Оқиғалар«Ірі грант 2020» контент өндірісіне гранттар байқауында 8 жоба жеңіске жетті

«Ірі грант 2020» контент өндірісіне гранттар байқауында 8 жоба жеңіске жетті

Қазақстанда «Ірі грант 2020» байқауының жеңімпаздары анықталды. Әртүрлі формат пен жанрдағы 8 жоба қолдауға ие болады. Қазылар алқасының айтуынша, бұл жобаның барлығы да жергілікті аудиторияға қызық әрі сұранысқа ие.

Орталық Азиядағы Internews өкілдігі үшінші жыл қатарынан Қазақстан,Тәжікстан және Өзбекстанда контент өндірісіне идеялар байқауын өткізеді. 2020 жылы жұмыс форматын өзгертіп, жобаларды бірнеше топқа бөлдік.

  • ұзақмерзімді ірі жобаларға арналған «Ірі грант» байқауы;
  • қысқамерзімді шағын жобаларға арналған «Шағын грант. Қысқы маусым» және «Шағын грант. Жазғы маусым» байқаулары.

2020 жылғы 19 қарашадан бастап 18 желтоқсанға дейін «Ірі грант» байқауына өтініш қабылдадық. Байқауға барлығы 170 өтініш (45-і қазақ тілінде, 125-і орыс тілінде) түсті. Барлық өтінішті қарастыра келе қазақстандық медиа мен авторлардың тамаша идеяларын көрдік. Видеоконтент жасау, әсіресе YouTube-арналарға видео түсіру — ең танымал формат екен. Өте-мөте инновациялық форматтағы жобалар да бар. Мәселен, деректер қоры негізінде интерактив карта жасау, түйінделмейтін деректі фильмдер түсіру идеясын ұсынған авторлар бар. Елімізде подкаст жанры қарқынды дамып келе жатқаны да қуантты. Алғаш рет байқауға осы подкаст форматында көптеген жоба ұсынылды. Авторлар мүлдем тың тақырыптарды қозғайтын, сондай-ақ бұрыннан мәлім проблемаларға басқаша қырынан қарайтын жобаларын жолдапты.

Internews командасы шабытына ерік беріп, идеясын ұсынғандардың бәріне алғыс білдіреді. Сіздің талпынысыңыз әрі құнды әрі қымбат. Жобаларды іріктеу де оңай болмады: кісі жұмысын бағалау — аса үлкен жауапкершілік. Әрбір жобаның өз ерекшелігі бар.

Жобаларды қалай іріктедік?

Ең алдымен Internews сарапшылары техникалық іріктеу жасады. Бұған 12 күн кетті: 170 өтініштің әрқайсысын мұқият оқып, ұсынылған бюджетін зерттеп, байқау қатысушылары портфолиосында көрсеткен сілтемелерді ашып, қарадық. Іріктеу командасы әрбір кейсті талқылап, пікірталастырып, бір-біріне дәлел мен дәйек ұсынды. Өкінішке қарай, екінші турға жобаның барлығы бірдей өте алмады. Бірнеше өтінішті қайтаруға мәжбүр болдық. Мысалы, кейбір әріптестеріміз тамаша идеялар ұсынды, алайда идеясы оқыту, білім беру іс-шараларын ұйымдастыруға арналған. Форматымызға келмейді. Көркем фильмдер не ойын-сауық мазмұндағы жоба жасамақ болған авторлар да бар. Алайда байқау шартына сәйкес, мұндай контентке қолдау көрсете алмаймыз. Кейбір өтініш берушілер жоба бюджетін тым жоғары көрсеткен, не жеткілікті негіздемеген, не біз қаржыландыра алмайтын шығындарды да (мысалы сайт жасау, офис жалдау) қосқан. Аудиториясын нақты білмейтін немесе контентін тарататын платформасына аудитория жиналатыны күмән тудырған өтініштер де болды. 

Техникалық іріктеуден өткен 30 өтінішті (қазақ тілінде де, орыс тілінде де) қазылар алқасының қарауына жібердік. Қазылар алқасының құрамына Internews ұйымынан бір қызметкер және контент өндірісінің не екенін жақсы білетін, абырой-беделі бар төрт тәуелсіз медиасарапшы енді. Құпиялылық саясатымызға сәйкес, ұсынылған жобалардың мазмұнын жариялауға, қысым жасалмауы үшін «Ірі грант» байқауы қазылар алқасы мүшелерінің аты-жөнін атауға да болмайды. Атын атамасақ та, кімдер екенін айтып өтейік. Әділқазылар алқасы құрамындағы тәуелсіз медиасарапшылар қатарында: көптеген халықаралық сыйлықтардың лауреаты, белгілі документалист; беделді қазақстандық басылымның редакторы, медиатренер; түрлі БАҚ-та, соның ішінде халықаралық медиада да жұмыс істеген тәжірибелі журналист; SMM және жобаларды таныту саласының кәнігі маманы бар.

