Оқиғалар«Эдьютон аяқталғанымен, бәрі енді басталды». Ұйымдастырушылар, тренерлер мен қатысушылар семинарды қорытындылады

«Эдьютон аяқталғанымен, бәрі енді басталды». Ұйымдастырушылар, тренерлер мен қатысушылар семинарды қорытындылады

12 ақпанда медиасауат бойынша MediaCAMP Эдьютон — 2022 үшінші инновациялық семинары аяқталды. 8 ақпаннан 12 ақпаған дейін бес күн бойы университет оқытушылары, мектеп мұғалімдері, медиатренерлер, медиа және цифрлы сауат сарапшылары Орталық Азиядағы медиасауат машықтарын таныту бойынша тәжірибе алмасты. Семинар орыс тілінде өтті, қазақ, тәжік және өзбек тілдеріне ілеспе аударма жасалды. Эдьютон — 2022 іс-шарасы қалай қорытындыланып, не айтылғанын шолып өтейік.  

2022 жылғы Эдьютон ұраны — «Медиасауат: кино, жарнама, ойындар». Семинарға Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан 30 адам қатысты. Іріктеу байқауына барлығы 149 өтініш, соның ішінде Қазақстаннан — 67, Тәжікстаннан — 45, Өзбекстаннан — 35 өтініш келіп түсті.

Семинар аясында жарнама семиотикасы және киносауат бойынша төрт ашық дәріс өтті. Ашық сессиялардың жазбасын Қазақстандағы Internews өкілдігінің Facebook-парақшасынан көріп, мәтінін «Жаңа репортер» сайтынан оқуға болады. 

Эдьютон — 2022 семинарына тренер және тәлімгер ретінде Эстония, Ресей мен Орталық Азия елдерінен сарапшылар шақырылды. Олардың қатарында Камилл Ахметов, Александра Милякина, Баубек Сағындық, Тимур Юлдашев, Дильфуза Мырзахмедова, Татьяна Голубцова, Рустам Гулов, Арсен Абдрахманов бар.

Рустам Гулов

— Эдьютоннан жақсы әсер алдым. Қатысушылар жобасын жетілдіруіне Эдьютон маңызды рөлге ие. Олардың семинарға әкелген идеясы бірнеше күн ішінде әбден пысықталып, жүзеге асыруға дайын боп шығады. Тәлімгер ретінде қараған жобалардың ішінен медиасауат бойынша мюзиклдер мен театрландырылған қойылымдар жасау, халықтың түрлі топтарына киносауат мектебін ұйымдастыруға арналған қызық жобаларды атап өткім келеді. Контентті сыни пайымға салып қабылдау машығын түрлі жолдармен таратып, кино мен театрға уақыт өткізу құралы ретінде ғана қарамай, медиа және медиаөнім ретінде дұрыс қабылдануына ықпал ете білу өте маңызды. Бұл жобалар аудиторияның кино не мюзикль көруге барғанда көрген-білгенін сыни пайым елегінен өткізіп, қабылдауға үйретеді, — деді тәжікстандық медиатренер Рустам Гулов. 

— «Эдьютон аяқталды» деп айтқанымызбен, керісінше Эдьютон енді басталып жатыр. Үшінші рет өткізілген Эдьютон нәтижесін әлі-ақ қуана қорытындылайтын боламыз. Эдьютонның барлық тренері мен тәлімгері — жастар. Қырғызстандағы медиатренер Арсен Абдрахмановқа, Өзбекстаннан Дильфуза Мирзахмедоваға алғыс білдіремін. Олар семинарымызға тәлімгер бола отырып, жаңаша леп әкелді. Эстония мен Ресейден қатысқан тренерлер — Александра Милякина мен Камилл Ахметовке алғысымыз шексіз. Эдьютон бағдарламасын жоспарлағанымызда жарнама семиотикасы мен киносауат тақырыптары қатысушыларға ауыр болады деп уайымдаған едік.

Алайда Эдьютон нәтижесі, сессия кезінде қатысушылардың пікір білдіру, сұрақ қою белсенділігіне қарап, екі тақырып та оларға ұнағанын түсіндік. Бұл тақырыптар ешкімді бей-жай қалдырмағанын көрсетті. Тақырып ұнағанының бір дәлелі — киносауат бойынша көп жоба ұсынды. Жарнама бойынша жоба саны азырақ болды. Семиотика — жарнама астарын түсінуге жасалған алғашқы қадам. Медиа және ақпарат сауаттылығы жарнаманы сыни бағалаудан басталады. Орталық Азиядағы аудиториямыз осы мәселеге мейлінше жетік болғанын қалаймыз. Сондықтан да Эдьютон бағыты дұрыс таңдалғаны бәрімізді қуантты. Спикерлер мен тәлімгерлер қатысушылардың көңілінен шығып, барлық талап-тілегіне сай болды, — дейді Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасының медиасауат жөніндегі аймақтық консультанты Гүлнар Асанбаева. 

Семинардың соңғы күні қатысушылар Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстанда медиасауат жобаларын танытуға арналған жобаларын қорғады. Олар бес күн бойы тәлімгерлердің жетекшілігімен медиасауат жобасын егжей-тегжейлі ойластырды. Енді осы жүзеге асыратын жобасын әбден жетілдірген 15 финалист MediaCAMP қаржылай қолдауына ие болады. Қазақстанда Ольга Малышева және Лариса Нода (бірлескен жоба), Гүлнар Әбікеева, Дәурен Бақберген, Светлана Раздоба, Сергей Ляшенко жеңіске жетті. Тәжікстанда Мукима Абдуфатоева, Ильхома Хошимов, Зохира Шомусалламова, Ильхома Джамолиена, Усмона Ниёзова жеңімпаз атанды. 

Гүлнар Асанбаева

— Эдьютон қатысушыларының үштен бірі медиасауат саласына жаңадан келген адамдар. Бұған қуанып отырмыз. Қатысушыларымыз бен жеңімпаздарымыздың арасында есімі елге белгілі кинотанушы Гүлнар Әбікеева, драматург Ольга Малышева, педагог Лариса Нода, мюзикль авторы Әннас Бағдат (оның ұсынған ерекше жобасын қолдау үшін қосымша қаржы көздерін іздеп жатырмыз) бар. Мұның барлығы Эдьютонда ұсынылған тақырыптарға қызығушылық жоғары екенін көрсетеді. Іріктеу қиын болды, бір орынға бес адамнан келді. Алайда Эдьютонның ең негізгі нәтижесін жобаларды орындау процессінде көреміз. Барлық қатысушыға жобасын сәтті жүзеге асыруына күш беретін ерекше шабыт, ынта-ықылас, ұмтылыс тілейміз, — деді Эдьютон — 2022 жобасының кураторы Гүлнар Асанбаева. 

Қатысушылар ұсынып, тәуелсіз қазылар алқасы мақұлдаған тақырыптар қатарында медиасауатқа баулу, иммерсивті театр ашу, медиасауат бойынша мюзикль мен видеосабақ жасау сияқты жобалар бар. Мұның барлығы үш елге де пайдалы. Эдьютон ұйымдастырушыларының айтуынша, семинарға кәсіби медиа өкілдерінің де қатысуы маңызды. Қазір Орталық Азияда медиасауат тақырыбына арналған контент тапшы, демек мұндай контенттің таралуы да аз. Мұндай материалдар іргелі БАҚ-та ұдайы жарияланып отырса, онда аудиториямен жүйелі әрі тиімді жұмыс жүреді. Әлеуметтік желілерде оқтын-оқтын жариялау тиімсіз, өйткені зерттеулерге сүйенсек, адамдар әлеуметтік желілерге сене қоймайды.

Ольга Малышева

Эдьютон — 2022 қатысушысы Ольга Малышева журналистика мамандығын оқыған, бірақ соңғы 8 жылдан бері театрда жұмыс істеді. Коронавирус пандемиясы басталып, карантин шектеулері енгізілгелі digital-театрға бет бұрды. Журналист әрі театр қайраткері ретінде жобаларына өзекті ақпараттар, сезімтал тақырыптар, қазіргі саяси және экономикалық жағдай қиындықтарын қосады. Ол три.точки.Знай, что смотришь! жобасын жүзеге асырушылардың бірі болды. Нәтижесінде 2021 жылы фактчекинг және сыни пайым туралы спектакль қойды. Ольга драматургі әрі қойылым кураторы болды. 

— Эдьютонға алғаш рет қатысып отырмын. Өтініш жіберу кезінде мұндай форматтағы семинар туралы білерім аз еді. Бірақ қызықтым, өйткені театр мен медиасауат екеуін қосып ұсына білемін. Эдьютон — 2022 бағдарламасы өте қызық, ауқымды, пайдалы лекцияларға толы екен. Нетуоркинг, менторлармен жұмыс жақсы жолға қойылған. Финалда қорғаған жобамның әуел баста ұсынған жобамнан айырмасы көп. Ұйымдастырушылардың ұсынысымен, Эдьютон қатысушыларының бірі — белгілі педагог Лариса Нодамен жобамызды біріктірдік. Ол студенттік театрда спектакль қою жобасын ұсыныпты. Екеуміздің жобамызда ортақ бір қызық байланыс бар екенін түсіндік. Мен — аудиоспектакль форматын ұсындым, ал мазмұны Лариса Павловнаның ұсынған жобасынан алдық. Бірігу сәтті болды. Бірлескен жобамызды қорғап, Қазақстандағы бес жеңімпаз жобаның қатарына кірдік, — дейді Эдьютон-2022 семинарында жеңіске жеткен бірлескен жоба авторларының бірі Ольга Малышева. 

Олар digital аборигендерге (интернет заманында туған, интернетте өзін суда жүзге балықтай сезінетін адамдарды айтады, ал digital эмигранттар дегеніміз — 2000 жылға дейін туған адамдар) құлаққаппен тыңдайтын аудиоспектакльдер жасауды ұсынған. Цифрлы әлемде ұшырасатын нақты проблемалар, яғни буллинг, манипуляция, фейк туралы шын оқиғаларды әңгімелейді. Спектакль digital-аборигендер қалай өмір сүретінін түсінгісі келетін, медиасауат аудиоспектаклін тыңдауға ықылас танытқан адамдарға да қызық. 

Медиасауат эдьютоны 2018-2019 жылдары Орталық Азияда Еуроодақ қаржыландырып, Internews жүзеге асырған «Орталық Азиядағы тұрақтылық және бейбітшілікке қолдау көрсету» жобасы аясында өткізілді.

Эдьютон семинары 2020 жылдан бастап АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) қаржыландырып, Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында өткізіліп келеді.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи