанның «Сүйрік» жобасы жалғасып, жаңа жобаларға ұласып жатыр.

4-5 күнде YouTube-монетизациядан 30 доллар түсті

– YouTube-тағы арнамда жариялаған видеоларымды монетизацияға қойдым. Сапалы дүние жасасаңыз, түсетін қаржы да молаяды екен. Көкпаршы келіншек туралы видеоны алайық. Осы видеоның монетизациясынан 4-5 күн ішінде 30$ түсті. Демек, контентті монетизацияға шығару, жобаны жалғастыру да – басты қызығушылығым. Ерекше кейіпкерлерді ести қалсам, қолым қалт етсе, барып түсіруге әзірмін. Көп кейіпкер тауып, видео түсіріп, жариялаған сайын хабарласушылар да көбейеді. «Кейіпкер» атты жоба бастағанымды айттым ғой. Міне, бұл жоба да осы «Сүйрік» жобасы негізінде пайда болды. Аудан-ауылдарға барып, елін-жерін сүйген азаматтарға жолығып, сол өңірдегі қызық кейіпкерлер, ауданды танытар тұлғалар, әсем де әдемі жерлер туралы видео түсіруді, демеуші болуын ұсынамын. Қазір сондай 5 фильмге келісім жасап жатырмыз. «Сүйрік» жобасындағыдай кейіпкерлер де, табиғаты әсем жерлер туралы фильмдер бар. Жоғарыда айтқанымдай, «Сүйрік» жобасына жасаған фильмдерімді көрсетемін. Биыл былтырғы «Сүйрікте» ұтқан грантыма шамалас көлемде қаржылай келісім жасамақпын. Алғашқы екі видео түсіріп, біреуін жариялап, екіншісін монтаждап жатырмын. Биыл Internews ұйымдастырған «Шағын гранттар. Қысқы маусым» байқауына қатысып, тағы грант жеңіп алдым. Ауыл медицинасы туралы екі фильм түсіремін. Мұның барлығы – «Сүйріктің» арқасында болып отыр. Егер осы жобаға Internews грантын алмағанымда әлі күнге әрнәрсенің басын шалып жүре берер ме едім,-дейді Айсұлтан.

«КӘСІБИ БАҒЫТЫМДЫ ТАПТЫМ»

Айтуынша, Internews грантын алған «Сүйрік» жобасы оның медиада өз орнын тауып, алдағы бағытын айқындауына көмектесіпті.

– Internews грантына қатысуымның тағы бір үлкен жетістігі – Жеке кәсіпкерлік нысаныма «видеофильмдер түсіру» бағытын қостым. Видеофильм жасауға мамандандым. Бағытымды тапқандаймын. Ұлттық құндылықтар: ат спорты, саятшылық, қолөнер тақырыптарында кейіпкерлер түсіру ұнайды. Менің сүйіп жасайтын тірлігім осы. Маған YouTube-та әрбірвидеосы 300-400 мың қаралым жинайтын авторлар хабарласып: «біз сияқты күнделікті оқиғаларға шолу жасап, әлеуметтік жағдайды айтсаң, қаралым жинайсың, басқа видеолары да танылады» деп айтады. Оны жасауым мүмкін, бірақ сүйіп жасамаймын. Негізгі бағытымды таптым. Қаралымы аз болар, бірақ бағытым осы,-дейді Айсұлтан Жақыпов.

Тағы бір айта кетерлігі, «Сүйрік» жобасынан кейін Қарағанды облыстық Ішкі істер департаментінің мамандары хабарласып, бірлескен жоба жасауды ұсыныпты.

– Хабарласып: «Тұрмыстағы зорлық-зомбылық туралы фильм түсірейік» деді. Дағдарыс орталығына барып, 7-8 әйелдің оқиғасын жарияладық. Фильмнен кейін 3-4 қоңырау түсті. Соның біреуі бойынша тергеу басталып жатыр. Тұрмыстағы зорлық-зомбылық тақырыбы – күйіп тұрған мәселе. Мұндай мәселені көтеріп, көмектесуге дайынмын. Қазір бір тағдырды құтқарып жатырмын,-деді Айсұлтан.

КОНТЕНТ ЖОБА ЖАСАУШЫЛАРҒА КЕҢЕС

Айсұлтан Жақыпов «Сүйрік» жобасын аяқтап, барлық есебін тапсырып, грант жобасын сәтті орындады. Internews грантын алғанда адамдар хабарласып, ақыл-кеңес сұрапты.

– Internews гранттарына өтініш беру, тақырып таңдау, құжат жинау, есеп тапсыру туралы сұрайды. «Қандай бағытты таңдасам, грант алып қалуым мүмкін?» деген сұрақты жиі қояды. Бірнеше кеңес айтамын: 

  • Біріншіден, құжат жинау мен есеп тапсырудан қорықпау керек. «Көз – қорқақ, қол – батыр» дейді ғой, құжаттар тізімі көп болып көрінсе де шетінен бастап кіріссеңіз, тез жинауға болады. «Құжаты қиын» деп, шегіншектемеңіз.
  • Екіншіден, бағыт таңдау, тақырып табу жағына келсек, қай тақырып жаныңа жақын, қай бағытта жұмыс істеу ұнайды, соны таңдаңыз.
  • Үшіншіден, команда жасақтағанда сол «тақырыппен ауыратын» адамдарды алу керек. Менің командамда төрт адам: өзім, видеооператор, монтажер және SMM маманы болды. Грант қаржысы бүгін бар, ертең жоқ. Қаржыландыру тоқтағанда да командаңыздағы адамдарға «ана жақта осындай кейіпкер бар, түсіріп қайтайық» деп айтсаңыз, бір толқындағы адам дереу іске кірісіп, жоба жалғаса береді. Ал жоба жалғасып, контент молайып, видео көбейсе, табыс көздері де табылады, кейіпкерлер де шығады.
  • Төртіншіден, қандай жобаға да салғырт қарамаңыз. Әр жобаға ыждағаттылықпен қарау керек. Алдын ала барлығын ойлап, жоспарлап алыңыз.
  • Бесіншіден, өзіңіз жақсы білмейтін істе кәсіби мамандармен ақылдасып, кеңесіңіз. Біз фильмнің сценарийін жазғанда кәсіби режиссермен ақылдаспадық. Тек командадағы адамдармен талқылап алдық. Кәсіби маманға көрсетіп, тексерту керек екен.
  • Алтыншыдан, грант алғанда табыс табуды емес, сапалы дүние жасауды ойлаңыз. Жобаға арзан, сапасыз техника алып, бағасын қымбат етіп көрсетіп, алаяқ әрекет жасамаңыз. Біз жобаға қажетті дрон, камера, ілмек микрофон алдық. Сапалы әрі қымбатын сатып алдық. Есесіне контентіміз де сапалы түсіріліп, дыбыс анық жазылады. Әрі ұзаққа жарамды.
  • Жетіншіден, YouTube платформасына контент жасағанда видео мен дыбыс сапасы өте маңызды. Сапалы дүниенің қайтарымы болады. Аудитория сапалы дүниені ажырата біледі. Мәселен, көкпаршы келіншекті алайық. Егер соны смартфонды қолға ұстап, селкілдетіп, дауысын естіртпей, «жүрдім-бардым» түсірсек, көрермен 2-3 секундтан кейін видеоны көрмей тастай салар еді. Сапалы видео, анық дыбыс болса, сүйсініп қарайды, таратады.
  • Сегізіншіден, сапалы контент те дәмді тағам сияқты болуы керек. Дәмді тамақ таусылғанда, қазан түбіне қарап, «тағы бір 2-3 қасық» болса екен» деп ойлаймыз ғой. Міне, сапалы видеоконтент те аудиториясын тамсантып, «тағы 4-5 минут болғанда ғой» деп тамсандырып қойғаны дұрыс.

Айсұлтанның сөзінше, неғұрлым сапалы контент жасаса, соғұрлым болашақта тапсырыс алуға мүмкіндік молаяды екен.

– «Биыл 2 млн теңге грант алып, оның 1 млн теңгесіне жоба жасап, қалған 1 млн теңгесін қалтаға басамын» деп ойласаңыз, онда бұл тірлігіңіз келешекте ақша әкелмейді. Сапалы дүние жасасаңыз, тапсырыс түсе бастайды. «Сапалы етіп жасайын. Бұл – маған берілген мүмкіндік» деп қарасаңыз, ісіңіз алға басады,-деп сөзін аяқтады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи