Деректі кино мектебі — 2022 аясында ашық сессиялар өтеді

0
1839
Аниса Сабири түсірілім кезінде. Фото режиссердің жеке мұрағатынан / Аниса Сабири на съёмках, фото из личного архива режиссёра

Ертең, 15 ақпанда Internews ұйымдастыратын II Деректі кино мектебі басталады. Осы мектепке іріктеу байқауына 171 өтініш келіп түсті. 18 команда таңдалды. Енді Қазақстан, Тәжікстан мен Өзбекстаннан қатысушылар мектепте үш ай оқып, деректі фильм жасаудың негізгі қағидаларын меңгеріп, қысқаметражды фильмін түсіреді. 

Деректі кино мектебінің бірнеше дәрісі ашық сессия түрінде болады. Қызыққан адамдар Қазақстандағы Internews өкілдігінің Facebook-парақшасынан тікелей трансляцияны көре алады. Видеожазба сақталады. Ашық сессиялар орыс тілінде өтеді. 

15 ақпан, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 16:00-де мектебіміздің арнайы қонағы Марина Разбежкина (кинорежиссер, беделді халықаралық кинофестивальдердің лауреаты) «Деректі кино түсіру неліктен қажет» сауал төңірегінде әңгімелейді. Кездесу барысында қонаққа сұрақ қойып, деректі кино әлемі туралы көбірек мағлұмат алуға болады. 

Марина Разбежкина — көптеген халықаралық кинофестивальдердің лауреаты. Оның «Время жатвы» деген тырнақалды туындысы сыншылардың оң бағасын алып, Тайбэй кинофестивалінде «Халықаралық жаңа талант» санаты бойынша жеңіске жетті. Чикаго халықаралық кинофестивалінде «Үздік толықметражды фильм» атанды. Марина 2004-2005 жылдары Internews ұйымында деректі кино бойынша сабақ берді. Өзі негізін қалаған «Разбег» деректі кино мектебін басқарады. 

22 ақпан, Нұр-Сұлтан уақытымен сағат 16:00-де деректі кино әлемінің тағы бір жұлдызы — Аниса Сабиримен кездесуге келіңіз. Лондонда тұратын (Тәжікстанда туған) кинорежиссер «Тақырыпты зерттеу, егжей-тегжейіне үңілу, мұрағат материалдары және ақпарат жинаудың тағы басқа тәсілдері» тақырыбында шеберлік сабағын өткізеді. 

Аниса Сабири — бірнеше жүлделі фильмнің авторы. Қазір Лондонда тұрып, сонда  жұмыс істейді. Ол 2016 жылы неміс режиссері Фред Келеманнан білім алған. Анисаның «Плач Танбура» фильмі көптеген халықаралық кинофестивальге қатысып, бірнеше жүлде алды. Былтыр Аниса Сабиридің «Ритмы утраченного времени» фильмі The Calvert Journal Film Festival фестивалінде «Көрермен көзайымы» атанды. Бұдан бөлек, Сербия мен Италияда өткен кинофестивальдерде жүлдеге ие болды. 

Наурыз айына тағы екі ашық сессия жоспарланған: Евгений Афинеевскиймен (Оскар номинанты, кинорежиссер, продюсер) кездесу өтеді және Орталық Азияның деректі кино әлемін аймақтағы режиссерлермен бірге талқылаймыз. Бұл сессиялардың кестесін наурыз айының басында жариялаймыз. Сайтымыз бен парақшаларымызды қарай жүріңіз.

Деректі кино мектебі АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында ұйымдастырылады.