ЖОО оқытушыларына арналған медиасауат бойынша оқу құралы қалай дайындалды?

0
239
Қазақстан ЖОО оқытушыларына арналған медиасауат бойынша оқу құралы

Қазақстандағы ЖОО оқытушыларына арналған медиасауат бойынша оқу құралы қазақ тілінде шықты. Барлығы 3 бөлім, 17 модулден тұратын оқу құралының жалпы тиражы — 200 дана. Кітап медиасауат пәнін оқытатын университеттерге тегін таратылады. Жақында электронды нұсқасы жарияланады. Осы кітапты шығару ісінің басы-қасында жүрген Internews консультанты Гүлнар Асанбаева мен медиазерттеуші Оразай Қыдырбаев оқу құралы жөнінде айтып берді.

Қазақстандағы ЖОО оқытушыларына арналған медиасауат бойынша оқу құралы шықты.
Барлығы 3 бөлім, 17 модулден тұратын оқу құралының жалпы тиражы — 200 дана.
Кітап медиасауат пәнін оқытатын университеттерге тегін таратылады. Осы кітапты шығару ісінің басы-қасында жүрген Гульнар Асанбаева мен Orazay Kydyrbayev оқу құралы жөнінде айтып берді.

Бұл оқу құралын әзірлеу бірнеше жыл бұрын басталыпты. Әуелі қазақстандық және шетелдік медиасауат тренерлерінің қатысуымен семинар ұйымдастырылып, оқу құралының мазмұны талқыланған.

— Семинарға жергілікті медиасауат тренерлерінен бөлек, Сергей Штурхецкий, Татьяна Иванова сынды медиатренерлер қатысты. Олар Орталық Азияда бірнеше рет медиасауат тренингтерін өткізген. Оқу құралының мазмұны да біз өмір сүретін елдегі контекстке (мәнмәтін — ред.) арналды. Оқыту әдіснамасын көбіне-көп украиналық әріптестерімізден алып, жергілікті жағдайға бейімдедік. Өйткені медиасауат бойынша оқу құралын жасау тәжірибеміз аз еді, — дейді Internews өкілдігінің медиасауат жөніндегі аймақтық консультанты Гүлнар Асанбаева. 

Гүлнар Асанбаева, Internews өкілдігінің медиасауат жөніндегі аймақтық консультанты

Авторлар медиасауат бойынша оқу құралын әзірлеу барысында халықаралық дереккөздерді пайдаланған. Халықаралық білім беру стандарттарына сай етіп жасау басты мақсат болыпты. Оқу құралы бөлімдерін дайындағанда қазақстандық ерекшеліктер ескеріліп, үш мәселеге назар аударыпты. 

— Біріншіден, Қазақстандағы медиасауаттың әлеуметтік-саяси даму контексті. Мұнда медиа ақпараттық сауат түсінігінен бастап елдегі медиаиндустрия сипатына дейін қамтылды. Екіншіден, ақпаратты бағалау және анықтау барысындағы сыни ойлаудың рөлі, ақпараттың шынайылығын анықтау әдіс-тәсілдері мен технологиялары. Ақпаратқа қол жеткізу, Қазақстан медиазаңнамасы жөнінде айтып, фактіні тексерудің практикалық машықтарын да үйретеді. Үшіншіден, медиаконтент өндірісі, кәсіби журналистиканың этикалық стандарттарын оқыту және ең маңыздысы — медиасауат машықтарын үйрету әдіснамасына назар аудардық. Яғни бұл бөлімде медиаконтенттің жаңа форматтары, интернет пен әлеуметтік желілердің жаңалыққа әсері, гендерлік таптаурындар, жаңалықтар сюжетінің жанрына дейін айтылды, — деді Г. Асанбаева. 

Содан кейін медиасауат тренерлеріне арналған тренингіне қатысқан оқытушылармен бірге болашақ оқу құралының мазмұны талқыланады. Оқытушылардың дені медиасауат тренингінен кейін өзі қызмет ететін жоғары оқу орнында студенттерге медиасауат пәнін оқыта бастаған. Сондықтан да олардың ұсыныс-ескертпесі құнды.

— 2019 жылғы желтоқсанда оқу құралының орыс тіліндегі кітап нұсқасы, ал қазақ тілінде электронды нұсқасы дайын болды. Сол кезде жоғары оқу орындары оқытушыларының басын қосып, ҚазҰУ базасында үлкен талқылау өткіздік. Оқытушылар оқу құралының модулдеріне баға беріп, көптеген орынды ұсыныс-ескертпе айтты. Мәселен, сыни пайым, гендерлік теңдік бойынша модулді қайта жазып шығуды ұсынды. 2020 жылғы мамырда Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі оқытушылардың қатысуымен тағы да талқылау болды. Сол кезде қастандық теориясы, жарнама қызметі жөнінде модулдер қосуды, сыни пайым мен гендерлік теңдік модулдерін қайта жазып шығуды ұсынды. Мұның барлығы орындалды. Тағы бір маңызды жайт — қазақ тіліндегі оқу құралының шимай нұсқасындағы иллюстрациясына көптгене ескертпе айтылды. Оқу құралы әуелі орыс тілінде әзірленіп, сәтінде қазақ тіліне аударылды. Соның ішіндегі төрт модуль қазақ тілінде жазылып, орыс тіліне тәржімаланған. Бұл модулдерді медиатренерлер Асхат Еркімбай мен Есенгүл Кәпқызы жазды. Басқа модулдің барлығы орыс тілінде жазылды, өйткені медиасауат бойынша қазақша ортақ терминология болмады. Қазақ тілінде бірегей дереккөздер жоқ. Жалпы медиасауат тақырыбында қазақша әдебиет аз. Содан оқытушылардың барлық ұсыныс-ескертпесін жинақтадық. Орыс тілінде жазылған модулдердің иллюстрациясы орыс тіліндегі медиадан алынған болса, қазақ тіліндегі оқу құралына бұл иллюстрациялардың барлығын қазақ тіліндегі медиадан алдық. Қазақша оқу құралында Қазақстандағы интернет қолданушылары, әлеуметтік желі қолданушыларының саны бойынша деректер жаңартылды. Қазақ тілінің стилистикалық ерекшеліктерін ескере отырып, аудиторияға бейімдеу бойынша өте көп шаруа атқарылды. Кәсіби терминологияны дайындауға көп көмектескен медиатренеріміз Мейрамхан Жәпекке, деректерді өңдеп, иллюстрациясын дайындаған медиазерттеуші Оразай Қыдырбаевқа алғыс айтамыз. Қазақ тіліндегі материалдар сапасын үнемі бақылап, кәсіби орындалуын қадағалаған медиатренеріміз Бэлла Орынбетованың да рөлі жоғары. Мінеки, осы және тағы басқа көптеген медиазерттеуші, медиатренерлердің еңбегімен медиасауат оқу құралы қазақ тілінде дайындалып, басылып шықты, — дейді Г. Асанбаева.

Деректерді өңдеп, редакциялаған Оразай Қыдырбаевтың айтуынша, оқу құралының соңғы екі модулі «Медиасауат тренингін қалай өткізген жөн және медиа сауат тренерінің бойынан қандай қасиеттер табылуы керек?» деген сұрақтарға жауап береді. 

Оразай Қыдырбаев, медиазерттеуші

— Яғни соңғы екі модуль оқытушының тікелей педагогикалық машықтарын жетілдіруге бағытталған. Бір оқу семестрінде 15 апта болса, алғашқы 15 модулдің әрбірін бір аптаның тақырыбы ретінде студенттерге оқытуға болады. Оқу құралының ішінде тақырыпқа қатысты негізгі деректер, материалдар сілтемесі берілген. Білікті педагог соларды пайдалана отырып, сабағын мағыналы әрі қызық өткізе алады. Бұл оқу құралы көпшілік қауымға емес, Қазақстан ЖОО-дағы медиасауат оқытушыларына арналып шығарылып отыр. Сондықтан да тиражы санаулы ғана, небәрі 200 дана. Дегенмен қалаған адам электронды форматта да пайдалана алады, — дейді О. Қыдырбаев. 

Жақында осы оқу құралының салтанатты тұсаукесері өтеді. Сол кезде оқу құралын қалай пайдалануға болатынын көрсетеді. Қашан және қайда өтетінін әлеуметтік желі парақшаларымызда хабарлаймыз. 

— Әрине, ақпарат, білім үнемі жаңарып-толығып отырады. Сондықтан да оқу құралымыз медиасауат бойынша негізгі әдебиет болмаса да медиасауат бойынша негізгі білім беретін оқу құралы бола алады. Қазақ тілінде жарық көрген оқу құралы әлі де талқыланады. Мұндай талқылаудың пайдасы зор. Өйткені, біздің медиасауат тренингтеріне қатысқан оқытушыларымыз медиасауаттылықты пән ретінде оқытып жатыр. Оңтүстік және батыс өңіріндегі жоғары оқу орындарының оқытушыларына қазақ тілінде медиасауат тренингтерін өткіздік. Солтүстік, орталық және шығыс өңірлерде жоғары оқу орындарында төрт жылдан бері медиасауат пәнін таңдап оқитын пәндер қатарына қосып, оқытып келе жатқан оқытушыларымыз да көп. Медиасауат тақырыбында курс жұмыстары, диплом жұмыстары да жазылып жатыр. Міне, сондықтан да қазақ тілінде шыққан оқу құралын талқылауға жетерлік база бар. Әрине, бұл — медиасауат оқу құралының соңғы нұсқасы емес. Технология дамып, медиасауатқа оқытудың әдіс-тәсілдері дамып жатыр. Заман ағымына ілесіп, студенттерге медиасауат пәнін оқытатын оқытушылардың, не халықтың барлық санатын медиасауат машықтарына баулитын тренерлердің бәріне ыңғайлы әрі пайдалы оқу құралын әзірлеуді жалғастырамыз, — дейді Internews өкілдігінің медиасауат жөніндегі аймақтық консультанты Гүлнар Асанбаева. 

Қазақстан ЖОО оқытушыларына арналған медиасауат бойынша оқу құралы

Айтпақшы, ЖОО оқытушыларына арналған медиасауат бойынша оқу құралын алу үшін Қазақстандағы Internews өкілдігіне хабарласуға не жоба үйлестірушілері Гүлнар Асанбаева ([email protected]) мен Бэлла Орынбетованың ([email protected]) эл.поштасына жазуға болады.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.