Алматыда бесінші жыл сайынғы #MediaCAMP Fest 2023 басталып, Fest Ashar шымылдығын The Steppe Sons этно тобы ашты.
Содан кейін қонақтарды Орталық Азиядағы Internews өкілдігінің басшысы Марат Бигалиев құттықтады:
— Осы фестивальді ұйымдастырған үлкен ұжым атынан сіздерге сәлем жолдап тұрғаныма қуаныштымын. Біз фестивальде Орталық Азия БАҚ-ының өткенін, бүгіні мен болашағын айтып, деколонизация туралы, журналистердің қауіпсіздігі жайлы және аймағымыздағы басқа да көптеген маңызды жайтты талқылаймыз. Фестиваль MediaCAMP Award байқауының жеімпаздарын салтанатты марапаттау рәсімімен аяқталады. Биыл журналистерден 652 өтініш түсті. Бесінші рет ұйымдастырылған фестиваль 33 ментор мен сарапшының басын қосты. Олардың 31-і Орталық Азия елдерінен келіп отыр. Ең алғашқы фестивальде сарапшылардың көбі алыс шетелден келген еді.
Әріптестерім атап өткендей, аймақтық фестиваліміз Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында өтіп жатыр. Мен USAID-ке осы фестивальді ғана емес, басқа да көптеген іс-шараны, медиа қауымдастығын қолдағаны және Орталық Азияның медиа ортасындағы жағдайды жақсартуға атсалысып жатқаны үшін алғыс білдіргім келеді.
Ашылу салтанатында Орталық Азиядағы USAID-тің демократия және денсаулық сақтау мәселелері жөніндегі офисінің директоры Робин Мардюс:
— Тарихи контентті білу қазіргі жағдайды талдап, түсініп, құрметтеуге және заманауи диджитал-трендтерді байқауға мүмкіндік береді. Бұл медианың кәсіби мамандарына болашақта ұшырасатын қиындықтар мен мүмкіндіктерге алдын ала қамданып, дайындалуға көмектеседі.
COVID-19 пандемиясы кезінде жалған ақпараттардың жойқын әсерін сезіндік. Жалған ақпараттарды емес, фактіні тауып, тарату ісінде журналистер мен жаңа форматтар маңызды рөл атқарады. USAID медиасауат пен сапалы кәсіби журналистиканы дамытуға болысады. Біз бірігіп, маңызды оқиғалар жайлы мыңдаған материал жасаймыз, – деп атап өтті.
Kaspi.kz атқарушы директоры Маржан Елшібаева:
— Internews-те 12 жыл қызмет еттім. «Бұрынғы интерньюстік» деген болмайды. Журналистика, БАҚ дегеніміз — үнемі оқып-үйреніп отыруды қажет ететін кәсіп. Internews қабырғасында осы кәсіптің қыр-сырына: тақырып қою, материал жазу, репортаж жасауға баулиды.
Қазір бизнес саласында жұмыс істеймін және қоғам әрбір сөзге мән беретінін атап өткім келеді. Дипфейк, жасанды интеллект технологиялары дүрілдеп тұрған заманда бір ғана үтір тарихи оқиғалардың беталысын өзгертіп жібереді. Ал осы технологияларды кәсібімізге пайдалы жағынан қолдануды үйрететін ұйымдардың болғаны жақсы. Кәсібіміз өте маңызды. Бүгінгі таңда ақпарат – ақшадан да қымбат ең құнды ресурсқа айналды, – деді.
КИМЭП университетінің Әлеуметтік ғылымдар факультеті деканының міндетін атқарушы және Медиа және Коммуникация кафедрасының меңгерушісі, доктор Милен Филипов фестиваль қатысушыларына асқан ілтипат білдіріп, оларға қарата:
— Сіздер әр адамның күнделікті өмірде бағыт-бағдарын айқындап, шешім қабылдауына көмектесесіздер. Өткен шақ – ең мықты үйретуші. MediaCAMP фестиваліне қатысқанымыз да керемет тәжірибе.
Мен 2017 жылы Болгариядан келдім. Соған дейін Орталық Азия туралы көп жайтты білмейтін едім. Осында студенттерден көп нәрсені, ең бастысы медианың білім беру ісінде қандай маңызды рөл атқаратынын, жұртшылыққа әлемді танытып, қиын жағдайдарға түсіп қалудан қалай сақтандыратынын білдім, – деді.
КИМЭП университетінің Медиа және Коммуникация кафедрасының аға оқытушысы Салтанат Қажымұратова Fest Ashar фестивалінің құттықтау бөлімін аяқтады:
— КИМЭП – түрлі іс-шараларға әрдайым есігі айқара ашық орта. Біз біраз уақыттан бері Internews-пен жұмыс істеп, осы ынтымақтастығымыз жалғасып келе жатқанына қуаныштымыз. Кафедрамыз медиаиндустрия мамандарын дайындаумен айналысады. Мұнда практикаға көп мән береміз. Оқу бағдарламасына бүгінгі таңдағы қажет машықтар мен құзіреттіліктерді: диджитал журналистика, подкастиң, SMM, медиа және ақпараттық сауаттылыққа жақындатуға тырысамыз, – деді.
MediaCAMP Fest фестивалі Америка халқының АҚШ Халықаралық даму агенттігі (USAID) арқылы көрсеткен қолдауына мүмкін болып, USAID қаржылай қолдауымен Internews жүзеге асыратын Орталық Азияның MediaCAMP бағдарламасы аясында өтеді. Мазмұнына Internews жауапты және мазмұны USAID не АҚШ үкіметінің көзқарасымен сай келмеуі мүмкін.
Биыл MediaCAMP медиафестивалінің бас серіктесі Kaspi.kz боп отыр. Фестивалді KIMEP-тің Медиа және Коммуникация кафедрасы мен Душанбедегі ЕҚЫҰ Бағдарламалар офисі де қолдады.