БайқауларҚазақша контент жасауға арналған грант байқауы

Қазақша контент жасауға арналған грант байқауы

Өңірлердегі тәуелсіз ақпарат құралдарын дамытуға бағытталған GLIMMER-3 бағдарламасы аясында Internews қазақша контент жасауға арналған ірі және шағын грант байқауын жариялайды.

Бұл грант аясында Internews қазақ тіліндегі медианың қоғам сұранысы мен қызығушылығына сай келетін контент өндіріп, жариялауына қолдау көрсетеді. Контент грант иегерлері заманауи технологиялар қолданып, әртүрлі платформаларда аймақтағы аудиторияға бағыттап сапалы контент жариялайды.

Байқаудың мақсаты — арнайы репортаждар, лонгридтер, әлеуметтік медиа жобалар, веб-деректі фильмдер, веб-сериалдар, мультимедиялы жобалар, тергеу журналистикасы және т.б. форматтағы сапалы медиа жобалар өндіруге қолдау көрсету.

Кімдер қатыса алады?

Қазақстанның барлық өңіріндегі онлайн контент әзірлеп жүрген шығармашылық топтар, тәуелсіз контент өндірушілер, блогерлер және журналистердің бейресми ұжымдары. Ұжымда кем дегенде екі адам болуы қажет. Шығармашылық топ өтініш беруден бұрын кем дегенде алты ай бұрын тіркелген (ЖШС, ЖК, Қор немесе тағы басқа) заңды ұйым болуы тиіс. Аймақтардағы жобаларға немесе ұжым мүшелерінің кейбір мүшесі өңірде тұратын жобаларға басымдық беріледі.

Грант мөлшері:
Ірі грант (1-2 грант) – 4,5- 6,5 миллион теңге арасында.

Ұзақтығы: Тоғыз айға дейін (жобалар 2026 жылдың шілде айынан не одан ерте басталады деп жоспарланған). Барлық жоба 2027 жылдың ақпан айының соңына дейін аяқталуы тиіс.

Шағын грант (6-7 грант) – 2,5- 4,5 миллион теңге арасында.

Ұзақтығы: Үш-алты айға дейін (жобалар 2026 жылдың шілде айынан не одан ерте басталады деп жоспарланған). Барлық жоба 2027 жылдың ақпан айының соңына дейін аяқталуы тиіс.

Өтініштер 2026 жылдың 14 маусым, жексенбі, сағат 18:00 дейін қабылданады.

Бір ұжым әр жоба үшін форманы жеке-жеке толтырып, үш түрлі жобасын тапсыра алады. Өтініштерді қабылдауға арналған форма:

GLIMMER-3: КОНТЕНТ ГРАНТҚА ӨТІНІШ БЕРУ ФОРМАСЫ

 

Контент грант қандай тақырыптарда жобаларды қолдайды?

Өтінім берушілерге аймақтық медиада аз қамтылып жатқан тақырыптарда жоба ұсынуды ұсынамыз. Олардың қатарында мемлекеттік қызмет көрсетудегі ашықтық, әлеуметтік-экономикалық теңсіздік, гендерлік теңдік, экология, тарих, ұлттық таным, адам құқықтары, саяси реформалар, сондай-ақ осы реформалардың жергілікті қауымдастықтарға, күнделікті өмірге және шешім қабылдауға тигізетін әсеріне қатысты тақырыптарды қамтыса болады. Бұл аталған бағыттар тек ұсыныс ретінде берілген. Тақырыпқа өзге шектеу жоқ. Өзіңіз және аудиторияңыз үшін маңызды тақырып таңдаңыз.

Баспасөз хабарламасынан, ресми мәлімдемеден немесе әлеуметтік желідегі «сыбыстан» тереңірек барылатын материалдар болғаны жөн. Журналист аудитория бара алмайтын жерлерге барып репортаж жасаса, қиын сұрақтар қойып, нақты жауап іздейтін журналистік зерттеулер әзірлесе дейміз. Қазақша медиада сирек қамтылатын жеке адамдар мен қауымдастықтардың оқиғаларына үн беретін жобаларды күтеміз.

Біз, ең алдымен, бұл оқиғаның неліктен қазір маңызды екенін және оны неліктен дәл сіздің ұжымыңыз жақсы жасай алатынын дәлелдейтін жобалар іздейміз.

Аудиторияңызға шын керек тақырыпты таңдаңыз. Жас журналистерден келген идеялар мен жас аудиторияға арналған форматтарды да назарда ұстаймыз.

Қандай жобаларды қолдамаймыз? Internews сайт жасауды және сайт жарнамасын, сондай-ақ көркем фильмдер, сериалдар, әлеуметтік роликтер немесе музыкалық клиптер өндіруді қолдамайды.

Қандай идеялар нақты қолдау таппайды? Internews сайт жасау және таныту, көркем фильмдер, сериалдар, әлеуметтік роликтер, музыкалық клиптер мен білім беру контенті өндірісін қолдамайды.

1-кезең — Идеяларды іріктеу

Жобаңыздың қысқаша тұжырымдамасын баяндап, ірі немесе шағын грантқа өтінім беретіндігіңізді көрсетіп, онлайн өтінімді толтырыңыз. Жоғарыда аталған шектеулерден тыс тақырыпқа шек жоқ.

Internews ірі грант аясында 1-2, ал шағын грант аясында 5-6 жобаға дейін қолдау көрсетеді.

Ең қызықты идеялар байқаудың екінші кезеңіне өтеді.

2-кезең — Идеяны ұсыну

Үздік идеялардың авторлары онлайн питчинг сессиясына шақырылады. Әр команда өз концепциясын 5–7 минут ішінде таныстырып, оның өзектілігі мен іске асырылуын дәлелдейді. Презентация барысында өтінім берушілер мынадай мәселелерді қамтуы тиіс:

  • Оқиғаның немесе жобаның тұжырымдамасы және оның неліктен қазір маңызды екені
  • Мақсатты аудитория және тарату жоспары
  • Формат пен өндіріс тәсілі
  • Болжамды бюджет
  • Күтілетін соңғы нәтижелер

Питчиң кезеңінде қазылар алқасы қосымша сұрақтар қойып, ұсынысты нығайтуға қатысты ұсынымдар бере алады.

3-кезең — Қайта қарау және грант беру

Алдын ала мақұлданған өтінім берушілерге жобаларын жетілдіруге, бюджетін нақтылауға және қажетті құжаттарды дайындауға бір апта беріледі. Іріктеудің соңғы нәтижелері 2026 жылдың 10 шілдесіне дейін жарияланады.

Іріктеу кеңесі Internews сарапшылары мен тәуелсіз медиа сарапшылардан құралады.Ұсыныстарды мынадай өлшемдер бойынша бағалайды:

  • Идеяның жаңалығы мен қоғамдық маңыздылығы
  • Журналистикалық тереңдігі мен ықпал ету әлеуеті
  • Аудиторияны түсіну және тарату стратегиясы
  • Мультимедиалық және инновациялық форматтарды қолдану
  • Команданың бұрынғы тәжірибесі
  • Қамтылмаған аудиторияларға, гендерлік теңдікке және инклюзивтілікке назар аудару
  • Бюджеттің ақылға қонымдылығы

Жоба бюджетіне жалақы, фрилансерлер қаламақысы, жабдықтар мен керек-жарақтар сатып алу, бағдарламалық қамтамасыз ету мен сервистерге жазылу, жергілікті іссапарлар және контент өндіруге байланысты өзге де шығындарды қосуға болады.

Грант алушылар тақырыптық тренингтерге қатыса алады және Internews сарапшыларынан тұрақты техникалық және редакциялық менторлық қолдау алады.

Гранттар бағдарлама доноры тарапынан қаржыландырудың расталуына байланысты беріледі.

Қосымша сұрақтар бойынша kz-info@internews.org поштасына «GLIMMER-3 контент грант» деген тақырыппен хат жазып, хабарласыңыз.

Бұл бастамаға Ұлыбритания үкіметінің Халықаралық Даму бағдарламасы (UK International Development) қолдау көрсетіп, Internews ұйымы “Аймақтардың тыныс-тіршілігін кеңінен қамту үшін жергілікті тәуелсіз ақпарат құралдарын дамыту” жобасының үшінші кезеңінің (GLIMMER 3) бір бөлігі ретінде жүзеге асырып отыр. Жоба тәуелсіз қазақ тіліндегі медианы дамытуға жәрдемдесуді көздейді. 

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи