MediaCAMP Award 2022 байқауының «Уақыт көрінісі» номинациясына дауыс беру басталды

0
1511

IV MediaCAMP Award Орталық Азия журналистері байқауының «Уақыт көрінісі» номинациясына ұсынылған жұмыстардың арасынан үздігін анықтауға дауыс беру басталды. Байқау қорытындысы 2022 жылғы қазанда жарияланады. 

«Уақыт көрінісі» номинациясына қатысып жатқан жұмыстарды галереядан көріңіз: суреттерді шертіп, парақтаңыз. Ал суреттің толық сипаттамасын оқып, ұнағанына дауыс беру үшін фестиваль сайтына өтіңіз. 

Бұл номинациясының толық атауы — «Уақыт көрінісі: фотосурет, карикатура, иллюстрация». 2021 жылға дейін «Объектив» деп аталды. О кезде тек фотосурет қабылданды. Былтыр атауы өзгеріп, фотомен қоса карикатура, инфографика, коллаж суреттер қабылдана бастады. Номинацияның жеңімпазын аудитория анықтайды. 2022 жылғы 30 қыркүйекке дейін ең көп дауыс жинаған сурет «Үздік» деп танылып, авторы жеңімпаз атанады. Кез келген адам бір IP-адрестен әрбір суретке бір-ақ рет дауыс бере алады.

Биылғы «Уақыт көрінісі: фотосурет, карикатура, иллюстрация» номинациясының бір ерекшелігі — ұсынылған материалдарды аудитория ғана емес, кәсіби қазылар алқасы да бағалап, фото, карикатура не/және иллюстрация бойынша арнайы сыйлық тағайындауы мүмкін. Демек, бас жеңімпаздан бөлек тағы да жүлдегерлер шығады. Байқаудың аймақтық кезеңіне төрелік ететін кәсіби қазылар алқасынан «Уақыт көрінісі: фотосурет, карикатура, иллюстрация» номинациясына ұсынылған материалдарды да қарап, бағалауын өтінеміз. 

Биыл «Уақыт көрінісі: фотосурет, карикатура, иллюстрация» номинациясына бес елдегі (Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Өзбекстан) қатысушылардан 34 өтініш келіп түсті. Ережеге сәйкес, бір автор үш суретке дейін ұсына алды. Осылайша, ұсынылған материалдар саны өтініш санынан көп болды. MediaCAMP Award ұйымдастырушылары техникалық іріктеу жүргізді. Келіп түскен өтініштердің арасында байқау шартына сай келмегені де бар. Техникалық іріктеуден кейін 42 сурет дауыс беруге шығарылды. 

MediaCAMP Award байқауында барлығы алты номинация бар. Қалған бес номинацияға ұсынылған жұмыстарды тәжірибелі сарапшылардан құралған қазылар алқасы қарайды: әуелі бес елдің әрбірінде құрылған ұлттық комиссия жұмыс істейді. Олар авторлардың байқауға ұсынған материалын қарап, финалға өтуге лайық жұмыстарды таңдайды.

Содан кейін бес елден шыққан финалистердің жұмысын арнайы құрылған Орталық Азияның аймақтық қазылар алқасы бағалап, байқау жеңімпаздарын анықтайды. Финалистер MediaCAMP Fest фестиваліне шақырылады. Фестивальде жеңімпаздар есімін жариялап, марапаттау рәсімі өтеді. 

Биыл MediaCAMP Award журналистика байқауының алты номинациясына Қазақстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан, Қырғызстан, Өзбекстандағы қатысушылардан 821 өтініш келіп түсті. Байқауға осы бес елдегі тәуелсіз не мемлекеттік медиада жарияланған материалдар қабылданды. Редакция атынан да, егер қоғамдық маңызы бар контент жасаушы автор не журналист, фотограф, видеограф болса, онда жеке өз атынан да өтініш жолдай алды. Бір редакция немесе автор байқауға бірнеше материалын ұсына алады, алайда бір жұмысты бір номинацияға ғана ұсынуға мүмкіндік бар.

Internews ұйымы Орталық Азия журналистеріне арналған MediaCAMP Award байқауын төртінші жыл қатарынан өткізіп жатыр. 2019 жылғы байқау Душанбеде офлайн өтіп, 2020 жылы онлайн болды. Үшіншісі — былтыр, 2021 жылы аралас форматта ұйымдастырылды. 2022 жылғы байқау туралы толығырақ мына мақаладан оқуға болады. Байқау ережесімен сайтта таныса аласыз. 

ДАУЫС БЕРІҢІЗ!

Барлық суреттің авторлық құқы авторларға/басылымдарға тиесілі. Олар байқауға ұсынған суретін интернет дауыс беруге шығарып, марапаттау рәсімінде көрсетуге рұқсат берді. Контент мазмұнына авторлық құқық иелері жауапты, мазмұны Internews, USAID не АҚШ Үкіметінің көзқарасымен сай келмеуі мүмкін. 

MediaCAMP Award байқауы АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.