Режиссер Шәрипа Оразбаеваның «Ұят және Мен» деректі фильмі кейіпкер өмірін қалай өзгертті?

0
645
«Ұят және Мен» деректі фильмінің түсірілім сәтінен фото

Режиссер Шәрипа Оразбаеваның «Ұят және Мен» деректі фильмі 15 жасынан «ұят болады» деген зілбатпан түсініктің салмағына жаншылып келген Бибігүл Оспанованың 43 жасында жаңа өмір бастауына жол ашты. Туған-туыстарының қиянаты сенімінен айырып, үмітін сөндірген кейіпкерге күш-жігер беріп, үрей құрсауынан шығарды.

Шәрипа Оразбаева Қазақстандағы Internews өкілдігінің «Шағын грант. Қысқы маусым 2021» контент өндірісіне гранттар байқауына қатысып, грант жеңіп алды. «Ұят және Мен» («Uyat and Men») деректі фильмін түсірді. «Өлімнен ұят күшті» деген түсінік зорлық көрген әйелді жалғыз әрі қорғансыз қалдырып, қылмысты жасыратын қалқанға айналатынын кейіпкер өмірі арқылы көрсетті. Режиссер қазақ медиасында сирек айтылар тақырыпта жасаған жобасы туралы айтып берді.

Шарипа Оразбаева Лондонда өткен 22-ші Халықаралық Rainbow Film Festival кинофестивалінде «Үздік режиссер әйел» атанды. Оның бұған дейін түсірген «Мәриям» фильмі халықаралық кинофестивалдерде бас жүлдеге ие болды. Қазақ қоғамындағы әйелдер зорлығы тақырыбына деректі фильм түсіретін санаулы режиссердің бірі.

Шәрипа Оразбаева, режиссер

«Ұят және Мен» фильмі үш бөлімнен тұрады. Ұзақтығы жарты сағатқа жетер-жетпес фильм 15 жасында жездесі зорлап, жүкті етіп қойған Бибігүл Оспанованың өмірін көрсетеді. 

— Facebook әлеуметтік желісіндегі Internews in Kazakhstan парақшасынан контент жасауға грант байқауы жарияланғанын оқыдым. «Қатыссам» деп ойладым. Алайда сондай гранттарды алудан жолым бола бермейтін. Десе де бағымды сынап көруге бел будым. Әуелі тақырып іздедім. Тақырып тауып, Интерньюстің шағын грантына өтініш жібердім. Тақырып іздестіріп жүргенімде Бибігүл Оспанова туралы оқиғаны естідім. Оның оқиғасын таныстарым жіберді. Оқып, өте таңғалдым әрі қатты жаным ашыды. «Бибігүл Оспанова жайлы фильм жасасам екен» деген ой келді. Әрине, оны зорлыққа ұшыраған әйел ретінде көрсетіп ғана қоймай, қандай да бір моральмен байланыстырғым келді. Фильмді ұятпен байланыстырдым. Яғни осы қазіргі қоғамдағы ұят түсінігі. Біздегі «Ұят» культінің артықшылықтары мен кемшіліктері бар. Шығыс халықтарына тән «ұят болады» культі гендерлік тұрғыдан, əсіресе əйел адамның ментальдық ерекшелігіне телініп, абырой деңгейіне балап жатады. Осы сөз тек әйелдерге таңылған түсінік сияқты көрінетінін үнемі айтып жүремін. Өйткені кез келген әйелге жасалған қорлау-зорлау, қандай да бір қылмыс болсын, барлығы дерлік «ұят» деген түсініктің астында қалып қояды. Қазақстанда жылына 3 мыңға жуық әйелден ҚР ҚК-нің 120-бабы «Зорлау» бойынша шағым түседі екен. «Ұят болады» деген түсінік тасасында айтылмай, үнсіз қалып қойып жатқан қылмыстық әрекеттер қаншама. Қазіргі жаһандану заманында ежелден келе жатқан осынау “ұят болады” түсінігінің құрбанына айналған қазақ әйелдері мен жастары көп, — дейді Шәрипа Оразбаева.

Режиссердің айтуынша, жасөспірім жасында зорлыққа ұшыраған Бибігүл Оспановаға хабарласып, фильм түсіргісі келетінін айтқанда ол әуелі қорқақтап, ұялыпты. 

— «Фильмді жақындарым көреді, олар не айтады екен» деген сияқты ойы болды. Бірақ кейін күш-жігерін жинап, «Мен ешқандай өтірік айтып отырғаным жоқ. Өз тағдырым. Мен тағдырымды айтамын, ешкімге ештеңе жасамаймын, сондықтан тағдырымды айтуға бел будым» деп келісімін берді, — дейді Шәрипа Оразбаева. 

Фильм 2021 жылғы сәуірдің алғашқы аптасында түсірілді. Түсірілім тобы бас кейіпкер Бибігүл Оспановамен бірге оның тұрып жатқан үйі орналасқан Байсерке ауылына және туып-өскен Ақши ауылына барыпты. 

«Жобаны жүзеге асыру барысында техникалық не қаржылық жағынан ешқандай қиыншылық болмады. Дегенмен заңдылық тұрғысынан мәселелер шықты. Мәселен, Бибігүл Оспанова өзінің зорлаушысымен бірге тұрған ғой. “Оның есімін атау керек пе, жоқ па” деген сияқты сұрақтар туындады. Фильмді көргеннен кейін зорлаушыға деген көзқарас қалыптасады. “Оның есімін қалай атаймыз”, “айту керек пе” дегендей сұрақтар болды».

Фильм YouTube видеохостингінде жарияланды. Үш бөлімнің де атауы бар: 

I. ТӘУБӘ
II. АҒЫНАН ЖАРЫЛУ
III. КҮРЕС

Әр бөлім бірін-бірі толықтырып, бір-біріне жалғасып жатыр. Фильм оқиғасы ашу-ызаны оятып, күйіндіріп, тіпті ара-арасында сүйсінтіп, Бибігүлдің мықтылығы тәнті етеді. Видеоға көрермендер қолдау комментарий жазып жатыр. Оларға Бибігүл Оспанова жауап жазады.

— Алматыда жыныстық және тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдерді қолдайтын дағдарыс орталықтары бар екен. Бибігүлмен соның біріне бардық. Өкінішке орай, сондағы мамандардың айтқаны — қылмыстың ескіру уақыты бар екен. Ондаған жыл бұрын болған қылмыс уақыты өтіп кеткен болып саналады екен. Зорлық-зомбылық көрген әйел өзін жәбірлеген адамның үстінен арыз жазуы керек екен. Сонда ғана материалды көмек алады. Әйтсе де орталықта Бибігүлге психологиялық тұрғыдан көмек көрсетілді. Бұл да Бибігүлді өзгертті. Мәселен, Бибігүл фильмде: «Ешқандай арманым жоқ. Өз-өзімді жоғалтып алдым. Армандауға ынта-ықыласым да жоқ. Жан-жақтан қысым көп болды. Қайынжұртым “баламыз сотталып кетпесін” деп, ал өз жұртым “ұят болады” деп басып ұстады» деді. Жанарында мағынасыз, шарасыз күй көрініп тұратын. Ал қазір Бибігүлдің көзқарасы өзгерді. Жұмысқа тұрды. Қызы мен немерелеріне құжат алды. Фильмнен кейін оның өміріне кішкене болса да өзгеріс енді. Фильм жарияланғаннан кейін бірнеше көрермен: «Бибігүлдің нөмірін бересіз бе, хабарласып, оған көмектесейік» деп жазды. Бибігүлдің есепшотын бердім, — деді Шәрипа Оразбаева. 

Фильм қазақ тілінде түсіріліп, орыс тілінде субтитр қосылған. Осылайша жалпы посткеңестік ауқымды қамтыды. Кинфестивалдерге жіберу үшін ағылшын тілінде субтитрі әзірленген. 

Кейіпкерлерінің хикаясын көрсетіп қана қоймай, олардың өмірін жақсы жағына өзгертуді қалайтын режиссер Шәрипа Оразбаева Қазақстандағы Internews өкілдігінің продакшен-гранттар байқауына қатысқысы келетін адамдарға бір кеңес айтты. 

«Ең әуелі батыл болу керек. Тақырып таңдаған кезде қорықпай, шынайы өмірді, шынайы әлеуметтік проблемаларды көрсетуге батылдық таныту керек. Идеяңыз болса, еш тайсалмаңыз. Өтініш жіберіңіз. Байқау ашық әрі шынайы өтіп, жақсы жобалар қолдау табатынына көзім жетті. Грантқа өтініш жібермес бұрын қорқыныш, өз-өзіме деген сенбеушілік болған. Бірақ сапалы контент жасауға деген шын қолдауды сезіндім. Интерньюстің қызметкерлері қашан да қолдау көрсетіп, кеңес беруге дайын болып шықты. Барлығына тең қарайды екен. “Біз ақша беріп отырмыз, сен жасап жатқан адамсың” дегендей иерархия жоқ. Соған көзім жетті. “Аға, көке” деген сияқты жалпақшешейлік жоқ. Шынайылыққа разы болдым. Қазір жастар қоғамдық көзқарастардың құрбаны болмау үшін өзін көрсетуден тартынады. Меніңше сондай адамдарды қолдайтын жобалар қоғам үшін өте маңызды. Бұл жастардың өзіне деген сенімін қалыптастырып, болашаққа ұмтылуға жігер береді. Ал жобама қайта оралар болсам, алдағы уақытта “Ұят және мен” циклі негізінде басқа да тақырыптарды қозғасам деймін». 

***

Айтпақшы, алдағы қараша-желтоқсан айларында «Шағын грант. Қысқы маусым» және «Ірі грант» байқауына өтініштер қабылданады. Internews in Kazakhstan Facebook-парақшамыз бен Instagram-парақшамыздағы және сайтымыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз. Бұл жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Internews жүзеге асыратын MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.