«Ірі грант 2021»: Internews контент өндірісіне гранттар байқауын жариялады

0
2732
31 арнаның «Неге?» әлеуметтік-саяси ток-шоуы студиясында / В студии общественно-политического ток-шоу "Неге?" на 31 канале

Қазақстандағы Internews өкілдігі «Ірі грант» байқауын жариялады. Бұл байқауда контент өндірісіне идеялар бойынша өтініштер қабылданады.

Өтініш қабылдаудың соңғы күні — 25 қараша, 2021 жыл (сағат 23:59-ға дейін).

Байқау циклді, жүйелі, тұрақты мәнге ие ұзақмерзімді әрі ірі жобаларға арналған. Тақырыпқа шектеу жоқ, бірақ идеяның әлеуметтік бағдары маңызды.

Шабытыңызға ерік беріңіз, ойлап табыңыз, армандаңыз! Мазмұны мен форматы қызықты әрі шабыттандырар ұсыныстар күтеміз.

Назар аударыңыз: бұл байқауда деректі фильм өндірісіне өтініштер қабылданбайды. Өйткені 2022 жылғы қаңтарда деректі фильм жобалары үшін «DOC форматы» деген арнайы байқау өтеді. 

«Ірі грант» байқауына кімдер қатыса алады?
Қазақстан командаларынан өтініш қабылданды. Өтініш берушілердің жақсы идеясы, өндіріс базасы, тәжірибесі, аудитория тарту стратегиясы және грант аяқталғаннан кейін жобаны жалғастыруға монетизация жоспары болуы шарт. Жаңа не бұған дейін жұмыс істеп тұрған жобаны ұсынуға болады. 

Мемлекеттік емес медиа: онлайн-басылымдар, онлайн нұсқасы бар газет-журналдар, телерадиокомпаниялар, продакшен-студиялар немесе тәуелсіз авторлар командасы (журналистер, блогерлер) қатыса алады. Бұған қоса арт-индустрияда (анимация, комикстер, интерактив көрмелер және т.с.с.) жұмыс істейтін авторлар мен шығармашылық одақтарды қатысуға шақырамыз. 

Өтініш берушілердің тіркелген заңды тұлғасы (ЖШС, ЖК, қоғамдық қор немесе тағы басқа) болуы міндетті.

Жұмыс істеп тұрған кәсіби медиа және авторларды қаржыландыру көзделгенін ескеріңіз. Жұмысын енді бастаған командаларға (жобаны жүзеге асыру бойынша бір жылдық тәжірибесі жоқ) «Шағын грант» байқауына қатысуды ұсынамыз. Бұл байқау 2022 жылғы қаңтарда жарияланады.

Internews 2021-2022 жылдары контент өндірісін қалай қолдайтыны туралы мына мақаладан білесіз.

Контент қай тілде болуы керек?
Қазақ және/немесе орыс тілдерінде.

«Ірі грант» байқауының грант сомасы қанша?
Бір жоба 3 миллион теңгеден 10 миллион теңгеге дейін қаржы ала алады. Сұралатын бюджет сомасы ақылға қонымды, әрбір шығыны негізделген, ұлттық валютада көрсетілуі керек. Бюджетке техникалық базаңызды толықтырар лицензиялы бағдарламалар, техника мен жабдықтар алуды, бұдан бөлек менторлар немесе консультанттар қызметін қосуға болады.

«Ірі грант» аясындағы жоба қанша уақытқа созылады?
8 айға дейін жалғасады, бірақ 2022 жылдың соңында аяқталуы керек.

Қалай іріктейді?
«Ірі грант» байқауы 4 кезеңнен тұрады:

1 тур — идея ұсыну

Байқауға қатысу үшін өтініш толтырып, жіберу керек.

Толтыратын онлайн-өтінішке сілтеме.

Идеяңызды сипаттаңыз, мақсатты аудиторияңызды, оны тарту, қатыстыру механизмдерін, контент-жоспарыңызды және әрі қарай жұмысты жалғастырар тұрақтылық бойынша жоспарды жазып, бюджетін (файлды жүктеп алыңыз) онлайн-өтінішке қосып тіркеңіз.

Жобаңызды конкурсқа жіберу үшін 2021 жылғы 25 қараша, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 23:59-ға дейін онлайн өтінішті толтыру қажет.

2021 жылғы 10 қараша, сәрсенбі, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 16:00-де «Ірі грант 2021» байқауына қатысқысы келетін өтініш берушілерге арналған онлайн-кездесу өткіземіз. Сол кезде «Ірі грант 2021» байқауының мән-жайын түсіндіріп, сұрақтарыңызға жауап береміз. Facebook-парақшамызда инфосессиядан тікелей трансляция жасалады.

2 тур — техникалық іріктеу 

Келіп түскен өтініштерді Internews ұжымы техникалық іріктеуден өткізеді. Әр жоба байқаудың критерийлеріне сай қаралады. Келесі кезеңге ерекше идея ұсына алмаған авторлар өткізілмейді. Сонымен қатар бұл кезеңде толық ойластырылмаған, аудиториясы немесе қажет қаражат нақты көрсетілмеген жобалар іріктеуден өтпейді.

Ал ең қызықты, ерекше және соңына дейін нақты ойластырылған идея келесі кезеңге өтеді. Internews командасы келесі кезеңге өткен жобалардың қысқа тізімін 2021 жылдың соңында жасақтайды.

3 тур — грант комиссиясының жұмысы және идеяларды таныстыру

Іріктелген жоба авторлары арнайы питчинг-сессияға шақырылып, жоба тұжырымдамасының өзектілігі мен орындалуының шынайылығын 10-15 минут ішінде кез келген формада таныстыра алады. Оларды тәуелсіз медиа-сарапшылар мен Internews қызметкерлерінен жасақталған арнайы байқау комиссиясы тыңдайды.

Питчинг-сессияда қазылар алқасына мыналарды көрсету керек:

  • идеяның ерекшелігі;
  • таңдалған форматы;
  • өндірістің егжей-тегжейі және дайын өнім қандай боларын білуі;
  • аудиториясын түсінуі;
  • ақылға қонымды бюджет;

Питчинг, шамамен, жыл соңында өтеді. Жобаны қорғауға дайындық кезінде мына формуланы есте ұстаңыз: қызық тақырып + сәтті формат + аудиторияны түсіну = жақсы жоба.

Презентациядан кейін комиссия мүшелері нақтылау сұрақтарын қоюы мүмкін, жоба идеясын жақсартатын ұсыныстар бере алады. Қандай да бір шығындарды негізсіз санаса, бюджетті түзетуге кеңес береді. 

4 тур — жобаны жетілдіру және грант беру

Жеңімпаздар тізімін жариялағаннан кейін жобаны жетілдіруге, ақырғы бюджетін жасап, қаржыландыру құжаттарын дайындауға тағы екі апта уақыт беріледі.

Маңызды ескерту: «Ірі грант» жобаларында есеп өткізу қаралған. Жобаны жүзеге асыру, яғни контент жасау процессі кезеңдерге бөлінеді. Қаржыландыру да кезеңдерге байланысты, яғни жұмысты орындап, есеп өткізгеннен кейін транш түседі. 

«Ірі грант» байқауына қандай жобалар жатады?
Мәселен:

  • әлеуметтік желілердегі медиа немесе жұмыс істеп тұрған медиа ішінен арнайы айдар, телебағдарлама ашу;
  • телешоу жасау;
  • өте маңызды мәселе бойынша циклді материалдар жасау (форматтары, жанрлары, тақырыптары алуан түрлі болуы мүмкін);
  • арнайы репортаждар сериясы;
  • зерттеу жобасы;
  • бірнеше медианың бірлескен жобасы

Қандай идеялар қолдауға ие болмайды?
Internews сайт жасау және сайттарды таныту, көркем фильмдер, сериалдар, әлеуметтік роликтер мен музыкалық клиптер өндірісін қолдамайды. «Ірі грант» байқауы аясында институционалды қолдаулар (офис жалдау және тағы басқа сол сияқты шығындар) көрсетпейді.

Internews неліктен контент өндірісін қолдайды?
Қазақстандық медиа қоғам өмірінің өте өзекті әрі күрделі қырлары жайында түрлі ресурста, әралуан форматта, заманауи технологияларды қолданып, аудиторияны қатыстыра отырып кәсіби тұрғыдан әңгімелегенін қалаймыз.

Бұған дейін Internews қолдауына ие болған жобалар туралы қайдан білуге болады?
2021 жылға Қазақстандағы «Ірі грант» байқауында қазақ және орыс тілдеріндегі 8 жоба Internews қолдауына ие болды. Кейбір жобалар аяқталды, тағы бір жобалар жалғасып жатыр. Осы хабарландыруды шыққан мезгілде барлығы 530 материал жарияланып, аудиторияны қамту көрсеткіші 10 миллиондай болды. Серіктестерімізді және олардың жетістігін мақтан тұтамыз.

  • Вадим Борейконың «Гиперборей» YouTube-арнасынан шығатын «ЭкоЭхо» экологиялық жобасы: құм карьерлерінің генералдары қоршаған ортаны қалай ластап жатқаны немесе Сарыағаштағы қоқыс желі туралы репортаждар мен зерттеулер сериясы жарияланды. Осы материалдардан кейін жер қойнауын пайдаланушылар қоршаған ортаға зиян келтіргені үшін айыппұл төледі, Тоқаев мәселені тексеруге тапсырма берді, шенеуніктерді мемлекет қаржысын жымқырғаны үшін тұтқындады, ал 80 мың адамның үйлері сегіз жылдан кейін табиғи газға қосылды. Жоба туралы «У зрителей есть канал, на который никто не способен повлиять» деген мақаладан оқуға болады.
  • 31 арнаның «Неге?» бағдарламасы. Қазақ тіліндегі саяси-әлеуметтік ток-шоу қазақ тіліндегі медиада айтыла бермейтін өзекті тақырыптарды қозғайды. Ток-шоу жасаудың шығыны мол, ал өткір тақырыптағы контентке жарнама беруші табу оңай емес. Міне, сондықтан да жоба бірінші маусымынан кейін (2019 жыл) шықпай қалуы мүмкін еді. 2021 жылы көктемде грант аясында қайта жалғасты: жалпы қаралымы төрт миллионнан асатын 20 эпизоды шықты. Осы кезде ток-шоу командасы Internews резиденциясынан өтті: коммерциялық стратегиясы және тұрақты даму жоспары жасалды. Нәтижесінде өміршең жобаға айналып, 2021 жылғы күзде үшінші маусымы экранға оралды.
  • Жәмила Маричева жүргізетін Protenge.kz инста-медиасының «Как всё устроено в KZ» деген жаңа жобасы. Бұл – бюджет шығындары туралы видеозерттеулер. Мәселен, осы жобаның бір зерттеуінде әкімдер жайлы жаңалықтардың құны айтылады. Тағы бір шығарылымында әлеуметтік мәселелерді шешуге жауапты мемлекеттік компания қызметкерлеріне 27 млн теңге болатын фитнес-қызметтер (аквааэробика, зумба, сауна, пилинг) сатып алмақ болғанын анықтайды. Айтпақшы, бұл зерттеуді он мыңдаған адам көріп, мыңдаған рет бөлісті. Материал жарияланғаннан кейін бір тәулікке жетпес уақытта Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сайтына баспасөз релизі шықты. Онда әлеуметтік желілердегі резонанстан кейін шығындарды қайта қарастыруға мәжбүр болғаны хабарлайды. Фитнес-абонементтер сатып алуға арналған лот кері қайтарылды.

Қандай да бір нақтылайтын сұрағыңыз болса, [email protected] эл.поштасына хат жазыңыз. Хат тақырыбына «“Ірі грант” байқауы бойынша сұрақ» деп көрсетіңіз.

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азиядағы MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.