Пандемия дәуіріндегі медианарық. «Media Құрылтай-2021» конференциясында не талқыланды?

0
1311
Әсел Қараулова "Пандемия дәуіріндегі медианарық. БАҚ-қа деген сенім және қоғамдық пікірді басқару" панелді талқылауына модератор болып тұр. Фото: Қазақстан Баспасөз клубы / Асель Караулова модерирует панельное заседание "Медиарынок в эпоху пандемии. Доверие к СМИ и управление общественным мнением". Фото: Казахстанский Пресс-клуб

25-қараша күні Алматыда XIII республикалық «Media Құрылтай» өтті. Қазақстандағы Internews өкілдігі биылғы «Media Құрылтайға» серіктес болды. Қазақстандағы БАҚ нарығын дамыту мәселелеріне арналған салалық конференцияны Әсел Қараулова басқаратын Қазақстан Баспасөз клубы ұйымдастырады. 2021 жылғы конференцияның негізгі тақырыбы — COVID-19 пандемиясының жалпы ақпараттық ортаға және Қазақстан медианарығына ықпалы. Конференцияда айтылған әңгіменің ең маңызды тұстарына тоқталайық. 

«Media Құрылтай-2021» соңғы 1,5 жыл ішінде қайтыс болған журналистерді бір минут үнсіздікпен еске алудан басталды. 

Конференцияның бірінші бөлімінде талқыланған маңызды тақырып — мемлекеттік тапсырыс. «Media Құрылтай» қатысушылары мемлекеттік тапсырысты мемлекеттік қолдаумен шатастырмау жөнінде айтты. 

ҚР АҚДМ Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақовтың сөзінше, Қазақстан медианарығындағы БАҚ-тың 85%-ы жекеменшік БАҚ екен. Комитет төрағасы осы сандарды келтіре отырып, мемлекеттік тапсырыстың ықпалы үлкен емес екеніне тоқталды. Алайда басқа спикерлердің айтқан деректері жалпы жағдайды сипаттап берді. Яғни жекеменшік БАҚ нарығы — 50 млрд теңге болса, мемлекеттік қолдау нарығы 100 млрд теңгеге жетеді екен. «Құқықтық медиа-орталық» құрылтайшыларының бірі, заңгер Гүлмира Біржанова сессиялардың біріне модератор болып, мемлекеттік тапсырыс пен мемлекеттік қолдаудың айырмашылығын «Мемлекеттік қолдау дегеніміз — контентке араласпай ақша құю» деп түсіндірді. 

Гүлмира Біржанова «БАҚ туралы заңнамаға өзгерістер. Медианарық қайда бағыт алды?» панелді талқылауына модератор болып тұр. Фото: Қазақстан Баспасөз клубы

Жарнама туралы да әңгіме өрбіді. Медианарық өкілдері жарнама аз екенін айтады. Бұған қоса жарнаманы үнемі шектеуге тырысу шаралары болып жатыр. Медианарық үшін тағы бір сынақ — «зиянды» деп саналатын барлық тауардың жарнамасына шектеу қою, яғни бұрынғыдай тек алкоголь және темекі өнімдеріне ғана емес, құрамында қант және тұзы бар заттар жарнамасын да шектеу болып отыр. Сондай-ақ, конференция қатысушылары айтқандай, Қазақстан ақпарат отарына айналып барады, дәлірегі жергілікті контентке ешқандай басымдық жоқ. 

БАҚ туралы заңнамаға өзгерістер тақырыбына арналған панелді талқылау билік пен журналистер бірін бірі түсінбейтінін, өзара мәміле жоғын көрсетті. ҚР АҚДМ Ақпарат комитетінің төрағасы Қанат Ысқақовтың айтқандай, министрлік диалогқа ашық. Ол журналистерді әлеуметтік қорғау, журналистер құқығын қорғау, баспа БАҚ-ты қолдау сияқты мәселелер шешіліп жатқанын айтты. 

Ал медиаконсультант, HOLA News сайтының бұрынғы бас редакторы Зарида Ахматова сайтты 10 күн бұғаттау кезінде мемлекеттік органдармен өзара қарым-қатынас жасау тәжірибесін баяндады. Ол бас редактор бола отырып, медиаменеджментпен, контент жасаумен айналыспай, мемлекеттік органдармен арадағы заң мәселелерін шешумен айналысуға мәжбүр болғанын атап өтті. Қанат Ысқақов оның сөзін тыңдай келе, «бәлкім, сайт администраторымен түсініспеушілік болған шығар» деді. Ресми тұрғыдан диалог бар, бірақ шын мәнінде — жоқ. 

«Еуразия бірінші арнасының» бас директоры Сергей Киселев 1999 жылы қабылданған БАҚ туралы заңды жамай-жасқай берудің қажеті жоғын, өйткені әлем өзгеріп, ал заң бәз баяғыдай қалып қойғанын айтты. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі заңды өзгертуге жылда уәде береді, бірақ жаңа заң әлі жоқ. 

«Сессиядан екіұдай әсер қалды. Жақсы тұстары да, көңіл көншітпейтін жақтары да бар. Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің заңды өзгерту бойынша жыл сайын қайталайтын ұстанымына келсек, уәде беру ғана, нақтылық жоқ. “БАҚ туралы заң қабылдана ма?” деген негізгі сұрағымызға жауап жоқ. Біз заңды бірігіп әзірлеуге дайын екенімізді білдірдік. 

ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің жеке деректерді қорғау заңнамасы жөнінде жоспарлары қуантады. Өзі туралы мәліметтерді ұмыттыру құқығын да еске түсірдік. Бұл норма қызу талқыға түсіп, ақыры келіссөздер жүргізіліп, алып тастады. «Енді қайта орала қоймас» деп сенейік. Журналистердің жеке деректерді қолдануға келісім алмауына болатын жағдайларды талқыладық. Жоғарғы сот та қуантып отыр: үміттендірер жоспарлар бар. Ар-намыс пен абыройды қорғау бойынша маңызды қаулы қызу талқыланып жатыр. Жариялалық туралы жаңа қаулыны қабылдау жоспарланған.

ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты Айдос Сарымның айтқаны көңілге сәл де болса қуаныш сыйлайды. Ол айтқандай, әлеуметтік желілердің өкілдігін тіркеу жөніндегі бастапқы жоба қайта қаралып жатыр. Бірақ өкінішке қарай депутат «БАҚ туралы жаңа заң қажеті жоқ, дұрысы — салалық заңнамаларға өзгеріс енгізу керек» деп санайды» — деп тарқатып берді медиазаңгер Гүлмира Біржанова. 

Айбар Олжаев «Мемлекеттік құрылымдардың баспасөз-қызметі мен БАҚ арасындағы қарым-қатынас: win-win жұмысын қалай құруға болады?» панелді талқылауын жүргізіп отыр. Фото: Қазақстан Баспасөз клубы

Конференцияның екінші бөлімінде екі сессия өтті: Қазқстандағы медиазерттеу қорытындысының презентациясы және тағы екі ашық лекция. 

«Қазақ журналистикасы: түйткілдер мен шешу жолдары» деген сессияда қазақ тілінде ақпарат алу, монетизация, ішкі цензура және тағы басқа мәселелер талқыланды. Екінші сессияда мемлекеттік органдардың баспасөз-хатшылары БАҚ-пен өзара қарым-қатынас бойынша көзқарасын айтты. 

Қазақстандағы Internews өкілдігінің Медиасауат бойынша аймақтық өкілі Гүлнар Асанбаева Қазақстандағы медиатұтыну және медиа-ақпарат сауаттылығы бойынша зерттеудің қорытындысын қысқаша таныстырды. Медиазерттеу 2021 жылы үш елде — Қазақстан, Өзбекстан және Тәжікстанда жүргізілді.

Бұл екінші рет жүргізіліп отырған зерттеу, біріншісі 2019 жылы жасалды

Internews көптеген редакциялардың шамасы жете бермейтін әлеуметтік және маркетинг сараптамаларын ұдайы жүргізіп, қорытындысын жариялап, бөлісіп отырады. Тұтас зерттеу әлі жарияланбады. Алдағы уақытта үш елдегі зерттеу қорытындысы бойынша ресми таныстырылым өтеді. 

Зерттеудің алдын ала қорытындысына келсек:

  • Телеарналар негізгі ақпарат көзі ретінде орнынан айырылып жатыр. Халықтың басым бөлігі ақпаратты әлеуметтік желілерден алады. Бұған егде жастағы кісілер де кіріп отыр.
  • Ең танымал әлеуметтік желілер (кему ретімен): WhatsApp, YouTube, Instagram, Telegram, ВКонтакте.
  • Қазақстандықтар шетелдік контентті көбірек тұтынады.
  • Сауалнамаға қатысқандардың 30%-дан аз бөлігі жаңалық, подкаст не сараптама үшін ақы төлеуге дайын.
  • Қазақстандықтардың 9%-ы ғана әлеуметтік желілердегі ақпаратқа сенеді.
  • Қазақ тілінде контент жасау болашағы зор бағыттардың бірі болып отыр.
  • Біріктірілген медиасауат индексі 2019 жылмен салыстырғанда өсті.

Конференция соңында екі бірдей шеберлік сабағы өтті. Ресейлік медиатренер Артем Галустян мультимедиалы сторителлинг принциптері туралы айтса (бұл іс-шараның серіктестері — The Pen медиаклубы мен Beeline компаниясы), медиатренер, фактчек маманы Думан Смақов «Open Base: Қазақстанда ашық дереккөздермен қалай зерттеу жүргізуге болады?» деген дәріс өтті. 

«Media Құрылтай-2021» конференциясының барлық сессиясынан түсірілген видеоны көруге болады. 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен MediaCAMP — Орталық Азия бағдарламасы аясында жүзеге асады.