Қазылар өтініштерді екі аптадай зерттеп, қарады. Оларға жобамен қоса бағалау критерийлерін де жібердік.

  • идеяның ерекшелігі мен құндылығы;
  • таңдалған форматы (жоба мазмұнына лайық болуы, инновациясы);
  • аудиториясын түсінуі және аудиторияны тарту құралдарын білуі;
  • дайын өнімді елестетуі;
  • команданың жобаны орындай алуы;
  • тұрақтылық стратегиясы;
  • ақылға қонымды бюджет.

Сарапшылар әрбір критерий бойынша ұпай берді. Содан кейін қорытынды отырыс ұйымдастырып, барлық жобаны талқылады. Әр сарапшының берген бағасын қосып, жалпы ұпай санын шығардық (ең жоғары ұпай — 90 балл)

Қазылар отырысы 4 сағатқа созылды. Нәтижесінде грант қолдауын алуға ең жоғары ұпай жинаған сегіз жоба іріктелді:

  • Қазақстандағы трансплантология туралы лонгридтер сериясы. Авторы — Оксана Акулова. Орыс тілінде. Контент Vlast.kz сайтында жарияланады.
  • Экология тақырыбында видеозерттеулер сериясы. Авторы — Вадим Борейко. Орыс тілінде. Контент «Гиперборей» YouTube-арнасында шығады.
  • Қала өмірі, белсенді тұрғындардың оны өзгертуі туралы лонгридтер сериясы. Авторы — Лейла Оразбаева. Қазақ және орыс тілдерінде. «Семей айнасы» басылымында жарияланады.
  • Еліміздің шалғай аймақтарындағы кішкентай адам туралы роуд-муви жанрында деректі фильмдер сериясы. Авторы — Мадина Ашилова. Қазақ және орыс тілдерінде. Контент телеарналардан көрсетіледі.
  • Қазақстандағы сыбайлас жемқорлық схемалары туралы зерттеулер циклі. Авторы — Джамиля Маричева. Тілі — орыс тілінде. ProTenge Insta-медиасында жарияланады.
  • Қоғамдық-саяси тақырыптар талқыланатын «Неге» ток-шоуы. Қазақ тілінде. Авторлары — «31 арна» командасы.
  • «Тіл кеспек жоқ» командасының әлеуметтік желілерге арналған ағартушылық жобасы. Қазақ тілінде.
  • Қазақстандағы бала асырап алу және жетімдік проблемасы туралы деректі фильм. Қазақ және орыс тілдерінде. Авторы — Ербол Жұмағұл.

Егер жобаңыз биылғы маусымда қолдауға ие болмаса, қамықпаңыз, оны жүзеге асырудың басқа да жолдарын іздестіріңіз. Мысалы, алда болатын контент өндірісі байқауларына қатысыңыз:

  • «Шағын грант. Жазғы маусым», алдағы көктемде басталады;
  • «Ірі формат 2021», күзде өтеді;
  • «Шағын грант. Қысқы маусым 2021», биылғы күзге белгіленген.

Сайтымыз бен әлеуметтік желі парақшаларымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

«Шағын грант. Қысқы маусым 2020» байқауының жеңімпаздарын мына парақтан біле аласыз.

Internews неліктен контент өндірісін қолдайды?

Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы медиа түрлі ресурста, әралуан форматта, заманауи технологияларды қолданып, аудиторияны тарта отырып қоғам өмірінің өте өзекті әрі күрделі қырлары жайында кәсіби тұрғыдан әңгімелегенін қалаймыз. Мақсатымыз – сапалы телебағдарламалар, арнайы репортаждар, деректі фильмдер, лонгридтер, әлеуметтік желідегі жобалар, үнхабарлар (подкастілер), уеб-доктар, уеб-сериалдар, мультимедиалы хикаялар, журналистік зерттеулер және тағы басқа форматтағы контент өндірісін қолдау.

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге аспақ.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи