ОқиғаларЖурналистика оқытушылары Internews дайындаған Медиасауат оқулығын талқылады

Журналистика оқытушылары Internews дайындаған Медиасауат оқулығын талқылады

Алматыда орналасқан университеттердегі журналистика кафедрасының оқытушылары Internews Қазақстан өкілдігі әзірлеген медиасауат бойынша оқу құралының авторларымен кездесті. Олар бейіндік модульдерді зерттеп, оқулықты жақсарту туралы идеяларын айтты.

— Жобаны бас донорымыз ЮСАИД қаржыландырады. Оқулықты жетілдіруге әлі де кемі үш жыл уақытымыз бар. Сіздердің көмегіңізбен әзірленген бұл оқулық тек бізде ғана емес, басқа да мемлекеттерде атқарылатын үлкен жұмыстың бастапқы қадамы. Медиасауатты дамыту – жаһандық мәселе. Сіздердің сараптамаға рахмет,-деді Internews Орталық Азия өкілдігінің жетекшісі Марат Бигалиев жиналғандарға.

Өкінішке қарай, Орталық Азияда медиасауат индексі өлшенбейді, алайда көптеген мемлекеттің күн тәртібіндегі әлемдік трендке айналып отыр. Сарапшылардың пікірі әралуан болғанымен де бар пікірдің түйіні – адамдарға ақпаратты дұрыс қабылдап, сүзгіден өткізуді үйретудің дұрыс екеніне келіп саяды.

– Медиасауат пәні Қазақстанның бірқатар жоғары оқу орындарында енгізіліп жатыр. Мәселен, КИМЭП және Сүлеймен Демирель университеті медиасауатты пән ретінде оқытады. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Абылай хан атындағы ҚазХҚжӘТУ оқу орындарында медиасауат модульдерін басқа түрлі пәндердің оқу бағдарламасына қосқан,-дейді Internews Қазақстан өкілдігінің медиасауат бағыты бойынша үйлестірушісі Гүлнар Асанбаева.

Туындап отырған қиындық – медиасауатты оқытудың бекітілген бірыңғай жүйесі жоқ. Мұғалімдерге арналған медиасауат бойынша оқу құралы – сарапшылардың тәжірибесін жинақтап, соны Қазақстанға бейімдеп, ыңғайлы форматты ұсынудың алғашқы қадамы.

«Тұран» университетінің журналистика және аударма ісі кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Рахила Қарымсақова студенттерге лингвоконфликтология және тілдік манипуляция пәнінен сабақ береді. Бұл пән өшпенділік, яғни ғадауат тілімен тікелей байланысты. Бұдан бөлек, Рахила Дәулетбайқызы экстремизм бойынша қылмыстық істердің сот процесстеріне тәуелсіз сарапшы-филиолог ретінде қатысады.

– Медиасауат оқулығына өшпенділік ишараттарына арналған бөлім қосу керек. Тіпті заңнамада да ишарат көмегімен жасалатын заң бұзушылықтарға арналған баптар бар. Сіздер қоғамның медиасауатын арттыруға арналған жобаны қолға алып, аса қажет шаруаны атқарып отырсыздар. Бұл – баға жетпес жұмыс. Тек оқытушыларға ғана емес, сонымен қатар мемлекеттік және құқық қорғау органдарында қызмет ететін мамандардың бәріне қажет оқу құралы,-деді ол.

Қазақ ұлттық университетінің Этика оқытушысы Елена Дудинова оқу құралындағы журналистиканың этикалық стандарттары модулін қарап, дилемма бойынша көптеген жаттығулар қосуды ұсынды. «Шкафыңызда жасырынған бауырыңызды есігіңізді келіп қаққан полицейлерге ұстап беру қажет пе, жоқ па» деген сияқты жағдаят сұрақтары тыңдарманның қызығушылығын оятып, ойландырады, талқылауға шақырады.

– Оқытудағы ең үлкен қиындық – студенттердің санасына ену. Олар саған қарап отырғандай, ақпаратты қабылдауға дайын сияқты көрінеді. Ал шын мәнісінде олар құлаққап киіп не телефон шұқылап отырады. Ал мұндай еліктіретін жағдаят сұрақтары студенттерді тақырыпты талқылауға тартады,-дейді Елена Дудинова.

Әл Фараби атындағы ҚазҰУ-дің Халықаралық журналистика мамандығының 2 курс магистранты Мөлдір Арапова медиасауат оқулығы туралы тың көзқарас айтты.
Оның айтуынша, оқулықта түрлі жұмысты қалай дұрыс жасауды көрсететін практикалық тапсырмалар жетіспейді. Мәселен, студенттерді қалай дұрыс сұхбат алуға, яғни сұхбат берушінің жеке шекарасына кірмей, мысалы оның табысы қанша екенін, неше рет үйленгенін сұрамай сұхбаттасуға үйрету. Бұл этиканы дамытып, отандық журналистика сапасын арттыруға көмектеседі. Жергілікті БАҚ-тағы материалдардан мысал ретінде алып, Бір тақырыпты Қазақстанда және әлемде қалай хабарлағанын, баяндағанын оқулыққа енгізіп, әсерін күшейтуге болады.

Мұндай мықты ой-талқы барлық қатысушыны, оқу құралының бірінші басылымын шығарған авторларды да жаңа ойларға жетеледі. Мәселен, Internews Қазақстан өкілдігінің жергілікті медиаконсультанты Асхат Еркімбайда кәсіби қауымдастықтың түрлі ұғымдарын бір арнаға тоғыстыратын әмбебап терминология сөздігін әзірлеу идеясы туындады.

Бір күнге созылған талқылауда құнды идеялар көп айтылды. Оқытушылар оқу құралын алдын ала танып-білуге мүмкіндік берілген екен. Олар оқулықты жетілдіруге негіз болатын сын-ескертпелерін әзірлеп келіпті. Таяуда тағы бір талқылау өтеді. Сол кезде аймақтағы жоғары оқу орындарында медиасауат бойынша оқытуды бастаған оқытушылар пікір айтады. Internews олармен кездесуді көктемгі семестрдің аяғында Нұр-Сұлтанда өткізеді. Талқылауда айтылған барлық ұсыныс-ескертпе оқу құралының жаңа электронды нұсқасына негіз болады.

Медиасауат оқулығы (USAID) АҚШ Халықаралық даму агенттігінің қолдауымен жүзеге асырылатын Орталық Азиядағы MediaCAMP бағдарламасы шеңберінде әзірленді.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи