Қазақстандағы «Шағын грант — 2023» байқауында 13 жоба жеңіске жетті

0
1907
«Шағын грант — 2022» байқауы жеңімпаздарының «Сны реки» фильмі түсірілімінен / Съёмки документального фильма «Сны реки», победители конкурса «Малый формат-2022»

Қазақстандағы  «Шағын грант — 2023» байқауының қазылар алқасы өтініштерді қарап, контент жасау және аудитория әлеуетін арттыруға грант жеңімпаздарын таңдады. 

Internews 2022 жылы контент өндірісі мен медианың аудиториясын әлеуетін арттыру бойынша жобалар синергиясын 2022 жылы бастады. Нәтижесі керемет. Мәселен, «Қазақ Бабыл — Kazak Bubble» командасы жоба аясында «Тілтануға кіріспе» видеолар топтамасын түсіріп, жер-жердегі оқырмандарымен кездесті. «Петропавловск.news» командасы жоба аясында басылымның жанынан ауыл шаруашылығы мен фермерлік тақырыбына қызығатын белсенді қауымдастық құра алды. Ал білім беру мен бала тәрбиесі тақырыбына маманданған Peremena.media командасы Toile деген бірегей жобаны жүзеге асырып, мектеп әжетханаларының сапасы туралы ақпараттық кампания жүргізіп, жергілікті атқарушы билік пен журналистердің назарын аударды. Қазір бұл жобаға аудитория белсенді қатысып, контент өндіріп жатыр.

Міне, сондықтан Internews бұл тәжірибені жалғастырып, 2023 жылы жобаларды қолдау үшін «Шағын грант» жалпы байқауын жариялады. Яғни, серіктестер классикалық сипаттағы контент өндірісіне берілетін гранттан бөлек, медиаға аудитория тарту бойынша іс-шаралар өткізу және соған арналған әдіс-тәсілдерді пайдалануға да қолдау алуына мүмкіндік туды. Байқауға өтініштер 2022 жылғы 26 қазан мен 20 қараша аралығында қабылданды.

Осы аралықта «Шағын грант — 2023» байқауына Қазақстанда барлығы 163 өтініш келіп түсті. Оның 70-і қазақ тіліндегі, (53-і контент өндірісі, 17-сі аудитория әлеуетін арттыру элементімен), 93-і орыс тіліндегі жоба (49-ы контент өндірісі, 44-і аудитория әлеуетін артыру элементімен) болды.

Қазақ және орыс тілдеріндегі жобаларды техникалық іріктеу бөлек-бөлек жүргізілді. Техникалық іріктеу нәтижесінде қазақ тілінде 15, орыс тілінде 15 үміткер онлайн-питчиңге (жобалар презентациясы) шақырылды. Питчиң те бөлек-бөлек: 7 желтоқсанда қазақ тіліндегі жобалар презентациясы, ал 8 желтоқсанда орыс тіліндегі жобалар таныстырылымы өтті. Питчиңде әр авторға идеясын таныстырып, сарапшылар сұрағына жауап беруіне 15 минут берілді. Питчиң 5 сағатқа жалғасты. Сол күні екі грант комиссиясының да қорытынды отырыстары өтті. Питчиңнен кейін жеңімпаздарды таңдауға арналған қорытынды отырыс қызу пікірталас пен талқылауға айналып, әдетте екі сағаттай болады.

«Шағын грант — 2023» жеңімпаздарын жарияламас бұрын, атап өтер жайт — қазақстандық медиа мен авторлардың YouTube жобаларға деген қызығушылығы (бесінші жыл қатарынан) жоғары болып отыр. Бір ерекшелігі — өтініш берушілер бұған дейін YouTube-та көбіне сұхбат жоба жасағысы келсе, қазір видеоформаттың алуан түрін: қысқа пруф-видеодан бастап көпсериялы документал хикаяларға дейін ұсынып жатыр. Қазақстандық басылымдар «классикадан» да бас тартпай, әлі де мәтін материал, соның ішінде ұзақ уақыт оқуға арналған лоңрид жасауды қалайды. Жылдан жылға кәсіби емес контент-мейкерлер де бәсекеге шыдас беретін өнім ұсынып жатыр.

Қазақстандық авторлардың мықты қыры – қызық, таңсық, көп айтыла бермейтін тақырыптар мен ерекше кейіпкерлер таба білуі. Internews қызметкерлерінің айтуынша, өтініш берушілердің идеясын таныстыру барысындағы сенімділігі жылдан жылға артып, бюджетін де әбден пысықтап ұсынатын болыпты. 

«Бұл байқау әріптестеріміздің медиаменеджмент, медианы басқару машығын дамытуға көмектесетінін түсіндік. Бастапқы жылдары көбі жоба бюджетін, өндіріс циклі мен іске асыру мерзімін жоспарлаудан қиналса, қазір толтырылған өтініштер әбден пысықталған. Әріптестеріміздің кәсіби машығы жақсара түсіп, шыңдалып жатқанына қуаныштымыз. Шынтуайтына келсек, бізге де оңай емес. Бұл жолы питчиң кезеңіне өткен командалардың бәрі де мықты идея ұсынған. Қазылар алқасына да оңай соқпады. Бәріне бірдей грант бергіміз-ақ келеді», — дейді Internews өкілдігінің контент өндірісі жөніндегі сарапшылары.

«Шағын грант — 2023» байқауында 13 жоба жеңіске жетті.

6-ы қазақ тіліндегі (үшеуінің аудитория әлеуетін арттыру элементі бар) жобалар:

  • Дилара Иса, тұрмыстағы зорлық-зомбылық мәселелеріне арналған 4 лоңрид.
  • Әйнел Әмірхан YouTube-тағы «Көрінбейтін әйелдер» жобасы аясында әйелдер тақырыбында видеокаст сериясын бастайды. Сондай-ақ, аудитория әлеуетін арттыру үшін бірнеше офлайн-кездесу ұйымдастырады.
  • Әсем Жәпішева мен оның командасы YouTube-тағы «Тіл кеспек жоқ» жобасының ішінен «Жылнама» деген айдар ашады. «Жылнама» — Қазақстандағы тарихи оқиғаларға арналған бес видеошолу. Талдау мен сарапшылар пікірі бар.
  • Асқар Ақтілеу Tilshi.kz командасымен бірге Isker Tilshi деген жоба аясында шағын және орта кәсіп өкілдерімен іскерлік таңғы ас өткізіп, өңірдегі мәселелерді қозғап, шешімін іздеуді жоспарлап отыр.
  • Әлібек Нүркеш, PostScriptum жобасы — ішкі және сыртқы саясаттағы оқиғаларға сарапшылар кәсіби пікір білдіретін шағын видеороликтер мен мәтіндер сериясы.
  • Есенгүл Кәп (Minber.kz ақпарат агенттігі) мүмкіндігі шектеулі адамдардың проблемасына жауапты билік өкілдерімен онлайн-кездесулер өткізеді.

Қалған 7 жоба орыс тілінде (екеуінің аудитория әлеуетін арттыру элементі бар) болады:

  • Асхат Ниязов, YouTube-тағы «Обожаю!» арнасында адамдар мен әкімдер туралы видео-әңгімелер сериясы.
  • Ольга Малышева, Қазақстан өңірлерінде театрды дамытып жүрген жас мамандар туралы материалдар сериясы, «Оля ведёт в театр» жобасы.
  • «Мой город» басылымының «За чертой» жобасы. Оралға жақын маңдағы адамдар неліктен саяжай жері мен саяжай серіктестерінде тұруға мәжбүр екенін зерттейтін материалдар.
  • «Диапазон» газетінің редакциясы қарттар туралы және қарттарға арналған материалдар сериясын жариялап, зейнетақы дегеніміз – өмірді сүру ғана емес екенін көрсетпек.
  • Евгения Бодрова мен Максим Рожин, YouTube-тағы AntiFake жобасы жалған ақпарат, пропаганда туралы айтып, бұған қалай қарсы тұруға болатынын түсіндіреді.
  • Veters.kz басылымы, редакция жанынан birdwatching қауымдастығын құрып,  ата-аналар мен балаларды тартпақ.
  • YouTube-тағы «Микры» жобасы. Бұл жобаны бір ауладағы бірнеше үйде тұратын көршілер жүргізеді, олар өз шағын әлемінің жақсартқысы келеді. Контент жасау мен аудитория ауқымын ұлғайтуды жоспарлап отыр.

Internews командасы жеңімпаздарды құттықтайды, байқауға идеясын ұсынып, сенім білдірген қатысушылардың бәріне алғыс айтады, идеясы іріктеуден өте алмаған өтініш иелеріне еш қамықпай, идеясын шетке ысырып тастамай, жүзеге асырудың басқа амал-тәсілін іздеуді өтінеді. 

Жоба АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында жүзеге асады.