ОқиғаларАуыл тұрғындарының үнін жеткізетін «Ұмытылған» медиажобасы

Ауыл тұрғындарының үнін жеткізетін «Ұмытылған» медиажобасы

Айсұлтан Жақыповтың «Ұмытылған» медиажобасы Ұлытау мен Қарағанды облыстарындағы ауылдардың мәселесін жария етіп, тұрғындардың үнін жеткізді. Автор жоба аясында барлығы 12 фильм жариялады. «Ірі грант — 2021» контент жасау бойынша идеялар байқауында жеңіске жетіп, қолдауға ие болған «Ұмытылған» медиажобасы туралы бұған дейін де жазғанбыз. Автор сол кезде 8 фильм түсірген. Міне, содан кейін де бірнеше фильм шықты.

Айсұлтан Жақыпов, «Ұмытылған» медиажобасының авторы / Қарағанды облысы, Шет ауданы, Дәрия кенті

— Бұл 12 ауылдың көбіне ортақ мәселе — жайылым мен егістік жер тапшылығы, ауылға апаратын тас жолдың болмауы немесе нашар болуы, электр желілерінің тозғаны сынды дүниелер, — деді Айсұлтан Жақыпов.

Автор барлық ауылға барып, көріп, ақиқатына көз жеткізген. Мәселен, «Тораңғылық — хостел ауыл» фильміне арқау болған ауылды былай таныстырады:

«Баяғыда дейді осы ауылда бау-бақша суаруға көлдің суы, адамдарға тұщы су, үй жылыту құбырлары келіп тұрған.
Құс фабрикасы болған…
Тәуелсіздіктен бері санағанда кейінгі жылдары 2-3 мәрте ауыз су мен жылу құбыры тартылмақ болып, тас жолдың астына құбыр салған кездері де болыпты…
Әзірге нәтиже жоқ…
Тұрғындар екі айға жетер-жетпес көлге түсу маусымында демалушыларға үйін жалға беріп, күз бен қыста балық аулап күнін көреді…».

Айсұлтан Жақыпов «Қар құрсауындағы Қарғалы» фильмінде Қарғалы ауылын «Қысқы “ұйқыға“ кететін ауыл…» деп айтады. Бұл ауылға жету үшін ауданаралық жолдан түскен соң 30 шақырымдай жүру керек екен. Дала жолы тарам-тарам. Бас-аяғы 20-ға жетпес түтін бар екен.

— Жазда ештеңе емес қой. Қыста сол 30 шақырым жол бітеледі. Адамдар қысқа қажет дәрі-дәрмек, азық-түлігін күзде жеткілікті етіп алып қояды. «Жол салып бермей-ақ қойсын тек, жаңа жыл мен наурызда ашып берсе, балаларымыз каникулда үйге келе алса болды», -деп отыр, — дейді Айсұлтан Жақыпов.

«Ұмытылған» медиажобасы аясында хал-ахуалы жалпақ жұртқа мәлім болып, үні жоғарыға жетіп, талай жылдан жалғасқан проблемасы ептеп шешіле бастаған ауылдар да бар. Соның бірі «Жол сұраған бес ауыл…» фильміндегі ауылдар. Бұл ауылдардың үлкен проблемасы — нашар жол екен. Фильм шыққаннан кейін сол мәселе оң шешімін тауыпты.

— Қарағанды облысының Сарыбел ауданы мен Бұқар жырау аудандарына қарасты бір сызықтың бойында орналасқан бес ауылға тиесілі 25 шақырымдық жол мәселесін көтердік. Ол фильмнің әсері араға ай салып тиді. Қазіргі таңда Сарыбел ауданына тиесілі жол бөлігіне шебен тасы төселді, — дейді Айсұлтан Жақыпов.

Жобаға кейіпкер тағы бірнеше ауылдың мәселесі шешілгенін бұған дейін жазғанбыз. Мысалы, Қарағанды облысы, Бұқар жырау ауданына қарасты Шешенқара ауылының ішкі жолымен карьерден жүк таситын ауыр көліктер өтіп жүрген. «Шешенқара. Жолын күлмен бітеген ауыл» деген фильм шыққаннан кейін сол жүк көліктері ауыл сыртымен өтетін болыпты.

— Ал Қарағанды облысы, Сарыбел ауданына қарасты «Русская Ивановка» ауылында перрон мәселесі мен су колонкасының жағдайын көрсеткеннен кейін екі проблем де оң шешімін тапты. Ауыл тұрғындары 24 сағат бойы су колонкасын тоққа қоса алатын мүмкіндікке ие боп, пойызға міну үшін перрон ретінде блок қойылды. Орын кәдімгідей биіктеп, тұрғындар дән риза, — дейді автор.

Ал «Ақшатау — үні үкіметке жетпейтін мекен…» фильмінде айтылған Ақшатау кентінің су мәселесі шешіліп жатыр.

— Ақшатау кентіне су қазір 48 метрлік скважинадан келіп тұр. Күніне 22-24 куб су пайдаланады екен. Мыңға жуық тұрғыны бар ауыл. Қазір скважинаның жанынан басқасын қазып жатыр, — деп жазады Айсұлтан.

«Ұмытылған» медиажобасы ауылдардың проблемасынан бөлек, тарихын да таныстырады. Мысалы, «Бектау ата — аңыз бен ақиқат мекені» фильмі. Бектау ата тауы “Қазақстанның 100 киелі орны“ тізіміне енген. Бектау ата жайлы аңыз көп. 

– Біз түсірген оқиға да кейін ел арасына аңыз боп тарары һақ. Оқиға кейіпкерлерінің арасында фәниден бақиға аттанып үлгергендер де бар екен… Меніңше, мұндай азаматтардың еңбегі ұмытылмауы тиіс, – дейді жоба авторы.

Автор жобаны көпке танытып, ілгерілету үшін YouTube-тегі арнасынан бөлек, басқа әлеуметтік желілерді пайдаланған. Әсіресе, TikTok-тағы парақшасында видеолар мыңдаған қаралым жинап, қолданушылар көп комментарий жазған. 

— Әлеуметтік желілердегі қысқа видеоларды қосқандағы жалпы жиынтығы 120-150 мың қаралымды жоспарлағанбыз. Қазір санап отырсақ, көздеген межеден асып жығылыппыз. Тиктоктағы қысқа видеомыздың ішінде 10-20 мың қаралым жинаған үзінділер де бар. Жалпы әр ауыл жайлы түсірілімнің толық нұсқасы ютубқа жүктеп, үзінділерін Facebook, Instagram, TikTok-тағы парақшаларға жүктеп отырдым, — дейді Айсұлтан Жақыпов.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи