ГранттарЕларалық командалар арасында контент шығаруға берілетін грант алуға байқау

Еларалық командалар арасында контент шығаруға берілетін грант алуға байқау

Internews еларалық командаларды Орталық Азиядағы аймақтағы ынтымақтастыққа сеп болатын өзекті тақырыптарға контент шығаруға берілетін грант алу үшін байқауға қатысуға шақырады. Байқау Internews Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен Орталық Азия елдерінде 2024 жылғы 1 сәуірден бастап іске асырып отырған «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» жобасы аясында өткізіледі.  

Тәуелсіз қазылар алқасы әрқайсысының бюджеті 10 мың евродан тоғыз үздік өтінішті (Орталық Азияның әр елінен екі-үшеуден) іріктеп алады. Өзбекстаннан қатысатын командалар 5 мың евродан аспайтын сомаға өтініш бере алады, ол сома стипендия түрінде ұсынылады. 

Internews байқау жеңімпаздарына тренингтерге, вебинарларға, менторлық бағдарламаларына қатысуға, сондай-ақ контент сапасын арттыру үшін үздік медиаэксперттердің кеңесі мен қолдауын алуға мүмкіндік береді.

Жобаларды іске асыру мерзімі  — 11 айға дейін (Өзбекстаннан қатысатын командаларға — 8 айға дейін), жоба басталатын болжамды мерзім  — 2024 жылғы 1 тамыз. 

Кім-кім қатысуына болады?

Байқауға жергілікті тәуелсіз медиа, продакшн-студиялар, шығармашылық бірлестіктер, үкіметтік емес қоғам ұйымдары (ҮЕҰ) және өзге де мүдделі контент шығарушылар (блогерлер, фрилансерлер, журналистер, т.б.) қатыса алады. 

Маңызды шарттар: 1) өтініш беруші жергілікті заңнама талаптарына сай заңды тұлға ретінде тіркелген болуға тиіс (Өзбекстандық қатысушылардан өзгесі, оларға қаржы стипендия түрінде беріледі); 2) өтініш беруші өзге ОА елдерінен бір не бірнеше серіктеспен бірлесіп өтініш беріп, жобаны іске асыруға тиіс болады. 

Қандай жобалар іздейміз?

Жоба аясында шығатын контент Орталық Азия тұрғындарының қоғамдық маңызы бар сапалы ақпаратқа қол жеткізуін жеңілдетіп, тұтынылатын ақпаратты талдау мен сапартау машығын арттыруға, азаматтардың өз өмірінің сапасын жақсарту жөнінде негізді шешім қабылдауына ықпал етеді, оған қоса:

  • өзекті оқиғалар мен процестер тұтас аймаққа және әр жеке елге қалай ықпал ететінін жақсырақ түсінуге мүмкіндік береді;
  • жалған ақпарат пен фейктерге қарсы тұрып, олардың табиғаты мен мақсатын түсіндіреді;
  • ғадауат тіліне және түрлі әлеуметтік топтар арасындағы өшпенділіктің өршуіне қарсы тұрады; 
  • аймақтағы сауда-экономикалық интеграция мүмкіндіктері жаһандық нарыққа шығу үшін қаншалық маңызды екенін көрсетеді; 
  • еңбек миграциясы тақырыбын және оның ОА халқына, әсіресе әйелдер мен қыздарға ықпалы тақырыбын ашады;
  • аймақтағы экология, климат өзгеруі және су ресурстарын пайдалану тақырыбын ашады; 
  • маңызды геосаяси мәселелерді, соның ішінде аймақ пен елге ықпал етіп отырған соғыстар мен қақтығыстар мәселелерін жариялайды; 
  • Орталық Азия аймағында бейбітшілік орнатып, оны ұстап тұру және толеранттықты дамыту идеяларын нығайтады;
  • түрлі аудиториялар арасында диалог орнатуға сеп болып, сол қауымдар арасында тоғысу және мәселелерді шешу нүктелерін табуға көмектеседі;
  • аймақтағы жалпы құндылықтар туралы пікірталастарға түрткі болып, халық арасындағы азаматтық белсенділік құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейтеді; 
  • әйелдер мен өзге осал топтардың жалпы мәселелерін, соның ішінде қоғамда тамыр жайып кеткен таптауырындарды және олармен күрес жолдарын көрсетеді деп күтеміз.

Жобаларды мынадай жанр/форматта ұсынуға болады: 

Жоба ұсыныстары сараптама, журналистік зерттеу, big data қолданылатын жарияланымдар, лонгридтер, арнайы репортаждар, деректі фильмдер, арт-контент (қысқа метрлі көркем фильмдер, әлеуметтік роликтер), сторителлинг, фактчекинг, деректану, сұхбат, ток-шоу сынды және басқа да түрлі жанрлар мен форматтарда контент жасауды көздесе дейміз.

Дайындық және өтініш беру сатылары: 

  1. Байқауға қатысу үшін ОА елдерінің бірінен не бірнешеуінен ықтимал серіктес табу, идеясын талқылап, жоба ұсынысын әзірлеу.
  2. Байқау туралы және өтініш пен бюджетті (егжей-тегжейі төменде берілген) толтыру туралы ақпараттық сессияға қатысу.
  3. Өтініш (ағылшын тілінде) пен бюджет (ссылка) үлгісін толтырып, құжаттар пакетіне қосып, «Еларалық жобалар байқауы» деп тақырып жазып,  2024  жылғы 30 маусым, Алматы уақытымен сағат 23:59 дейін Central-Asia-Applications@internews.org адресіне жолдау.
  4. Өтінішті орыс не ағылшын тілінде жазу керек.

Қосымша ақпарат:

Грант қаражатын контент шығару және шығарылған контентті жариялап-тарату, ілгері жылжыту барысындағы еңбек ақысын төлеуге, жұмыс сапарларына, операциялық шығындарға, құрал-жабдықты ішінара жаңартуға жұмсауға болады.

Құжаттар пакеті толық берілген өтініштер ғана қарастырылады (толық құжаттар пакетінің тізімін өтініш үлгісінен қараңыз). Internews бір не бірнеше құжаты берілмеген жоба өтініштерін қарастырмай қоюға қақылы.

Байқау кезеңдері:

Бірінші кезең: жоба ұсыныстарын техникалық тұрғыдан іріктеу (құжаттар пакеті толық болғанын, байқау шарттарына сәйкестігін тексеру). 

Екінші кезең: байқау мақсаттарына барынша сай келетін жоба өтініштерін іріктеп алу (шорт-листинг). 

Үшінші кезең: екінші іріктеу кезеңінен өткен жоба командаларының (финалистер) жобасын таныстыратын питчингі. 

Төртінші кезең: питчинг нәтижелеріне қарай жеңімпаз командаларды жариялау. Байқаудың қазылар алқасы жеңімпаздар мен резерв командаларды анықтайды. 

Байқау қорытындысы:

Байқау жеңімпаздары тізімі 2024 жылғы шілдеде жарияланады. Жеңімпаз командаларға қазылар алқасының ескертулеріне қарай жобасын жетілдіріп, түпкілікті бюджетін құрап, қажет құжаттарын жинауға бір апта беріледі. Командалар жобасын іске асыруды шартқа қол қойылғаннан кейін бастайды.

Іріктеу шарттары:

  • Орталық Азия елдерінің бірінде жергілікті заңнамаға сай заңды тұлға (ЖК, ЖШС, ЖШҚ, ҚБ және т.б.) ретінде тіркелген болуы керек (Өзбекстаннан қатысатын командалардан өзгесі);
  • контент шығарудағы тәжірибесі бір жылдан кем болмауы керек;
  • команданың да, жеке мүшелерінің де жұмыстар портфолиосы болуы керек;
  • толық құжаттар пакеті болуы керек (тізімді өтініш үлгісінен алуға болады);
  • идея бірегей, түпнұсқа, креатив және жаңашыл болуға тиіс;
  • жоба ұсынысы байқауда жарияланған тақырыптарға сай болуға тиіс;
  • кең аудитория қол жеткізе алатындай (контент таралуы) болуы керек;
  • жобаны іске асыруға керек техникалық базасы болуға тиіс;
  • команда мүшелері CARAVAN жобасы аясындағы үйретуші іс-шаралардың бәріне белсене қатысуға келісуі керек;
  • сапалы журналистиканың кәсіби және этика стандарттарын толық ұстану керек.

Мынадай командаларға басымдық беріледі:

  • түрлі форматта контент шығара алатын; 
  • ақпарат таратудың алуан түрлі арналарын қолданатын;
  • контентті жергілікті тілдерде шығаратын және/немесе сол тілдерге бейімдей алатын; 
  • еларалық жобаларға қатысуда және/немесе сондай жобаларды іске асыруда тәжірибесі барын дәлелдей алатын. 

Ақпараттық сессия:

2024 жылғы 5 маусымда Алматы уақытымен сағат 15.00 Internews ақпараттық сессия өткізеді. Ол сессияда байқау шарттары туралы толығырақ ақпарат және өзіңізге қызық сұрақтарыңызға жауап ала аласыз. Өтініш берушілер сессияға Zoom платформасында онлайн қосыла алады. Ақпараттық сессияға қатысу үшін мына сілтемеге өтіп, онлайн тіркеліп қойыңыз. 

Internews жоба командаларына жобаны іске асыру барысында мынадай қолдау көрсетеді: 

Байқау жеңімпаздары вебинар, тренингтерге қатыса алады, сондай-ақ оларға менторлардың қолдауы ұсынылады. Үйрету редакция саясаты, фактчекинг, деректерді талдау, цифрлық мультимедиалық баяндау, сондай-ақ цифрлық және құқықтық сауат және жеке бас қауіпсіздігі сынды негізгі салалардағы білім мен машықты арттыруды көздейді.  Серіктестердің қажетіне қарай контентті тарату және табыс көзін әртараптандыруды көздейтін бизнес-жоспарлар әзірлеу жөнінде де оқыту-үйрету шаралары өтуі мүмкін. 

Тағы сұрақтарыңыз бар ма?

Бізге хабарласыңыз! Central-Asia-Applications@internews.org электрондық поштасына жазған хаттардағы сұрақтарыңызға қуана жауап береміз. Хаттың тақырыбын «Еларалық байқаулар жобасы» деп қоюды ұмытпаңыз.

Байқау жобасы Еуропалық Одақтың қаржылай қолдауымен іске асырылып отырған «Шынайы әңгімелер көмегімен аудиторияның төзімділігін арттыру (CARAVAN)» жобасы аясында өтеді.

ПОХОЖИЕ МАТЕРИАЛЫ

spot_img

Популярные статьи