Оқиғалар«Ұмытылған» медиажобасы ұмыт қалған ауылдарды түгендейді

«Ұмытылған» медиажобасы ұмыт қалған ауылдарды түгендейді

Ұмыт қалған ауылдардың ахуалын атқарушы биліктің есіне салатын «Ұмытылған» бейнежобасы сол ауылдардағы біраз мәселенің оң шешілуіне ықпал етіп жатыр. Жоба авторы Айсұлтан Жақыпов Қарағанды облысындағы кезінде дүркіреп, комбинаты, зауыты, стадионы, мектебі, емханасы болған үлкен ауылдар мен сайын даланың қуысында жатқан шағын ауылдарға барып, фильм түсіреді. YouTube-арнасында жариялайды. Ол бұл жобасын «Кезінде дүрілдеген ауылдардың қазіргі келбетін көрсететін жоба. Негатив ғана емес. Барын бар, жоғын жоқ дейтін жоба» деп таныстырды. Айсұлтан таяуда Сарыөзек ауылдық округіне қарасты Русская Ивановка ауылы туралы «Русская Ивановка. Забытые акиматом» деген фильм түсіріп, сондағы негізгі мәселенің шешілуіне қозғау салды. 

— Ауылдағы көп проблемасының ең негізгісі — ауыз су екен. Мұнда су құбыры тартылмаған. Фермерлер, шамасы жететін тұрғындар өздері үйінен ұңғыма қаздырып алған. Бірақ бұған бәрінің бірдей шамасы келмейді. Ұңғыманың 1 метрін 15-20 мың теңгеге қазады. Ал су 8-10 метр тереңдіктен шығады. Кезінде осы ауылда бәріне ортақ ұңғыма қазылған екен. Ұңғымадан су шығаратын сорғыны мектептің электр қуатына жалғап, сол ұңғымадан су тартып ішіп отыр. Алайда ұңғыманың мектепке еш қатысы жоқ. Мектептің есептегіші айналған соң мектеп директоры белгілі бір уақыт аралығында ғана су беріп жүрген. Мәселен, дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 10:00-13:00 аралығында су қосатын болған. Басқа уақытта су алғысы келетіндер ұңғымаға жақын жердегі үйден ток ұзартқыш жалғап, сорғыны қосып, су алады. Ай соңында әркім 200-500 теңгесін жинап береді. Ауылдағы тағы бір мәселе — жел тұрса, жарық сөніп қалады. Жолы да нашар. Қыста жол жабылып қалады, фермерлер қарды аршып, жолды тазартып бермесе, тұрғындар қалаға қатынай алмайды. Ең жақыны — ауылдан 20 шақырым жердегі Теміртау қаласы, — дейді Айсұлтан Жақыпов.

«Ұмытылған» жобасы аясында осы ауылда түсірген фильм шыққан соң, әкімдік ауыз су мәселесін шешуге уәде беріпті. 

— Әкімдігі жиналыс өткізіп, «Ауылға ортақ ұңғымаға жеке есептегіш құралын қою және сорғыны ауыстыруға 300 000 теңге бөлінді», деп хабарлады. «Ешкімнің үйінен ұзартқыш тартпай, ұңғыманың жанынан электр бағанына жеке ток шығарамыз» деді. Қашан орнатып, қашан істейтіні белгісіз. Ауыл тұрғындарынан сұрастырып отырмын. Орындалса, не видео сұратамын не тағы барып түсіремін. Бірақ ауылға баратын жолы өте нашар, — дейді Айсұлтан. 

Ол «Ұмытылған» жобасы аясында барлығы 12 фильм жариялайды. Әзірге 8 фильм шықты. 

Айсұлтан Бұқар жырау ауданындағы Ақөре ауылын «Ақөре ауылында жастар жоққа тән. Бар болса да жазғы демалыс кезінде жүр. Бұқар жырау ауданына қарасты ауылдардың көбінің халы мүшкіл. Кейбірі тоқсаныншы жылдарда қалып кеткендей…» деп сипаттайды. 

Айтпақшы, «Ақөре. Ауылдан ел кетсе жұт…» деген фильм шыққан соң, Ақөре ауылының орта мектебі әзірге жабылмайтыны жайлы ресми қоңырау келіпті. 

«Ұмытылған» жобасының тағы бір қуанышты жаңалығы — Шешенқара ауылының тұрғындарын әбігерге салған мәселенің шешілуіне ықпал етті. 

— «Шешенқара. Жолын күлмен бітеген ауыл» деген фильмді Бұқар жырау ауданының Шешенқара ауылында түсірдік. Бұл ауылдың басты мәселесі — көше арасындағы жолдар және ауыр жүк көліктерінің ауыл жолдарын құртып жатқаны. Сондай-ақ, аудан орталығынан 20 шақырым жерде орналасқан 200 үйлі ауылға жедел жәрдем келмейді екен. Фильм шыққан соң, Шешенқара ауылының ішкі жолымен жүк көліктері жүрмейтін болды, — деді жоба авторы.

Айсұлтанның мақсаты — іргелі медиа назарынан тыс қалып жататын ауылдардың мәселесіне көпшіліктің назарын аударып, ауылдардың қазіргі жағдайын көрсету екен. 

— Десе де қазір ауыл адамдарын сұхбатқа, камераға тарту өте қиын. Көбі өтіріктен шаршаған, сенімі жоғалған. Түсірілімге келісе бермейді. Көп ауылда интернет жылдамдығы өте нашар, тіпті EDGE байланысы да жоқ ауылдар бар, — дейді Айсұлтан Жақыпов. 

Автор Балқаш көлінің жағасындағы елдімекен туралы фильм түсіруді жоспарлап отыр. Кезінде құс фабрикасы болған ауылдың бүгінгі бар кірісі — екі айлық шомылу маусымында келушілерге қызмет ұсыну ғана. Тағы бірнеше ауылға барады. 

— Шет, Ақтоғай аудандарындағы бірнеше ауылды түсіреміз. Көлігіміз жете алса, баруды жоспарлаған ауылдар да бар. Ауылдар мәселесінен бөлек, ауылдарды жандандыру үшін істеліп жатқан жұмыстардың мардымсыз нәтижесін де көрсетеміз, — деді Айсұлтан. 

Айта кетейік, Айсұлтан Жақыповтың «Ұмытылған» жобасы АҚШ Халықаралық даму агенттігінің (USAID) қолдауымен Қазақстандағы Internews өкілдігі жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында ұйымдастырылған «Ірі грант — 2021» контент жасау бойынша идеялар байқауында жеңіске жетіп, қолдауға ие болған. 
Ол бұған дейін продакшен-гранттар қолдауы аясында «Сүйрік» жобасын сәтті жүзеге асырды.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи