ОқиғаларҚазақстандағы «Ірі грант – 2021» байқауында 6 жоба жеңіске жетті

Қазақстандағы «Ірі грант – 2021» байқауында 6 жоба жеңіске жетті

Қазақстанда «Ірі грант – 2021» контент жасау бойынша идеялар байқауының қорытындысы шықты. Байқау комиссиясы жергілікті аудиторияның қызығушылығын тудыратын түрлі форматтағы алты жобаны таңдап алды. 

«Ірі грант – 2021» байқауына өтініштер 2021 жылғы 27 қазаннан 25 қарашаға дейін қабылданды.

Жобаға барлығы 76 жоба (қазақ тілінде — 21, орыс тілінде — 55) келіп түсті. Қай-қайсысы да қызық әрі ерекше жобалар. Байқауға жаңа авторлар көбірек қатысып, алуан түрлі идеялар ұсынғаны қуантты. Мәселен, бұл жолы авторлар алғаш рет интерактив аудио-қойылым және анимациялы түсіндірмелі жоба жасауды ұсынды. Әйткенмен өтініштерді қарай келе байқағанымыз видео форматындағы жобалар, яғни видеосұхбат, шағын роликтер, арнайы репортаждар, ток-шоу жасауға қызығушылар саны басым. Сондай-ақ, мультимедиалы материал (лонгрид) жасауға қызығушылық әлі де бар. 

Биыл медиа мен журналистердің көбі әлеуметтік тақырыптарға назар аударды. Бұған қоса көптеген медианы экология мәселелері де алаңдатады екен. 

Internews командасы байқауға идеясын ұсынған авторлардың бәріне алғыс білдіреді. Идея дегеніміз — аса қымбат әрі асыл дүние екенін білеміз және әріптестеріміз соны бізге сеніп тапсыруға дайын болғанын өте қатты қадірлейміз. Жобаларды іріктеу процессі – қиын да күрделі жұмыс. Өйткені үздік жобалар саны біз қолдай алатын шектен әрдайым көп болып жатады. 

Жеңімпаздарды қалай таңдады?

Ең әуелі Internews сарапшылары келіп түскен өтініштерді техникалық іріктеуден өткізді. Бұған бір апта уақыт кетті. Өйткені әрбір өтінішті мұқият оқып, өтінішке тіркелген бюджетін қарап, есептеп, қатысушылар портфолиосында көрсеткен сілтемелерді ашып көріп, әбден зерттедік.

Команда мүшелері идеяларды талқылады; әркім өз пікірін негіздеп, дәлелдеуі керек болды. Байқау мақсаты мен шарттарына сай келмейтін өтініштерді келесі кезеңге жібермеуге мәжбүр болдық. Мысалы, деректі фильм түсіруді ұсынған жобалар бірден кері қайтарылды. Өйткені Internews деректі фильм түсіруге арналған «DOC формат» байқауын ұйымдастыра бастады. Сондай-ақ, бюджет сомасы шектен асып кеткен, жүзеге асыру бойынша жоспарланған уақыты белгіленген мерзімнен асатын жобалар қабылданбады. Егер автор аудиториясын жақсы білмесе, дайын өнім қандай болатынын айқын көре алмаса,  онда жеңіске жету мүмкіндігі де азаяды. 

Техникалық іріктеуден кейін 19 идея (қазақ және орыс тілдерінде) байқау комиссиясының қарауына жіберілді. Комиссия құрамына Internews ұйымынан бір қызметкер және Қазақстан медиа нарығында контент өндірісін жақсы білетін төрт тәуелсіз медиасарапшы енді. Құпиялылық саясатымыздың талабына сәйкес, байқауға ұсынылған жобалардың мазмұнын жариялауға және қысым жасалмауы үшін байқау комиссиясы мүшелерінің аты-жөнін атауға да болмайды. Әйтсе де тәуелсіз медиасарапшылардың кімдер екенін тұспалдап айта аламыз:

  • беделді қазақстандық басылымның редакторы, журналистік зерттеу және бизнес тақырыбының маманы;
  • түрлі медиада, соның ішінде халықаралық медиада да (телевизия және онлайн-журналистика) көп жыл жұмыс істеген тәжірибелі журналист;
  • жобаларды таныту және SMM бойынша халықаралық медиа қызметкері;
  • тәжірибелі медиатренер, университет оқытушысы. 

Қазылар өтініштерді бір апта қарап, зерделеп, мына критерийлер бойынша алдын ала бағалады:

  • идеяның ерекшелігі мен өзектілігі;
  • жоба форматының дұрыс таңдалуы;
  • аудиториясын түсінуі және аудитория тарту құралдарын білу;
  • дайын өнім қандай болатынын түсінуі;
  • команданың жобаны орындай алу қабілеті;
  • тұрақтылық стратегиясы;
  • ақылға қонымды бюджет.

2021 жылғы 8 желтоқсанда онлайн-питчинг өтіп, техникалық іріктеуден өткен 19 автор жобасын қорғады. Олардың әрқайсысына идеясын таныстырып, сарапшылар сұрағына жауап беруіне 15 минут уақыт берілді. Питчинг бес сағатқа, ал содан кейін байқау комиссиясының қорытынды отырысы екі сағатқа жалғасты. Қорытынды отырыста сарапшылар алдын ала бағалауын қайта қарады не дұрыс бағалағанына көз жеткізді. Сосын комиссияның әрбір мүшесінің берген ұпай санын қосып, жалпы ұпай саны есептелді (ең жоғары жалпы ұпай — 90, ең азы — 30 ұпай). Нәтижесінде ең жоғары ұпай жинаған мына жобалар таңдалды: 

  1. Еліміздің шалғай аудандары мен ауылдары туралы видеорепортаждар сериясы. Авторы  — Айсұлтан Жақыпов. Контент автордың YouTube-арнасында жарияланады.
  2. «Сөздің шыны керек» — Қазақстанда боп жатқан әлеуметтік маңызы бар қоғамдық оқиғаларды талдайтын жоба. Авторлары — 31 арна командасы. Жоба телеарна эфирінен көрсетіледі.
  3. «Ауылды құтқару» (бұл жобаның жұмыс атауы) деген арнайы репортаждар сериясы. Авторы — Лұқпан Ахмедьяров. Арнайы репортаждар видеосы «Просто журналистика» YouTube-арнасында жарияланып, мәтіні Vlast.kz сайтында шығады.
  4. Қазақстанның су проблемалары туралы арнайы репортаждар сериясы. Авторы — Мәдина Ашилова. «Тұран-ТВ» телеарнасында, жоба сайтында, Tengri Mix немесе Tengri Travel парағында жарияланады. 
  5. Қазақстандағы мемлекеттік бағдарламаларды талдайтын лонгридтер сериясы. Авторы — Кирилл Каргаполов. Контент The-village-kz.com сайтында жариялады.
  6. Иесіз жануарларға көмектесетін адамдар туралы нарратив подкаст. Авторы — Айсұлу Тойшыбекова. Эпизодтар подкаст платформаларда жарияланады. 

Егер жобаңыз биылғы маусымда қолдауға ие болмаса, қамықпаңыз. Идеяңызды жүзеге асырудың жолын іздестіріңіз. Мәселен, басқа да байқауларымызға қатысыңыз:

  • «DOC формат» — деректі фильм өндірісін қолдауға арналған байқау. Қазір өтініш қабылданып жатыр. 10 ақпанға дейін өтініш жіберуге болады;
  • «Шағын грант» байқауы 2022 жылғы ақпан басында жарияланады (байқауды бұдан ертерек бастау жоспарланған еді, бірақ кейінге шегерілді)

Сайтымыз бен әлеуметтік желі парақшамыздағы хабарландыруларды қарай жүріңіз.

«Ірі грант» байқауын екі жылдан бері өткізіп келеміз. 2020 жылғы байқауда тек Қазақстанда қазақ және орыс тілдеріндегі 8 жобаны қолдадық. Жобалардың барлығы дерлік уақытылы әрі өте сапалы жасалды. Серіктестерімізді және олардың «Ірі грант –2020» байқауындағы жетістіктерін мақтан тұтамыз:

 Вадим Борейконың экология тақырыбына арналған «ЭкоЭхо» видеозерттеулер сериясы. Контент «Гиперборей» YouTube-арнасында жарияланды;

  • Жәмила Маричева жүргізетін Protenge.kz Insta-медиасының «Как всё устроено в KZ» деген жаңа жобасы.
  • 31 арнаның қазақ тілінде шығатын «Неге?» қоғамдық-саяси ток-шоуы. 
  • Оксана Акулованың «Лист ожидания» жобасы. Автор Қазақстандағы трансплантологияның проблемалары, жетістіктері мен басқа да қырларын зерттейтін лонгридтер сериясын жариялады;
  • «Til Kespek Jog» командасының әлеуметтік желілерге арналған ағартушылық-ақпараттық жобасы. Авторы — Әсем Жапишева.
  • «Я здесь»  — еліміздің шалғай аймақтарындағы кішкентай адам туралы роуд-муви жанрында түсірілген деректі фильмдер сериясы. Авторы — Мәдина Ашилова. Авторы — «Almaty Nomad» командасы. 
  • Қала өмірі мен оны белсенділер қалай өзгертіп жатқаны туралы лонгридтер сериясы. «Семей айнасы» аймақтық басылымында жарық көрді.

Таяуда осы байқаудың сегізінші жобасы: Қазақстанда бала асырап алу мен жетім балалар туралы деректі фильм аяқталады. Авторы — режиссер Ербол Жұмағұл.

Internews неліктен контент өндірісін қолдайды?

Қазақстан, Тәжікстан және Өзбекстандағы медиа көбірек сапалы контент: телебағдарламалар, арнайы репортаждар, деректі фильмдер, лонгридтер, әлеуметтік желідегі жобалар, подкасттар, уеб-доктар, уеб-сериалдар, мультимедиалы материалдар, журналистік зерттеулер жасағанын қалаймыз.  Медиа түрлі платформада, алуан форматта заманауи технологияларды қолданып, аудиторияны тарта отырып: өз еліндегі өте маңызды жағдайлар, проблемалар, жетістіктер мен кейіпкерлер туралы кәсіби тұрғыдан әңгімелегенін қалаймыз. 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи