Аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобаларға арналған грант байқауының қорытындысы

0
1590

Аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобаларға арналған грант байқауының қорытындысы шықты. Байқау 2021 жылғы 1 ақпанда жарияланып, Қазақстан және Тәжікстандағы медиа мен қоғамдық ұйымдар қатысты. Қазақстаннан барлығы 35 өтініш: 7-і қазақ тілінде, 28-і орыс тілінде, келіп түсті. 

Қазылар алқасы өтініштерді мынадай негізгі критерийлер бойынша іріктеді: 

  • компоненттің негізгі мақсатына, яғни медиаға белсенді аудитория тарту және ұлғайту мақсатына идеяның сәйкес болуы;
  • ұзақмерзімді әріптестік орнататын тұрақты серіктес ұйым және идеяны бірлесе іске асыратын тыңғылықты жоспарының болуы; 
  • жобаның әлеуметтік проблемаларды шешуге бағытталуы және т.б. 

Аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобаларға арналған грант байқауының 2021 жылғы жеңімпаздары: 

Тілші” ақпарат агенттігі көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға, қарттар үйіне түрлі әдеби кітаптар тарату бастамасын іске асырмақ.

Мінбер” ақпарат агенттігі көпбалалы аналарға арналған онлайн және офлайн іс-шаралар өткізуді жоспарлап отыр. Көпбалалы аналардың жұмысқа орналасуы, білімі, денсаулығы, құқықтық, психологиялық және әлеуметтік көмек алуына байланысты түрлі мамандармен дөңгелек үстелдер, кездесулер, талқылаулар, сұхбаттар ұйымдастырып, әлеуметтік желілерде тікелей эфир жасайды. 

Vera.kz желілік басылымы “Мейірім кәрзеңкесі” жобасын жалғастырады. “Мейірім кәрзеңкесі” – өмірі қиын жағдайдағы адамдарға көмектесетін қамқор азаматтар қауымдастығы. Биыл vera.kz редакциясы қазақ тіліндегі қолданушыларды тарту арқылы аудиториясын ұлғайтпақ. Сондай-ақ ерекше балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар туралы контент дайындайды. 

Peremena.media лекторийі – медианың айналасына ойлампаз ата-аналарды, ғалымдарды, дәрігерлерді біріктіріп, диалог орнатып, жұртшылықтың сыни пайым, ғылыми журналистика, саналы шешім қабылдау машығын дамытып, танытуға үндейтін жоба. Дәрісхана ғылымның түрлі салалары бойынша бірнеше тақырыптық сессияға бөлінеді. Дәрістерді видео не аудиоға жазып, өңдеп, жариялайды. 

Аудитория ауқымын ұлғайтуға бағытталған жобаларға арналған гранттар байқауының жеңімпаздары қатарында екі қоғамдық ұйым бар. 

“ЭКОМ” қоғамдық бірлестігі. Бұл бірлестіктің ұсынған жобасы экология, қоршаған ортаны қорғау мәселелері бойынша шешім қабылдауға қоғамның атсалысуын және ақпараттық-ағартушылық подкастілер жасау, тікелей эфирлер, тағы басқа іс-шаралар өткізуді көздейді. 

“Өркениет-Медиа” жеке қорының жобасы – жайлы әрі қауіпсіз қаланы дамыту бойынша қоғамдастық құруға бағытталады. Шалғай аудан тұрғындарымен олардың тұрып жатқан аумағын абаттандыру және урбанизмның негізгі мәселелері бойынша кездесіп, әлеуметтік желілерге материалдар дайындау. 

Қазылар алқасының шешімімен “ЭКОМ” ҚБ және “Өркениет-Медиа” жеке қоры ұсынған жобаларын көрсетілген медиа-серіктеспен бірлесе тұрақты іске асыру жоспарын растағанда грант алады.

Байқау жеңімпаздары жобаны іске асыру барысында Internews кураторларының сараптамалық көмегіне және халықаралық сарапшылардың ментор қолдауына ие болады. 

Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен “MediaCAMP – Орталық Азия бағдарламасы” аясында жүзеге асады.